Бүгінде Жетісу облысының орталығында тұрғындарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету мақсатында салынып жатқан құрылыс қарқынды. Осыған байланысты биылғы жылдың 9 айында Талдықорған қаласы бойынша 92,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Сала мамандарының мәліметінше, биыл облыс орталығында 11 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Солардың ішінде бюджет қаражаты есебінен «Ынтымақ» тұрғын үй алабында алғаш рет 5 қабатты 5 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта аталған үйлердің іргетасы қаланып, қабырғалары бой көтере бастаған. Жобаны «АС Құрылыс» ЖШС жүзеге асыруда. Аталған баспаналар 2026 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Онда тұрғын үйлермен бірге аумақты абаттандыру, жас көшеттер отырғызу жұмыстары да қарастырылған. Бұл жаңа тұрғын үйлерде 1 бөлмелі – 50, 2 бөлмелі – 100, 3 бөлмелі – 50 пәтер бар. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілмек.
– Қолға алынған жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарын жайлы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. «Ынтымақ» тұрғын үй алабында салынып жатқан 5 көпқабатты үйдің құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр, сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков.
Рүстем Сағындықұлының сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мұқтаж жандарды баспанамен қамту өңірлердегі өзекті мәселелердің бірі. Осыған сай бүгінде Жетісу облысы әкімінің бастамасымен аймақта тұрғын үй құрылыстарының қарқыны артқан. Мәселен, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 16 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әр жылы олардың 2 мыңын баспанамен қамту көзделген. Ал қазіргі шаһардағы қолданысқа беріліп жатқан үйлердің біразы жергілікті және республикалық бюджет есебінен салынса, тағы біразын жеке кәсіпкерлер мен меценаттар өз қаражаттарына тұрғызған.
Айдын КӘЛІМХАН






