Тотыдай түрленген Талдықорғанда өндіріс орындарының іргесі кеңейіп келеді. Аталмыш салаға бағытталған инвестиция көлемі де жыл санап артып отыр. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қаладағы кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен «Қайнар АКБ» ЖШС аккумулятор шығаратын зауыттың екінші нысанына барды. Жаңа зауытта өндірістік мақсатта пайдаланатын аккумулятор батареялары шығарылмақ. Яғни, электр энергиясы сөнген жағдайда осы аккумуляторларға жиналған тоқ көзі электр желісіне беріледі. Бұл аурухана, ойын-сауық кешендеріне ауадай қажет. Зауыт қыркүйек айында іске қосылмақ. Қазір аталған өндіріс ошағында көлемді ұлғайтып, өнімді арттыруға бағытталған қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Отандық тауар ішкі нарыққа және көршілес елдерге экспортталады.
– Зауытты екінші жарты жылдықта қосамыз. Біз жылына 220 мың аккумулятор шығаруды көздейміз. Сонымен қатар, кәсіпорынға биыл 150 адам, келер жылы тағы да 150 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Өнім облыстан бөлек, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей елдеріне экспортталады, – деді «Қайнар АКБ» ЖШС басшысы Ербол Ажмағанбетов.
Осыдан кейін Бейбіт Исабаев «Басқуат Энерго» ЖШС-на бас сұқты. Қалада зәулім сарайлар мен көпқабатты үйлер бой көтеруде. Осыған орай электр және жылу энергиясы тапшылығы болмас үшін кәсіпорын электр қуаты 84 МВт-тық, жылу қуаты сағатына 59 Гкал-лық газтурбиналық стансы салуда. Қазіргі уақытта мұнда электр қуаты 35 МВт. және жылу қуаты 26 Гкал/сағ. поршенді турбина орнатылып, монтаждау және іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
– Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша 65 пайыз жұмыс аяқталды. Екінші кезеңде электр қуаты 35 МВт. және жылу қуаты 26 Гкал/сағ. болатын поршенді турбина орнатылады. Жоба 2027 жылдың алғашқы жартысында аяқталады, – деді «Басқуат Энерго» ЖШС директоры Арман Отарбаев.
Келесі кезекте аймақ басшысы кірпіш шығаратын «Стальбетон» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Мұнда 90 пайыз жұмыс аяқталыпты. Кәсіпорын бір жарым айда іске қосылмақ. Әзірге өндіріс ошағында 30 адам жұмыс істейді. Барлығы жергілікті тұрғындар. Зауыт толық іске қосылса тағы 40 адам жұмыспен қамтылмақ. Ең кереметі, жұмысшыларға арналған 70 орынды жатақханасы бар екен. Мамандардың айтуынша, өндіріс ошағында жылына 150 мың текше метр кірпіш шығару жоспарлануда.
– Жер жаннаты Жетісуда туып-өскендіктен кәсібіміздің барлығын осы өңірден аштық. Мақсат – облыстың өркендеуіне кішкене болса да пайдамызды тигізу. Кірпіш зауытына 3 млрд. теңге қаржы салдық. 2022 жылы бос тұрған нысанды реконструкция жасап, Қытайдың «Дуния» деген кірпіш шығаратын ірі компаниясымен келісімшарт жасап, осы жобаны бастадық. 4,8 гектар жерді жалға алып, 2023 жылы ішкі жұмыстарын бастадық. Бұйырса, бір жарым айда зауыт іске қосылады. Күніне 500 текше метр кірпіш шығарамыз. Өнімді бірінші кезекте облыс жұртшылығына ұсынамыз. Өзіміздің де құрылыс компаниямыз бар, – деген «Стальбетон» ЖШС-нің коммерциялық директоры Динара Орынбасар алдағы уақытта облыстық әкімдікпен келісіп тағы бір зауыт салсақ деген ойы бар екенін жеткізді.
Айдар ҚАЛИЕВ