Адвокаттың айтуынша, сотта жауап берген куәгер Эльмира Нұрбекова қасақана жалған айғақ беріп, аса ауыр қылмысты жасыруы мүмкін. Осыған байланысты ол соттан Нұрбековаға қатысты жеке қаулы шығарып, материалдарды тиісті процестік шешім қабылдау үшін Алматы облысының прокурорына жолдауды сұрады.
– Эльмира Нұрбекова сотталушыларға тікелей тәуелді болмаған. Бұл бейнетіркегіш жазбасына сүйенген хаттамада нақты көрінеді. Онда Нұрбекованың Toyota Land Cruiser Prado көлігінде отырғаны, ұялы телефонын еркін пайдаланып, сотталушылармен еркін сөйлесіп, қалжыңдасқаны анық байқалады, – деді адвокат.
Қорғаушының айтуынша, куәгердің оқиға орны жайлы еркін пікір білдіруі және әңгімеге араласуы қандай да бір қысымның болмағанын көрсетеді. Бұл деректер сотта куәгер Нұрқияс Ілиясовтың жауабымен де сәйкесіп отыр.
Сондай-ақ бүгінгі сот отырысында адвокат Мейірман Шекеев қосымша екі куәгерді шақыру туралы өтініш білдірді.