Жетісу облысының Достық үйінде TEDx (Technology, Entertainment, Design) форматында «Салауатты ұлт» жастар форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі заттарының зияны туралы ашық талқылау өткізу және жауапкершілікке негізделген өмірлік ұстанымды қалыптастыру болды.
Форумның негізгі міндеті – жас буынға салауатты өмір салтының құндылығын түсіндіру, зиянды әдеттердің алдын алу, нашақорлықтың салдарын баяндау және моральдық-рухани бағытты күшейту.
Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы жастарының өкілдері, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, мектептің жоғары сынып оқушылары, спорт саласының белсенділері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
TEDx форматында өткен форумда спикерлер өз тәжірибесі мен кәсіби көзқарастарын ашық әрі мотивациялық түрде бөлісті. Қатысушылармен Жетісу облысының полиция департаменті қызметкерлері, облыстық наркологиялық диспансер мамандары, «Қос Қанат» үкіметтік емес ұйымының мүшелері, «Жетісу» футбол клубының өкілдері және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшелері пікір алмасты.
Әрбір спикердің сөзі шынайылық пен жігерге толы болды. Мотивациялық және танымдық баяндамалар тыңдаушыларға денсаулық пен жеке жауапкершіліктің маңызын терең ұғынуға мүмкіндік берді.
Форум барысында қатысушылар есірткіге тестілеуден өтіп, «Бір таңдау – бір өмір» атты әлеуметтік бейнероликті тамашалады және салауатты өмір салтына арналған көрмемен танысты. Іс-шара соңында ашық пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, жастар мамандарға өз сауалдарын қойды.
Форум қорытындысында қатысушылар «Біз – салауатты ұлтпыз!» ұранымен фото және бейнеқұттықтау түсіріп, белсенді өмір салты мен жарқын болашаққа ұмтылыстың символына айналды.





