Тәуелсіз Қазақстанның әрбір баласы – ертеңгі еліміздің жарқын болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтайтын, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасайтын алғашқы орта балабақша. Ол өмірге енді ғана бейімделіп келе жатқан әр баланың екінші үйі десек жарасады.
Шыны керек, елімізде баланың сапалы тәрбие мен даму құқығы бар. Ал қолжетімді балабақша – осы құқықты іске асырудың басты құралы, қоғамның тұрақтылығы мен ел болашағына салынған нақты инвестиция. Жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жетісу облыстық филиалы «Қолжетімді балабақша» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.
Жиында партияның облыстық филиалының төрағасы Ж.Мұқаманов партияның қоғамдағы рөлі мен әлеуметтік әділдік қағидаттарына негізделген бастамалары жөнінде баяндады. Сонымен қатар, балабақшаның тек ата-аналар үшін әлеуметтік қолдау құралы ғана емес, ұлт болашағына салынған маңызды инвестиция екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында балабақша меңгерушілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, мектепке дейінгі білім берудегі өзекті мәселелер мен шешім жолдарын ортаға салды. Қалалық балабақшалардың дамуы жақсы деңгейде екенін, тексеріс жұмыстарының жүйелі жүргізілетінін және ваучерлік бағдарлама аясында орындардың толық қамтылғанын айтты. №5 ясли-балабақшаның меңгерушісі Галия Молдаханова мектепке дейінгі білім беру саласындағы бірқатар мәселені таразылады.
– Ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілердің жүктемесі өте жоғары. Штаттық талап бойынша бір маман небәрі 15 балаға қызмет көрсетуі тиіс. Алайда іс жүзінде бұл норманы сақтау қиын болып отыр, себебі бала саны өте көп. Бұл тәрбиешілерге қосымша психологиялық және физикалық салмақ түсіреді және олардың жұмыс сапасына әсер етеді, – деді ол.
Жиынға қатысушылар дефектолог және логопед мамандардың тапшылығы, балабақшадағы кіші қызметкерлердің көп жұмысты атқаруы да көтерілді. Жалпы, «дөңгелек үстелде» көптеген мәселе таразыланып, мемлекеттің болашағын жарқын етер ұрпақ тәрбиелеудегі өзекті мәселелердің шешу жолдары қарастырылды.
ЖСДП Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі




