Облыста «Ауыл – ел бесігі» жобасымен былтыр 24 елді мекен қамтылып, 13,7 млрд. теңгеге 50 жоба жүзеге асырылған еді. Ал биыл осындай 32 жоба 27 елді мекенде іске аспақ. Мәселен, Кербұлақ ауданына осы жоба аясында 2 млрд. 75 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға 9 жоба жүзеге асады. Олар аудандағы елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге, өмір сүру жағайдын жақсартуға ықпал етеді.
Кербұлақ ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда Ы. Алтынсарин, Дутов, Сарыбұлақ орта мектептеріне күрделі жөндеу, Сарыөзек, Қоғалы, Қарағаш ауылдарының ішкі жолдарына орташа жөндеу жасалып, Сарыөзек ауылдық округінің көшелері жарықтандырылған. Сонымен қатар, күрделі жөндеу өткізілген Мәдениет үйі де күні кеше қайта іске қосылды. Нысанның ашылу шарасында аудан тұрғындарына онлайн режимде концерт ұсынылды.
Әбікен Сарыбаев атындағы бұл Мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен республикалық бюджеттен 320 млн. 337 мың теңге бөлінген. Ғимараттың қабырғалары, шатыры, электрмен қамту жүйесі қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға өнер ордасының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Көрермен залына жиһаз, заманауи музыкалық аппаратура, оргтехника, LED-экрандар мен құрылғылар сатып алынды. Қазіргі кезде Әбікен Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде 16 адам, ал «Күреңбел» фольклорлық ән-би ансамблінде 13 адам жұмыс істейді. Жалпы аудандағы қызметкерлерінің саны – 51.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыста «Ауыл – ел бесiгi» бойынша өткен жылы 50 жоба жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде күніне жалпы саны 360 адам қабылдай алатын 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 20 шақырым су жүйесі жөнделді, 70 шақырым ауыл ішіндегі электрмен қамту желілері, 90 шақырым ауылдың ішкі жолдары қалпына келтірілді және 4,4 шақырым жылу жүйесі жүргізілді. 38 нысанда жұмыстар аяқталды, ал 12 нысанның құрылысы биыл да жалғасады. Үстіміздегі жылы 27 елді мекенді қамтитын 32 жобаны іске асыру межеленген. 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, 10 елді мекеннің инженерлік жүйелері қалпына келтіріліп, құрылысы жүргізіледі. Сол сияқты, білім саласында 3 жоба, мәдениетте 4, денсаулық сақтауда 1, жол жөндеуге қатысты 11 жоба іске асырылатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі




