Үштөбе гарнизонына қарасты 15603 әскери бөлімінде 2025 жылғы көктемгі шақырылыммен әскери борышын өтеген мерзімді қызмет сарбаздарын запасқа шығарып салуға арналған салтанатты рәсім ұйымдастырылды. Бір жыл бойы Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарған Алматы облысы мен Жетісу облысынан шақырылған қырыққа жуық сарбаз елге аман-есен оралуға жолдама алды.
Салтанатты кеш әскери тәртіп пен патриоттық рухқа толы ерекше жағдайда өтті. Іс-шара барысында 15603 әскери бөлім командирі полковник Расул Султанов сөз сөйлеп, сарбаздардың адал қызметіне жоғары баға берді. Ол бір жыл ішінде жауынгерлік даярлықтан өтіп, әскери тәртіпті меңгерген жас азаматтардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында үлкен өмірлік тәжірибе жинақтағанын атап өтті.
– Сіздер осы уақыт ішінде шыдамдылық пен тәртіпті және жауапкершілікті үйрендіңіздер. Ел сенімін абыроймен ақтап, әскери міндеттеріңізді лайықты орындадыңыздар. Алдағы өмір жолдарыңызға сәттілік тілеймін, – деді бөлім командирі.
Шара барысында әрбір сарбазға арнайы алғыс хаттар мен құттықтау грамоталары табысталды. Сонымен қатар, кешке мектептердің жоғары сынып оқушылары, ата-аналар және биылғы шақырылыммен келген жас сарбаздар қатысты. Бұл жас буын үшін әскери қызметтің маңызын түсіндіріп, патриоттық тәрбиені нығайтатын тағылымды кездесу болды.
Әскер қатарынан елге оралып жатқан сарбаздар да өз кезегінде әскери бөлім басшылығына алғыстарын білдіріп, кейінгі толқын жас жауынгерлерге ақ жол тіледі. Олар әскери өмірдің өздеріне тәртіп пен төзімділік, нағыз достық пен жауапкершілікті үйреткенін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара соңы әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында әскери бөлімнің өнерпаз сарбаздары мен мәдениет қызметкерлері патриоттық әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі







