Жетісу облысында «Кітап оқу марафоны» аясында жас мамандарға арналған «Ойлы жас, озық маман» атты рухани-танымдық кездесу өтті. Облыстық әдістемелік орталық ұйымдастырған басқосуда кітап оқу мәдениеті, жас маманның кәсіби және рухани дамуы, интеллектуалдық ізденіс пен жаңа буынның оқырмандық талғамын қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Кездесуге жас мұғалімдер мен мамандар, қаламгерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы көтерген кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағыты аясында жастардың кітапқа қызығушылығын арттырып, кәсіби біліктілік пен рухани дамудың өзара сабақтастығын насихаттау.
Басқосуда Қазақстанның құрметті журналисі, қаламгер Жұмахмет Жайлаубаев «Оқитын адамнан ойлайтын қоғам қалыптасады» тақырыбында сөз сөйлеп, кітаптың адамның дүниетанымы мен ойлау мәдениетін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
«Құрмет» орденінің иегері, ақын Жұматай Әміреев «Кітап – ойдың қанаты, рухтың азығы» тақырыбында ой өрбітсе, қоғам белсендісі, кітапханашы Қанат Маратұлы «Кітапхана және жаңа буын: оқырманды қалай қалыптастырамыз?» деген сауал төңірегінде пікір білдірді. Ал ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұхтар Күмісбек «Жас маманның рухани капиталы» тақырыбында кітап пен үздіксіз ізденістің маман тұлғасын қалыптастырудағы орнына назар аударды.
Облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Ардақ Мұратқызы мұндай кездесулердің жас мамандар үшін тәжірибе алмасатын ғана емес, рухани бағыт-бағдар алатын орта екенін атап өтті.
– Жас маманның кәсіби өсуі оның рухани және интеллектуалдық дамуымен қатар жүруі керек. Кітап – сол дамудың ең сенімді құралдарының бірі. Сондықтан «Кітап оқу марафоны» аясында жастарды қаламгерлермен, зиялы қауым өкілдерімен жүздестіріп, еркін ой бөлісетін орта қалыптастыруды маңызды деп санаймыз. Бүгінгі кездесудің де басты мақсаты – жастарды оқуға, ізденуге және өз ойын еркін жеткізуге ынталандыру, – деді ол.
Кездесудің «Ой бөлісер орта» бөлімінде жас мамандар спикерлерге сауалдарын қойып, кітап оқу дағдысы, ұстаздың өзін-өзі дамытуы, әдебиет пен қоғам, жастардың рухани ізденісі туралы еркін пікір алмасты.
«Ойлы жас, озық маман» кездесуі кітапты тек білім көзі ретінде емес, маманның ой-өрісін кеңейтіп, кәсіби көзқарасын қалыптастыратын рухани капитал ретінде дәріптеуге бағытталды.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ





