Адамзат баласын күні бүгінге дейін осынау шексіз-шетсіз ғарыш әлемінде жалғызбыз ба, әлде қиырдағы бір түкпірде біз сияқты тіршілік иелері бар ма екен деген жауабы жоқ бір сұрақ толғандырып келді. Ғылым мен білімнің қарыштап дамуы да бұл сұраққа көпке дейін нақты жауап бере алмады – өзге бір әлемдерде саналы тіршілік иелері болса, олар неге осы уақытқа дейін хабарсыз, үнсіз жатыр, олар қайда деген Ферми парадоксы шын мәнінде бас қатырарлық қиын түйінге айналды.
Қуанышқа орай, бүгінде бұл сұрақтың жауабы да айқындала бастағандай. Олай дейтініміз, заманауи «Джеймс Уэ́бб» ғарыш телескопы әлемнің қиырдағы бір түкпірлерінен тіршілік іздерін, нақтырақ айтатын болсақ биологиялық өмір белгілерін байқап қалды.
Бұл жерде «әлемнің қиырдағы бір түкпірлерінен» деп көпше түрде сөйлеп отыруымыздың да мәнісі бар. Аталған телескоп мұндай белгілерді бір ғана экзопланетадан емес, сондай өзге бір ғаламшардың айналасынан да тіркеді. Мұның өзі бізді ғарыш кеңістігінен тіршілік іздерін осы уақытқа дейін таба алмай келгеніміз зерттеу жабдықтарының, яғни телескоптың жетілдірілмегенінен болар деген тұжырымға әкеп тіремей қоймайды… Ал жаңа заманауи жабдықтың жөні бөлек.
«Джеймс Уэбб» қандай телескоп?
Сөз орайы келгенде «Джеймс Уэ́бб» ғарыш телескопы жайында бірер мәлімет бере кетейік. О баста 10 млрд. долларға бағаланған жоба аясында дайындалған телескоп Куру ғарыш айлағынан 2021 жылғы 25 желтоқсанда «Ариан-5» зымыранының көмегімен ұшырылды. Жабдықтары бірнеше кезеңде жинақталып, 2022 жылдың 24 қаңтарында Жер бетінен 1,5 млн. км. қашықтықтағы алдын ала белгіленген гало-орбитаға шығарылды. Сол жылдың жазында зерттеу жұмыстарын бастады.
Адамзат баласы осы уақытқа дейін ғарыш кеңістігіне шығарған ең ірі ғарыш телескопы электромагнитті сәулеленуді жер атмосферасы өткізе қоймайтындай диапазондарда, ең бірінші кезекте инфрақызыл диапазонда тіркеуге мүмкіндік береді. Атмосфераның әсері болмайтындықтан да бұл телескоптың бақылау, яғни көру қабілеті Жер бетіндегі дәл осындай нысаннан 7-10 есе жоғары.
Әрине, нәтиже де көп күттіре қойған жоқ. Алғашқы бір-екі айдың өзінде қиырдағы галактикалар ғана емес, өзіміздің Күн жүйесіндегі планеталар жайында да күтпеген мәліметтер жинақталды. 2022 жылы «Science» ғылыми журналы адамзаттың ғарыш жайындағы түсінігін түбірімен өзгерткен кереметтей жаңалықтары үшін телескопты «Жыл жетістігіне» балады.
Күтпеген құбылыс
Телескоп ашқан жаңалықтардың қатары 2024 жылы тағы бір тың мәліметпен толықты. Күн жүйесіне ең жақын орналасқан қызыл ергежейлі Центавр Проксимасының (Proxima Centauri) айналасындағы экзопланеталардың бірінен инфрақызыл сәулеленуге ғана тән айрықша белгі байқалды.
Алғашында бұған көп ешкім мән бере қоймады. Алайда тереңдете жүргізілген спектрографиялық зерттеулер нәтижесінде таңғаларлық жайт анықталды – Проксима b ғаламшарының атмосферасынан көмірқышқыл газы мен метанға, су буына тән белгілер көрініс берді. Аталған газдардың биологиялық белсенді ортада ғана пайда болатынын ескерсек, мұның өзі бұған дейінгі түсінігіміздің бәрін төңкеріп жіберетіндей сенсациялық жаңалық болатын.
