Елімізде бұрын пайдаланылмаған 792,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеру жұмыстары басталып, мемлекет меншігіне 1,3 млн гектар алқап қайтарылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Аталмыш бағыттағы шаралар Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Республикалық комиссияның отырысында талқыланды. Жиында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бір жыл бұрын жүктелген 13,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін қайта бөлу тапсырмасы толық орындалғанын жеткізді. Оның ішінде 5,5 млн гектар алқап жайылым ретінде бекітіліп, 8 млн гектар жер азаматтар мен серіктестіктерге конкурстық негізде берілді.
Дегенмен, кейбір өңірлерде қайтарылған жерлерді пайдаланушыларға үлестіру қарқыны баяу жүріп жатыр. Мәселен, Атырау облысында көрсеткіш 32,4%-ды, Маңғыстау облысында 24,6%-ды, Ұлытау облысында 21,1%-ды құрайды. Сонымен қатар, тозған жайылымдарды қалпына келтіру үшін Алматы, Ақтөбе және Ақмола облыстарында жалпы көлемі 33 мың гектарды қамтитын үш пилоттық жоба іске қосылуда.
Отырыс барысында мемлекет қолдауымен берілетін алқаптардың тиімділігіне қатысты маңызды мәлімдеме жасалды. Премьер-министрдің орынбасары мемлекет тарапынан жасалатын инфрақұрылымдық көмек нақты жауапкершілікпен қатар жүруі керектігін қадап айтты.
«Егер мемлекет жерді суару үшін инфрақұрылым жасаса, жер пайдаланушы тарапынан да тиісті міндеттемелер болуы керек. Атап айтқанда, суару жүйелерін орнату, жерді нысаналы мақсатына сай пайдалану, рентабельді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және басқа да міндеттер көзделуі тиіс. Жер өз мақсатына сай пайдаланылып, нақты нәтиже беруі керек. Егер мұндай жерлер ұтымды немесе нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса, мемлекет оларды қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына қайтаруы қажет», – деді Серік Жұманғарин.
Мамандар алдағы уақытта әкімшілік кедергілерді жою, жер учаскелеріне құқықтардың тоқтатылғанын тіркеу мерзімдерін нақтылау және иесіз мүлік ретінде тану рәсімдерін оңтайландыру бағытында жұмыстарды күшейтетінін атап өтті. Аграрлық саланы дамыту экономиканың тұрақтылығын арттырып, ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей ықпал етеді.





