Жетісу облысында жылыту маусымы басталғалы бері өрттен туындайтын төтенше жағдай оқиғасы 18%-ға төмендеген.
Мамандар мұны тұрғын үй секторында жүргізілетін белсенді профилактикалық жұмыстармен байланыстырды. Жылдың суық мезгілінде қауіпсіздікті арттыру үшін аймақта 2025-2026 жылдарға арналған өрттің алдын алу жоспары жұмыс істейді. Онда рейдтер, халықпен кездесулер, мектеп оқушыларына арналған сабақтар және «Абайлаңыз, улы газ!», «Оттан сақтаныңыз!», «Балалардың абайсыздығы» сынды түсіндіру акциялары қарастырылған.
15 тамыздан 1 қазанға дейін облыста өрт қауіпсіздігі айлығы өтті.
Ал 22 қазаннан бастап ол ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша республикалық деңгейде жалғасты. Бастамаға төтенше жағдай департаменті, прокуратура, полиция, коммуналдық және әлеуметтік қызметтердің қызметкерлері қосылды.
Жетісуда 137 мыңнан аса жеке тұрғын үй және 8 мыңға жуық әлеуметтік осал отбасылардың үйлері есепте тұр. Оларды қорғау үшін улы газдың қауіпті шоғырлануына әсер ететін газ датчиктерін орнату мәселесі пысықталуда.
Десек те, аймақта улы газбен уланудың бір жағдайы тіркелді. Онда 3 бала зардап шегіп, өрт кезінде 2 адам жарақат алды. Өртке қарсы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Айгүл Байжұмақызы