Ондаған жылдар бойы тіршіліктің негізгі ингредиенттері – су мен көміртегі, ғаламшардың тұрақты атмосферасы мен идеалды температура әлемдегі ең сирек кездесетін комбинациялардың қатарында саналатын. Демек, астрономдардың көпшілігінің пікірінше, Жер бетіндегідей аса күрделі де нәзік теңдестірілген тіршіліктің басқа ғаламшарларда болуы мүмкін де емес еді.
Расымен солай ма? Ал егер осы уақытқа дейін қателесіп келген болсақ ше? Тіршілік, яғни біз білетіндей биологиялық өмір жалғыз Жер бетінде ғана орын алмай, әлдеқашан статистикалық тенденцияға айналып кеткен болса қандай қорытындыға келеміз? Бүгінде әлем астрономдарының ой-санасында осындай бір дүрлігістер орын алып жатқан сыңайлы…
Сенсация қатары мұнымен де түйінделмейді. 2024 жылдың соңына қарай аталмыш телескоп атмосфералық қосылыстардан басқа да алаңдатарлық құбылысты тіркеді. Дәл сол Проксима b ғаламшарынан байқалған аномальді электромагниттік сәуле толқынын қай жағынан болсын жасанды сигнал деуге келетіндей еді. Олай дейтініміз, өте қысқа да дәл бағытталған, бұдан кейін бір рет те қайталанбаған бұл сигнал небары 7 секундқа ғана созылды. Алайда оның ритмикалық көрінісі мен әдеттен тыс интенсивтілігі, жиілігі бізге бұған дейін белгілі болып келген бірде-бір табиғи құбылысқа ұқсамайтын. Бұл арнайы жіберілген хабарлама ма, әлде басқа бір нысандарға соғылып, кейін бағытталған жаңғырық па, басқалай қателік пе, әлі зерттелу, тексерілу үстінде.
Қалай дегенмен де өзгеше бұл сигнал жөнінде баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылған жоқ, ресми хабарлама да берілмеді. Жекелеген техникалық құжаттарда ғана қысқаша аталып өтіп, содан кейінгі жерде ресми есептердің тасасында қалып қойды.
Осы жақында ғарыш тылсымына құштар жұртшылықты тағы бір жаңалық елең өткізді. Әлеуметтік желі хабарларында «Джеймс Уэ́бб» телескопының сөз болып отырған ғаламшардың күн түспейтін бөлігінен жасанды жарық шашырандыларын байқағаны сөз болды. Жер бетінде қалалық жерлерде, үлкен мегаполистерде ғана байқалатын мұндай жарықты, дәлірек айтсақ, түнгі қала оттарын басқа табиғи құбылыстармен шатастыру мүмкін емес еді.
Әйтсе де бұл жаңалық та ресми жариялана қойған жоқ…
Проксима b ғаламшарының ерекшеліктері
Центавр Проксимасы, жоғарыда айтып өткеніміздей, Күн жүйесіне ең жақын орналасқан жұлдыз. Жер бетінен санағанда 4,244 жарық жылына тең бұл қашықтық ғарыштық өлшеммен алып қарағанда қозыкөш жер ғана саналады.
Біз сөз етіп отырған қызыл ергежейлі Центавр Альфасы жүйесіндегі күнге ұқсас үш жұлдыздың қатарында. Оның диаметрі Күннен 7 есе, ал массасы 8 есе кіші. Айналасында Проксима b тәрізді бірнеше планетасы бар. Жұлдыздың «өмірге жайлы аймағында» орналасқандықтан Проксима b бетіндегі температура сұйықтық түріндегі судың болуына мүмкіндік береді. Ал су болған жерде тіршіліктің дамуына қолайлы жағдайдың туындайтындығы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Дегенмен, ғаламшардың қолайсыз тұстары да жоқ емес. Оның бетінде түрлі диапазонда, соның ішінде рентгендік және радиодиапазондарында сәуле шығаратын үлкенді-кішілі жарылыстар жиі болып тұрады. Мұндай жарылыстар, әрине, тіршілікке, әсіресе биологиялық тіршілікке зиянын тигізбей қоймайды. Соған қарамастан, ғалымдардың көпшілігі Проксима b ғаламшары тіршілікке қолайлы, демек онда тіршілік болуы мүмкін деген пікірде.
