Облыс кәсіпкерлері арасында маркетинг және бухгалтерлік есеп қызметтері ең сұранысқа ие қызметтер қатарында. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің 10 мыңнан астам кәсіпкері «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында бизнесті ашу және жүргізу бойынша сервистік қызметтер мен кеңестер алды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік субъектілеріне ақысыз негізде облыстың қалалары мен аудан орталықтарындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы қаржылай емес қолдау көрсетілетінін айтты. І жартыжылдықта аймақтағы 10 511 кәсіпкерге 9705 сервистік және консультациялық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, 13,8 млрд. теңгеге 375 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде жалпы сомасы 2 млрд. теңгеге жуық 55 жоба іске асырылды.
Әсет Шаяхметовтың айтуынша, жүргізген талдауға сәйкес сервистік қызметтер бойынша кәсіпкерлер арасында маркетинг мәселелері бойынша қызметтер мен бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есептілікті жасауға байланысты қызметтер ең танымал болып табылады. Әрі қарай кәсіпкерлер заң қызметтері мен мемлекеттік сатып алу мәселелеріне жиі жүгінеді. Өтініштердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы және сауда саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің үлесіне тиесілі.
Ақпараттық қамтамасыз ету бойынша кәсіпкерлерде бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары, бизнесті ашу мен жүргізу мәселелері және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелері бойынша кеңестер сұранысқа ие. Өтініш білдіргендердің 97,4 пайызы шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың басым бөлігі немесе 54,5 пайызын әйелдер басқарады. Сондай-ақ, Әсет Шаяхметов кәсіпкерлер үшін аталған қызметтер тегін екенін атап өтті. Барлық қызмет www.g4b.kz ҚР ҰКП платформасы арқылы онлайн режимде толық көлемде ұсынылады.
Диас БЕЙСЕНБЕК,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы




