«Jetіsý» газетінің қаңтардың 13-жұлдызындағы сенбілік санында басылған «Тарих – күллі ғылымның атасы» атты сұхбатты оқып шықтым. Ондағы ұлт зиялысы, аса танымал қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойына орай халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлының ұсынысы елең еткізді.
Классик жазушы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа жұртшылық атынан тілек айтып, Жаркент қаласына кіреберістегі Жібек жолы көшесін Әбілхан Қастеев атына ауыстыруын сұрапты.
«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс ақын жырлағандай, бұл орынды айтылған тілек. Әбілхан атамыз біртуар тұлға, кәсіби суретшіміз. Қазақ бейнелеу өнерінің атасы. Тәңірдің өзі оған ерекше бір ақыл-ой, табандылық пен төзімділік берген сияқты. Әбілхан Қастеевке 1944 жылы Қазақ ҚСР-нің «Халық суретшісі» атағы берілді.
1969 жылы суретшінің Мәскеуде жеке көрмесі өтті. Әлем халқы келіп тамашалаған бұл көрмеде одақтас республикалар арасында «қазақ» деген ұлттың есімі айрықша аталды. Дарқан халық дарабозының салған суреттері америкалық суретшілердің таңданысын оятып, кейіннен арнайы Алматыға Әбілхан Қастеевтің тұрып жатқан үйіне іздеп келгені тарихтан белгілі. Қарапайым қазақ суретшісінің үйіндегі тозған жылу жүйесін көрген олар: «Америкада мұндай жылу жүйесі тек мал қораларға тартылады» деп әлем мойындаған суретшіге жағдай жасамаған билікті сынапты. Бұл әңгіме ұлт перзенті Дінмұхамед Қонаевтың құлағына жетіп «орынды сын ойландырмай қоймайды» дегендей, дереу халық суретшісі үйінің жылу жүйесін жаңартып беріпті.
Дана Қонаевтың жасаған бұл жақсылығы жеке адамға емес, өнерге қолдау еді. Қастеев Алматыдағы осы үйінде одан кейін 3 жыл өмір сүріп, 1973 жылы дүние салды. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсіл бар. Бұл тәмсілден мен бір ұқсастықты байқаймын. Қазаққа бұйырған екі тұлғамыз да бұл дүниеден өткен соң Алматыдағы үйлері мұражайға айналды.
Биыл Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойы. Осыған орай көтеріп отырған ұсыныс пен атқарылар іс-шараларға өз пікірімді қоса кетсем. Тіпті, облыс әкіміне жеткен бұл ұсыныс-тілекте Жаркент қаласына кіреберістегі Жібек жолы көшесін Әбілхан Қастеев атына беру өте орынды. Десе де қала кіреберісіндегі арканың оң жағынан жаңа ғимарат бой көтерді. Көз тартар бұл ғимарат қалаға кірер қонағына қазақтың дәстүрлі тағамдарын ұсынар «Балқаймақ» дәмханасы болып отыр. Ал енді қала қақпасының сол жағына қарасақ, жекеменшік дөңгелек жөндеу орны тұр. Осы орайда бас көшеге Әбілхан Қастеевтің есімін беріп қана қоймай, тұлғаның сурет салып отырған еңселі ескерткішін орнатып, жан-жағын абаттандырып берсе тамаша болар еді. Бұл халық жазушысы ұсынысына қосылған бір тілек.
Халық батыры Бауыржан Момышұлы «Орындалған парыз – арман мен даңқтың шыңы!» деген екен. Әлбетте шын даңқ – ертеңгі ұрпақ үшін ауадай қажет құндылық. Оның бүгін орындалғаны ертеңгі күн үшін жасалған рухани дүниенің ең бағалысы.
Сұлтанғазы ҚОҚАБИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Фото: @elarna_kz





