Бүгінде Жетісу облысының орталығында 0,4 кВт электр желісін салу жобасы басталды. Аталған жоба аясында биыл қала аумағындағы 25 учаскеде жаңадан жарық желісін жүргізіп, 500-ден астам бағана орнату жоспарланған.
Талдықорған қаласы әкімдігінің мәліметінше, жарық желілерін жүргізу шаһардадың инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындарға жоғары сапалы электр энергиясын жеткізуді қамтамасыз етеді. Осы жоба аясында қаладағы Көктал, Ынтымақ, «Жастар 1» тұрғын үй алабтары мен «Батыс» шағын ауданы және Шайқорған саяжайлары толық қамтылмақ. Жобаны «Гүлім и компания» ЖШС мердігер ұйымы атқаруда. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары облыс орталығындағы «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданынданың Гүлдәурен көшесінде жүргізілуде.
Еске сала кетсек, өткен жылы қалаға қарасты 3-ші бөлімшеде 630-ға жуық жарық шамдары орнатылып, аумақ толық жарықтандырылса, «Оңтүстік-Батыс» тұрғын үй алабындағы Еңбекші және Жетіген көшелеріне түнгі жарық тарту жұмыстары жыл соңына қарай толық аяқталған болатын. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тауып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қала көшелерін тегіс жарықтандыру көзделген. Мысалға, бүгінгі күнге дейін қаладағы «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын аумағында жалпы ұзындығы 1 жарым шақырымға жуық бірнеше көше жарықтандырылса, «Ынтымақ» шағын ауданындағы ұзындығы 3,3 шақырым болатын аумаққа жарық желісі жаңартылған.
– Қазір Талдықорған қаласы бойынша 640 көше бар. Осыған дейін оның 420 көшесі жарықтандырылып, қалпына келтіру деңгейі 65 пайызға жеткен. Ал жарық шамдарының жалпы саны 17700-ден асады. Оның 12 588 жарықдиодты шам болса, 859 жай шырақ және 4 255 торшерлік шам. Жалпы жарық желілерінің ұзындығы 540 шақырым. Осыған байланысты биылғы жылы негізінен қалада қолға алынған 5 жоба бойынша 111 шақырымнан асатын 212 көшені жарықтандыру және 3865 жарық бағандарын орнату жұмыстары жүргізілмек. Қаланың жарық шамдарын жаңарту мен желілерді жөндеу ісі тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл өз кезегінде аймақтағы барлық тұтынушыларға сапалы әрі сенімді электр қуатын беруге мол мүмкіндік береді, –дейді жауаптылар.
Айдын КӘЛІМХАН





