Адам өмірі – тағдырдың жазған жолы. Біреуге жібектей жұмсақ, екіншіге өткел бермес асау өзендей. Бірақ қандай сынақ келсе де, ең бастысы оған төтеп беретін жүрек пен рухтың беріктігі. Құдайберген Мұратұлы дәл осындай қайсар рух иесі.
Құдайберген Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қарапайым қазақ ауылында өткен. Жастайынан білімге құштар, өнерге жақын болды. Мектепте озат оқушы атанып, түрлі жарыстарда топ жарды. Бесінші сыныпта кіші ғылыми академияда жүлделі орындарды иеленіп, білімге деген ынтасын дәлелдеді.
Ақындық өнерге деген махаббаты мектеп қабырғасында-ақ байқалды. Оныншы сыныпта Мұқағали поэмаларын жатқа оқудан аудандық сайыста бас жүлде, облыстық байқауларда 1-орын алды.
Мектепті үздік аяқтаған Құдайберген болашағын медицинамен байланыстырғысы келді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 102 балл жинап, биология пәнін таңдап, С. Асфендияров атындағы медицина университетіне мемлекеттік грантпен оқуға түсті.
Тоғызыншы сыныптан бастап сырқат белгілері байқала бастаған Құдайбергеннің эпилепсия дерті меңдеп, денсаулығы күрт нашарлаған. Университеттегі бірінші курстың соңғы емтиханы кезінде ұстамасы ұстап, оқытушылар көзінше ауырып қалады. Осы оқиғадан соң университет басшылығы оны оқудан шығаруға шешім қабылдаған.
Келесі жылы Шет тілдер және Іскерлік карьера университетіне түсіп, тағы да грант ұтып алған. Тағы да денсаулық мәселесіне байланысты бұл оқу орнынан шығарылады.
Үшінші мәрте тағы да бағын сынап, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түседі. Бұл жолы шынайы қызығушылыққа айналған әдебиет әлеміне терең бойлайды.
Бала күннен жазатын өлеңдеріне қайта оралып, туындылары республикалық «Қазақ» газетінде, аудандық, облыстық басылымдарда жарық көреді. Десе де жеке кітабын шығару әзірге орындалмаған арманы. «Бір кітапқа жететін өлеңім бар, бірақ қолдау жоқ», – дейді ақын.
Құдайберген денсаулығына қарамастан, үмітін үзбеген жан. Бес уақыт намазын қаза етпей, жүрегіне иман ұялатқан. Өзі айтқандай, барлық саланың есігі жабылса да жырдың жолы жабылмайды.
Эльмира СМАҒҰЛОВА,
І. Жансүгіров атындағы ЖУ студенті