Енді бір қадам аттасақ 2026 жылдың есігін ашқалы тұрмыз. Түсі суық болғанымен біздер үшін жағымды болған Жылан жылын өткізіп, Жылқы жылының жалына жармаспақпыз. Иә, әр адам өзінің өткеніне қарап, алдағы күннен мол үміт күтетіні анық. Біз де, редакция тарапы, келер жылдан алар үлесімізді жақсылыққа балап, жылды жемісті аяқтадық.
Сонымен, өткен жылдың бірқатар жемісті кезеңдеріне тоқталып өтейін. Қаламын қару, парағын өріс еткен тілшілер тыным таппай, жақсылықтың жаршысы бола білді. Аймақта болып жатқан барлық жаңалықты оқырманмен қауыштырып, әр шыққан газет санына қызығушылық танытып, бұқара мен билік арасына алтын көпір болды. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық ахуалды, күрделенген мәселелерді назардан тыс қалдырмай, дер кезінде газет бетіне жариялап, оның шешілуіне үн қосты. Көтерген проблема өз шешімін тауып жатса, тілші үшін одан асқан бақыт жоқ.
Шерағамыздың «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» дегені осы шығар. Оқырманнан алған алғысқа марқайып, жазған мақаласына масаттану тілші үшін баға жетпес байлық, қанжығасына байлаған олжа. Міне, осындай проблеманың бірі – Гүлжан Тұрсын жазған Ақсу ауданындағы балабақшаның жай-күйі еді. Тозығы жеткен балабақша, жалақысын айлап алмаған қызметкерлердің жанайқайын жеткізіп, үлкен мәселені ортаға салған еді. Сол күннен бастап қызметкерлердің жалақысы төленді, балабақшаның да күрделі жөндеуіне қаражат бөлінетін болды. Гүлжан Мұқашқызының осы мақаласы Парламент Сенатының байқауында жоғары бағаланып, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолынан бас бәйгені алып қайтқаны «Jetіsý» газеті үшін үлкен абырой. Мұнымен газет қызметкерлері тоқтап қалған жоқ. Олар бәйге үшін емес, өздерінің кәсіби мамандығына адалдығын танытып, ел ішіндегі өзекті мәселенің шешімін табуына қол созатыны анық. Күнделікті ақпараттық мақалалармен қатар қоғамның өзекті мәселелеріне де қалам тартып, ортақ ой мен оқырман пікірін ұштастырып, жауапты мекемелердің де назарын аудартуға бар күшін жұмсады. Осындай тың тақырыптың бірі – Медет Жұмабайдың жазған мақаласы. Ол мектеп оқушыларын тамақтандыруда бірқатар кемшілік пен дәлелсіз таңдалған тағамдар тізімін мақаласына арқау еткен еді.
Газетте жарық көрген мақала қоғам арасында үлкен талқыға түсті. Терең зерттеуді қажет ететін тың тақырыпқа «Jetіsý» газетінің тілшісі батылы жетіп бара білді. Проблемалық тұстарын ашып көрсеткен Медет Оралбекұлы мәселені жан-жақты аша білген. Міне, көптің талқысына түскен мақала жуырда ғана Астана қаласында өткен бәйгеде үздік деп танылып, Медет Жұмабай «Жыл үздігі» атағын жеңіп алды. Біз поэзияда да қара жаяу емеспіз. Редакцияда жас ақындарымыз жетерлік. Бірінен бірі өткен, жырынан жалын атқан ақындар жыл бойына түрлі мүшәйраларда олжа салып, жыр бәйгесінде алдыларына қара салдырмады. Осындай от ауызды, орақ тілді, жазған өлеңдері жылағанды жұбатып, жан жүрегін жылытып, ғашықтарға сезім, жастарға рух сыйлаған ақын Санжар Сұлтанғазы.
Республика көлемінде ұйымдастырылған поэзия аламанында біздің Санжар 3-орыннан көрініп, атағынан ат үркетін ақындардың қатарында тұруы редакция үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ, жас ақынның «Апа, сен болмасаң» атты поэзиялық кітабы жарық көрді. Жыл бойына жеңгенің үш бәйге ме деп қалуыңыз мүмкін. Мен тек республика көлеміндегі жетістіктерді талғап, талдап, ішінен ірілерін іріктеп алып отырмын. Оның сыртында облыстық жетістіктеріміз де жетерлік. Газеттің өркендеуіне осындай талантты, қажырлы қызметкерлер өлшеусіз тер төгіп, басылымның бағын ашып жүр. Бұл біздің жылдық қорытынды. Әр сала өз істері бойынша жылды қорытса, біз де, тілшілер қауымы, осындай жетістігімізбен жылды жемісті аяқтадық.
Ришад ТҰРҒАНБАЙ





