Жетісу облысы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Кербұлақ ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте қазақтың ұлы ғалымы, зерттеуші, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған облыстық «Шоқантану» интеллектуалдық сайысы өтті.
Шара Жетісу облысының білім басқармасы бекіткен Ереже негізінде өткізіліп, педагогтердің Шоқан мұрасын терең тануына, тарихи-мәдени білімді кеңейтуге, ұстаздардың кәсіби әлеуетін нығайтуға бағытталды. Байқауға Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті, тарих және география пәні мұғалімдерінен құралған командалар қатысты.
Облыстық әдістемелік орталығының әдіскері Ғалымжан Диханбаевтың айтуынша, Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы – ұлт тарихының, этнографиясының және географиясының дамуына қосылған өлшеусіз үлес.
– Шоқан – өз дәуірінен озып туған тұлға. Оның зерттеулері, халықтың салт-дәстүрін терең түсінуі және ғылымға адалдығы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ұлы ғалымның мұрасының мәнін түсіндіру – жас ұрпақты ғылыми ізденіске ынталандырудың маңызды жолы, – деді ол.
Алты кезеңнен тұрған зияткерлік додада қатысушылар Шоқанның өмір жолы, ғылыми еңбектері мен шығармашылық мұрасына қатысты білімдерін сынады. Командалар теориялық біліммен қатар шығармашылық ізденіс пен кәсіби шеберліктерін де көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – Алакөл ауданының командасы
ІІ орын – Ескелді ауданы
ІІІ орын – Ақсу ауданы
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Дәстүр бойынша келесі жылғы байқауды бірінші орын иеленген Алакөл ауданы ұйымдастырады.
Шара Шоқан Уәлихановтың бай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен танытуға бағытталған маңызды рухани-қоғамдық оқиға ретінде бағаланды.





