Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы бойынша филиалы базасында «AMANAT» партиясы мен Саяси менеджмент академиясының бірлескен модульдік білім беру бағдарламасы өз жұмысын бастады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталған жоба жергілікті мемлекеттік басқару және қоғамдық-саяси ұйымдар басшылары мен кадрлық активтің функционалдық құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Бағдарламаға өңір бойынша 135 қатысушы тартылды. Олардың қатарында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ «AMANAT» партиясының облыстық және аудандық филиал қызметкерлері бар. Мұндай кең ауқымды қамту бастаманың өңірлік басқару жүйесіне нақты әсер етуге бағытталғанын көрсетеді.
Жобаның басты мақсаты – заман талабына сай, стратегиялық ойлайтын, тиімді шешім қабылдай алатын басқарушылар корпусын қалыптастыру. Бағдарлама дәстүрлі оқыту тәсілдерінен гөрі тәжірибеге негізделіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Тыңдаушылар теориялық біліммен қатар, оны іс жүзінде қолданып, нақты көрсеткіштер арқылы тиімділігін бағалайды.
Бағдарлама аясында қатысушылар алдымен офлайн-интенсивтен өтіп, практикалық жобалар әзірлейді. Кейін сол жобаларды өз қызметінде жүзеге асырып, кураторлардың сүйемелдеуімен жетілдіреді. Қорытынды кезеңде жобалар қорғалып, қатысушылардың рейтингі қалыптастырылады. Бұл рейтинг кадрлық резервті жасақтауда маңызды рөл атқарады.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – қатысушыларға жеке білім алу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік беретін цифрлық білім беру платформасының енгізілуі. Бұл тәсіл олардың кәсіби дамуын жүйелі түрде жалғастырып, басқарушылық әлеуетін арттыруға жол ашады.





