Жетісу облысында биыл 230 гектар жер кенеге қарсы өңделеді. Бұл жұмыстар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларын қамтиды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өйткені аталған аудандар кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақтарға жатады. Жетісу облысы бойынша жыл сайын кене энцефалитінің 4-5 жағдайы тіркеледі. Сондықтан тауға шыққанда, орман мен саябақтарға барғанда барынша абай болып, қайнатылған сүтті қолдану керек. Ал денеңізге кене жабысқанын байқасаңыз, хирург дәрігерлерге көрінген абзал. Өңір омарташылары да жағдайға түсіністікпен қарап отыр, — дейді мамандар.
Асхат Шарапиев, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: — Омарташылардан ондай шағымдар болған жоқ. Керісінше, омарташылар ондай өңдеу жұмыстарын сұрайды бізден. Ол өте үлкен көмек болады оларға. Біздің мына Жетісу облысында 7 ауданда 230 гектарға өңдеу жұмыстары жоспарланып отыр. Ол мына қазір күн жылынған кезде басталады.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