Ғаламшар қызыл ергежейліні небары 11 тәулікте айналып шығады. Басты ерекшелігі – онда Жер бетіндегідей күн мен түн тұрақты ауысып тұрмайды. Содан кейін де бір беті тұрақты түрде жұлдызға, біздің тілімізбен айтқанда, күнге қарап тұрса, екінші беті ылғи да қараңғы қалыпта. Мұндай жағдайда биологиялық тіршіліктің аса ыстық та, аса суық та емес, сондықтан да өмірге қолайлы аралықтағы азғантай бөлікте ғана орын алатыны түсінікті. Елді мекендердің, яғни жаңағыдай қалалардың жұлдыз бетіндегі жарылыстардан, демек радиациядан қорғайтындай қараңғы бөлікке орналасуы да қисынды.
Жасанды интеллект не дейді?
Техника, ілім мен білім қарыштап дамыған қазіргі заманда қай ақпаратқа сенеріңді де білмей қаласың. Кей кездері сенімді деген ақпараттың өзі адамды адастыру, жаңылдыру мақсатында әдейі ұйымдастырылған жоба болып шығады. Көңіл сенбес ақпараттың шынайы болып шығатын шақтары да аз емес.
Замана ағымынан қалмау үшін кейде жасанды интеллектке иек артатын да кездеріміз бар. Өз тұжырымдарымызды бір тексеріп алу үшін сондай бір қадамға барғанымызда жасанды интеллект Проксима b ғаламшарында тіршіліктің болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Жоққа шығарылған бір жайт – «Джеймс Уэ́бб» телескопы қаншама заманауи болғанымен аталған ғаламшар бетіндегі жасанды жарықтандыру көрінісін көре алмайды, байқай алмайды деген мәселе болды. Оған да таласпаймыз.
Қарсы дәлел ретінде келтірілетін бір ғана жайт – ғарышқа шығарылған жаңағыдай телескоптың мүмкіндігі, жоғарыда айтып өткеніміздей, 7-10 есе арта түседі екен. Соған орай ол атмосферадағы биосигнатура нышандарын тіркей алған. Олай болса телескоптың жасанды жарықты да байқап қалуы әбден мүмкін нәрсе ғой…
Қалай десек те осы уақытқа дейін байқалған, арнайы басылымдарда жарық көрген сенсациялық жаңалықтар жайында ресми түрде хабарланбады. Оның себебі де түсініксіз.
Ферми парадоксы
Әлемде болуы мүмкін әртүрлі өркениет өкілдерімен осы уақытқа дейін неге байланыс орнатылмаған деген пікірге орай сан қилы болжам айтылады. Солардың бірі өзгеғаламшарлықтар Америка Құрама Штаттары, Израиль тәрізді елдермен әлдеқашан жасырын қарым-қатынас орнатып қойған деген тұжырымға келіп тіреледі. Тағы бір пікір «ондай тіршілік иелері бәленбай ғасырдан бері арамызда, оларды өзіміз ажырата алмай жүрміз» деген тұжырымға саяды. Бұл мәселе жайында сөз болғанда Ферми парадоксы тақырыбына қайта оралмай тұра алмаймыз.
Расында өзге бір галактикаларда тіршілік пайда болып, уақыт өте келе өркениет дамығанымен олардың эволюцияның белгілі бір кезеңдерінен өте алмай қалулары да ықтимал. Оған ядролық соғыстың немесе ғаламдық апаттардың себеп болуы мүмкін.
Ғалымдар дамып кеткен өркениет өкілдерінің бізбен әдейі байланыс жасамай отыруы ықтималдығын да жоққа шығармайды. Зоопарктегі жануарларды бақылағандай олардың да бізді жай ғана бақылап отырулары мүмкін ғой…
Тағы бір нұсқа – өзге өркениеттердің дамып кеткені соншалықты, біз оларды байқай алатындай, түсіне алатындай деңгейге жете қойған жоқпыз…
Оқымыстылардың басым көпшілігінің тұжырымы – Жер бетіндегі тіршілік басқа еш жерде қайталанбайтындай өзгеше құбылыс. Әлемде ондай өзге ғаламшарлар жоқ деуге болады.
Сөз соңы
Мақала түйінінде өзге әлемдердегі тіршілік, өркениет іздері жөніндегі мәселеге оралайық. Қайталап айтатын болсақ, бұл жайында әлі күнге ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Рас, жоққа да шығарылмады. Соған орай ғарыштың қиыр бір түкпірінде дәл біз сияқты болмаса да әлдебір кейіптегі саналы тіршілік иелерінің бар екеніне сенгің келеді. Бауырлармен байланыс жасайтын ондай бақытты күн қашан туар екен!?.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
«Jetіsý-дың» ардагер журналисі





