Апта ортасында облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа тұжырымдама аясында құжат әзірлеу тәсілдері талқыға түсті. Бір үстел басында мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен жастар бас қосты.
Салтанат сарайында өткен жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қобылан Манап жүргізіп, жаңа тұжырымдаманың мән-маңызына тоқталды. Сонымен қатар, жиынның мақсатын таразылап, тұжырымдаманы жан-жақты талқылау арқылы жемісті нәтиже болатынын жеткізді. Спикердің сөзіне сенсек, қазір елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес тек заң шеңберін жетілдірумен шектелмей, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасқанда жоғары нәтиже көрсетпек.
Ал, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысындағы өкілі Қанат Қарымсақов азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып, оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін нығырлай жеткізді. Айтуынша, қоғам сенімі қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен құқықтарды қорғау тетіктерінің қолжетімділігі айтулы мәселені шешудің негізгі тетігі.
Өз кезегінде «Jetisý Jastary» КММ директорының орынбасары Ақыл Сәрсенбай жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қағидаттарын қалыптастыру жайында сөз етті. Оның пікірінше, жас ұрпақты адалдық пен жауапкершілік құндылықтарымен сусындату арқылы ұзақмерзімді өзгерістерді қалыптастыруға болады.
Облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Ермек Егінбаев өз сөзінде құзырлы құрылымдардың бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз етудегі және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бақылаудағы рөлін атап өтті. Ал Әдеп жөніндегі уәкіл Ғабит Тұрсынбайұлы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік тәртібін нығайту және жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін сөз етті. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев цифрландыру мен әкімшілік кедергілерді азайту мәселелеріне тоқталып, олардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда маңызды тетік екенін жеткізді. Осыған ұқсас пікірді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Бейсебаев білдіріп, үдерістерді автоматтандыру мен адам факторын азайту аса маңызды екенін айтты.
Сондай-ақ, жиында экология, ішкі мемлекеттік аудит, партиялық құрылымдар және академиялық қауымдастық өкілдері сөз сөйледі. Облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Елдос Мырзабек табиғатты пайдалану саласындағы ашықтық мәселелерін тілге тиек етсе, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Талғат Төлтебаев қаржылық бақылауды күшейту шаралары туралы баяндады.
Жиында БАҚ және комплаенс қызметтерінің рөліне де ерекше көңіл бөлінді. «Жетісу Медиа» КМК комплаенс-офицері Әділет Сұлтанбек қазіргі медиа тек ақпарат таратып қана қоймай, қоғамда адалдық пен ашықтыққа деген сұранысты қалыптастырып жатқанын жеткізді.
Талқылау барысында қатысушылар болашақ тұжырымдаманы жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, қоғамдық бақылауды кеңейту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа құралдарын енгізу қажеттігі айтылды.
Кездесуді қорытындылаған Қобылан Манап барлық ұсыныс жинақталып, әрі қарай пысықтауға жіберілетінін жеткізді. Ол мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана ашықтық, есептілік және сенім қағидаттарына негізделген тиімді антикоррупциялық жүйе қалыптастыруға болатынын атап өтті.
Дастанбек Садық





