Бүгінде Жетісу облысының орталығында жол саласы бойынша атқарылып жатқан істер ауқымды. Соның нәтижесінде қаладағы Шайқорған тұрғын үй алабында 1,5 шақырымға жуық жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді.
Сала жауаптыларының сөзінше, ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген Шайқорған аумағындағы жол осыған дейін аймақ тұрғындарын алаңдатып келген. Бұл мәселе биылғы жылдың басында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілмен кездесуде көтерілген еді. Кездесуде тұрғындар жол мәселесімен бірге түнгі жарық, қоғамдық көлік және балаларға арналған ойын алаңын салып беру туралы өтініштерін де білдірген. Сөз кезегінде шаһар басшысы тұрғындардан түскен әр сауалға толық жауап беріп, қозғалған мәселелердің қатаң бақылауға алынып, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізген. Көп өтпей тиісті шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары басталған. Енді, міне, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1,3 шақырым жол жөнделіп, өңір тұрғындарының көз қуанышына айналып отыр.
Аймақ тұрғындарының айтуынша, бұрын бұл жолмен жүру өте қиын болған. Ата-аналар мектепке барып-қайтатын балалары үшін жиі алаңдайтын. Қазір бәрі жаңартылып, айналасы абаттандырылды. Көлік және жаяу жүргіншілерге арналған жолдар тегістеліп, жарық шамдары орнатылған. Қоғамдық көлік мәселесі де шешіліп, тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған.
– Шынымен үлкен өзгеріс болды. Қазір тұрғындардың сұранысы бойынша қоғамдық көліктің тұрақты жүріп-тұруы қамтамасыз етіліп, жолға жарық шамдары орнатылып, жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл халықтың күнделікті қозғалысын айтарлықтай жеңілдетумен бірге салынған жаяу жүргіншілер жолы көпке қуаныш сыйлады. Осы орайда қала билігіне айтар алғысымыз шексіз, – дейді өңір тұрғындары.
Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының мәліметінше, биыл жалпы қала бойынша 53,8 шақырым жолды ретке келтіру жоспарланған. Жаңа жол салу жұмыстары шаһардағы бірнеше шағын ауданда жалғасуда. Атап айтқанда, «Жастар-1» шағын ауданында 53 көше, Солтүстік-Батыс ауданында 45 көше және 8, 9 аудандарында 9 көше қамтылған. Ал жөнделуі тиіс жолдардың 28,8 шақырымы жаңадан салынатын болса, 14,6 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен бірге, жол жамылғысын ауыстыруды қажет ететін ұзындығы 18,4 шақырымды құрайтын 16 көшеде орташа жөндеу жүргізіледі деп көзделген.
Айдын КӘЛІМХАН






