Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын. Аякөз келін болып түскелі шаңырақ шаттығы еселене түсті. Өмірге кішкентай сәби келіп, бүлдіршін үйдің базарына айналды. Қызылордадан Жетісуға келін болған жанның аяғы құт болды.
Қызылорданың қызы Аякөз Нұрдин жентті бизнес көзіне айналдыруды жөн көрді. Ол шоколадты жент жасап, қазақтың ұлттық тағамын көпшілікке заманауи үлгіде ұсынуды қолға алды. Тәттілер салынған қорапшалар оюланып, қазақ үй кескінінде жасалыпты. Сыр елінде туған ол бала кезден тары мен талқан, жентті тұтынып өскен. Анасы тарыны қол диірменге тартып, келіге түйіп, талқанын сүтке шылап, бал қосып бергенін жиі айтады. Бала күнгі естелік бүгінде бизнеске айналған.
Аякөз баламен декреттік демалыста отырғандықтан тапсырысты тез, сапалы орындауға мүмкіндігі бар. Тарының сапалысын пайдаланады. Шоколадтың ішіне жент салып дайындаған тәттілер бірден алушылардың көңілінен шығуда. Кәсіпкер: «Тарыны шокаладтың ішіне салу үшін алдымен тарыны сөкке айналдырып алады. Сөк жасау үшін қуырылған тарыны келіге салып келсаппен түйеді. Түйілген тарыны ұшырады. Мұны қаралау дейді. Қаралап болғаннан кейін қайтадан түйеді. Оны ақтау немесе сөк деп атайды. Сөктен майсөк, жарма, тарыкөже, төп, бөртпе жасалады. Сөкті сүтке, қаймаққа араластырып та, құрғақтай да жеуге болады. Сондықтан өнімді тұтынған адам дәмі мен құнарын бірден байқайды. Өнімді бір рет сатып алғандар қайта келіп тапсырыс беріп жатыр. Тұтынушы талабына сай кейбірінің үстіне таңқурай, құлпынай қоямын. Құнарлы тағамды алушылар қатары күн сайын өсіп келеді»,– дейді кәсіпкер.
Сауда жасаушылардың көбі өзге ұлт өкілдері. Олар женттен жасалған өнімге қызығушылық танытуда.
Тарыдан дайындалған ұлттық тағам адамға күш береді. Әсіресе, ұзақ сырқаттанып жатқан науқасқа тарыны сүтке қайнатып берсе әл жинауға себі тиеді. Тары мен жентті жаңа босанған ана тұтынса әлі кіріп, оңалып, сүті көбейіп, баласы тез ширайды. Сондықтан «жент – келіннің асы» десе де болады.
Аякөз Нұрдин кәсібін ары қарай кеңейтпекші. Ол үшін мемлекеттің қолдауымен түрлі бағдармаға қатысуға дайын. Ұлттық тағамды насихаттап, нәпақасын тауып жүрген жас кәсіпкерге сәттілік тілейміз.
Гүлжан ТҰРСЫН