Сарқан өңірінде көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі биыл егіс көлемін 98 288,8 гектарға жеткізбек.
Осыншама аумақтың 52620,3 гектарына бидай, жаздық арпа, сұлы сияқты дәнді дақыл, 30450 гектарға жүгері, тары, сорго, нут секілді дақылдар да себілмек. 15300 гектарға майбұршақ, 150 гектарға мақсары себу көзделген. Жетісу өңірі үшін тиімді дақылға айналған қант қызылшасына 2500 гектар жер бөлініп отыр.
Ауданда картоп, көкөніс, бақша дақылдары мен дәрілік шөп егу ісі де назардан тыс қалған жоқ. Мал азығын дайындауға да ерекше мән берілуде. Шаруалар жоңышқа егіп, қысқы қорды қамдастыруға кіріскен.
Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай қоры да алдын ала әзірленген. Шаруаларға 3426,2 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінсе, науқанға қажет 12511 тонна минералдық тыңайтқыштың бүгінге дейін 4617,9 тоннасы сатып алынған.
– Көктемгі дала және егін егу жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда. Биыл да мол өнім алуға негіз бар, – дейді бөлім басшысының орынбасары Айгүл Әбдірайымова.
Қазір өңір диқандары үшін көктемгі науқанды ұйымшылдықпен өткізу маңызды. Негізгі міндет егіс жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, мол өнімнің берік негізін қалау.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ





