Жаз мезгілі – демалыс пен саяхат кезеңі. Осыған байланысты бұл уақытта барлық ХҚКОда жеке куәлік пен төлқұжатты ресімдеу үшін өтініш білдіретін клиенттер саны артады. 2026 жылдың бес айында Жетісу облысында 42783 жеке куәлік пен паспорт берілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жетісу облылы бойынша филиалы хабарлады.
Жеке куәлік пен паспортты рәсімдеу үшін – өзіңіздің тіркелген мекенжайыңызға қарамастан кез келген ХҚКО-ға бара аласыз. Егер төлқұжатты бірінші рет алып тұрсаңыз, сізге тек жеке куәлік қажет болады. Ал егер құжаттың мерзімі аяқталып бара жатса, оны 1 ай бұрын ауыстыруға мүмкіндік бар.
Төлқұжат пен жеке куәлік үшін мемлекеттік баж мөлшері:
16 жасқа дейінгі балалар төлқұжаты (24 бет) – 17 300 теңге (4 АЕК),
36 беттік төлқұжат – 34 600 теңге (8 АЕК),
48 беттік төлқұжат – 51 900 теңге (12 АЕК),
Жеке куәлік – 865 теңге (0,2 АЕК).
Ескерту: жеке куәлік алғаш рет алынғанда немесе мерзімі бітіп ауыстырылғанда тегін беріледі (мемлекеттік баж алынбайды). Егер жыл ішінде жеке куәлікті екі реттен көп жоғалтып алсаңыз, 4 325 теңге (1 АЕК) төлеу қажет.
16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттен тұратын Қазақстан Республикасының паспорты беріледі, оның ішінде 12 жасқа дейінгі балаларға – 5 жыл мерзімге, 12 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға – 10 жыл мерзімге беріледі. Қызмет көрсетудің мерзімі – 15 жұмыс күні.
Алайда, құжаттарды жеделдетілген тәртіппен алуға болады Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалалары және облыс орталықтары үшін
1 санатты жеделдік – 1 жұмыс күніне дейін – 3011,12 теңге
2-санатты жеделдік – 3 жұмыс күніне дейін 1581,14 теңге
Облыс орталықтары үшін – жеделдіктің 1-санаты бойынша 3 жұмыс күніне дейін; жеделдіктің 2-санаты бойынша 5 жұмыс күніне дейін
Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:
3-санат жеделдіктің – 7 жұмыс күніне дейін – 703 теңге
Баланың төлқұжатын рәсімдеу кезінде оның туу туралы куәлігін ұсыну және ата-анасының бірінің бірге келуі міндетті. ҚР азаматтары 16 жасқа толғаннан кейін бір ай ішінде жеке куәлікке өтініш беруі керек. Мерзімі аяқталған жеке куәлікті бір ай ішінде жаңартпаған жағдайда әкімшілік айыппұл қарастырылған. Егер сізде қолданыстағы төлқұжат бар болса, жеке куәлікті рәсімдеу кезінде оны да өзіңізбен бірге алып келгеніңіз жөн. Бұл қызметті де төлқұжат сияқты жеделдетілген тәртіппен алуға болады. Сонымен қатар жеке куәлік пен төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған азаматтардың жеңілдетілген санаты бар. Олардың қатарына ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар жандар, көпбалалы аналар және т.б. жатады.
– Жыл басынан бері Жетісу облысында төлқұжат пен жеке куәлік берудің ең көп саны Талдықорған қаласына тиесілі – мұнда 14 616 адам құжаттанды. Ал ең азы Сарқан ауданында тіркелген – 1 515 құжат рәсімделді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жетісу облысы бойынша филиал директоры Абзал Омаров.
Еске салайық, жеке куәліктің қолданылу мерзімінің аяқталуына 30 және одан аз күнтізбелік күн қалса немесе құжат мерзімі өткен күннен бастап 10 күнтізбелік күннен аспаған жағдайда, оны Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы онлайн түрде жаңартуға болады.





