Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға тыйым салу жоспарланып отыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Оның айтуынша, зейнетақы қаражатын белгілі бір мақсаттарға пайдалану заңмен бекітілген, сондықтан бұл тәртіпке өзгеріс енгізу көзделмеген.
– Бұл заңнамада нақты белгіленген және рұқсат етілген. Сондықтан оны тоқтату немесе қайта қарау мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Әр азамат өз шешімін өзі қабылдайды. Қазір азаматтар бұл тетікті түсіне бастаған. Кейбірі қолданса, енді бірі болашақтағы зейнетақысын жоспарлап, жинағын қозғамауды жөн көруде, – деді Шәріпов.
Сарапшының айтуынша, зейнетақы жинағының бір бөлігін қолданғандар қосымша төлемдерін көбейтіп, келешектегі қаржылық қауіпсіздігін де есепке алуда.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар 2021 жылдан бері зейнетақы жинағының белгілі бір мөлшерін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу сынды қажеттіліктерге пайдалана алады.
Фото: egemen.kz





