Осы ретте шаруалардың жауапты кезең мал қыстатуға Екіаша ауылдық округіндегі «Абишев Т.Б.» шаруа қожалығының жетекшісі Шолпан Смағұловамен әңгімелесіп, шаруаның жағдайын білдік.
Қожалықтың 648 гектар алқабының 224 гектары жайылым, 143 гектары шабындық, сонымен қатар 281 гектар тәлімі егістік жері бар. Шаруашылық негізінен өсімдік бағытына бейімделген. Жермен айналысады, нақтылап айтқанда бидай мен арпа себеді. Атакәсіппен, яғни мал шаруашылығын 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы шыққаннан кейін қолға алған. «Кең дала» бағдарламасымен 5 пайыздық несие алып, Әулиекөл тұқымды бұқамен басталған кәсіп қазіргі таңда герефорд тұқымды 100 бас Зеңгі баба түлігімен жалғасуда. Жоспарда мал басын көбейтіп, бордақылау ісімен айналысу тұр. 8 жұмысшы қызмет атқаратын шаруашылық 20 гектар алқапқа жоңышқа сеуіп, қолдағы малдың қыстан қысылмай шығуына қам жасауда.
Өңірдегі барлық қожалықтың қарамағындағы малдарының қоңы жақсы. Қазіргі таңда төрт түлік малдан ризық-несібесін терген аудан шаруалары қыс қаһарын жеңу үшін ұйымшылдықпен еңбек етуде.
Жақсылық ИГІМАН





