Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Жетісу облысына барып, өңір тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Министр су шаруашылығын дамыту және су инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы негізгі жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, 2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында өңірде 8 жаңа су қоймасын салу көзделген. Жобалар Ақсу, Көксу, Панфилов, Сарқан, Алакөл аудандарын және Талдықорған қаласын қамтиды.
Су қоймалары келесі өзендер бойында салынады:
Биен, Біже, Қорғас, Үсек, Тышқан, Балықты, Жаманты және Басқан.
Сонымен қатар:
-
3 су қоймасы мен 2930 шақырымдық канал қайта жаңғыртылмақ;
-
236,8 шақырым канал автоматтандырылады;
-
17 гидротехникалық құрылысжайда кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Нұржан Нұржігітов су ресурстарын тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды жаңарту — министрліктің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті:
«Қазір жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу мен реконструкциялау, ирригация желілерін автоматтандыру жобалары суды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының өнімділігі су ресурстарын қаншалықты сауатты басқаруға байланысты. Бұл жүйелі жоспарлау мен нақты шешімдерді қажет етеді», – деді министр.
Кездесу барысында Жетісу облысының тұрғындары министрге су үнемдеу технологияларын субсидиялау, егістік алқаптарын суаруға арналған нормаларды қайта қарау, сондай-ақ гидроэлектр станциялары мен бөгеттердің құрылысы мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
Кездесуден кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді.
Министрлік жүргізіп отырған бұл бастамалар еліміздің аграрлық секторындағы су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруды, су тапшылығын азайтуды және ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуды мақсат етеді.





