ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева салалық әкімшілік істерді қарауға арналған пікірталас клубының жетінші отырысына қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласында өткен жиынға кассациялық соттың, қалалық және мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың судьялары, сондай-ақ патенттік сенім білдірілген өкілдер мен заңгерлер қатысты. Басқосудың басты мақсаты – авторлық құқық пен патенттік дауларды шешуде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру.
Пікірталас барысында мамандар зияткерлік меншікке қатысты әкімшілік істер санының тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Бұл саланың ерекшелігі – істердің технологиялық және заңнамалық тұрғыдан өте күрделі болуында.
Жиында көтерілген негізгі мәселелер:
-
Құқық қолдану тәжірибесінде бірыңғай әрі болжамды тәсілдерді енгізу;
-
Соттар мен уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту;
-
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы сараптама сапасын арттыру.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай ашық диалог алаңдары зияткерлік меншік иелерінің құқығын тиімді қорғауға және елдегі заң үстемдігін нығайтуға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.





