Алматы қаласында өткен Almaty Half Marathon жарысында екі қатысушының қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы
Министр өз мәлімдемесінде бұл оқиғаны «ауыр әрі ерекше назар аударуды қажет ететін жағдай» деп сипаттап, қазіргі уақытта барлық мән-жайлар мұқият тексеріліп жатқанын айтты.
«Орын алған жағдайға байланысты кешенді тексеріс басталды. Жарысқа қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру ережелері, медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздік шаралары жан-жақты сарапқа салынады», – деді Мырзабосынов өзінің Instagram парақшасында.
Ол сондай-ақ бұқаралық спорттық іс-шаралар жоғары кәсіби деңгейде, қауіпсіздік талаптарына толық сай ұйымдастырылуы керектігін баса айтты. Министрлік тарапынан нақты ұсыныстар әзірленіп, жауапты органдарға жолданатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Ербол Мырзабосынов жергілікті атқарушы органдарға бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу талаптарын күшейту қажет екенін де атап өтті.
Фото: almaty-marathon.kz





