Мемлекеттік қызметшілер – еліміздің өркендеп, қарқынды дамуына, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына елеулі үлес қосатын мамандар саналады. Осыған орай Елбасы Н. Назарбаевтың 2013 жылғы Жарлығымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілген болатын. Айтулы күнге орай Б. Римова атындағы облыстық драма театрында Жетісу жерінің өркендеуі жолында адал еңбек еткен мамандар марапатталып, үздіктерінің кеудесіне төсбелгі қадалды.
Алдымен көпшілікті құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов мереке иелерінің абыройлы қызмет атқарып, артылған жауапкершілік жүгін қажымай көтерулеріне тілектестік білдірді.
– Бірнеше жылдан бері Мемлекеттік қызметшілер күнін атап өту игі дәстүрге айналды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мерейлі мерекеге орай сіздерді арнайы құттықтап, құрмет көрсету салтанатында бас қосып отырмыз, – деген Лаззат Махатұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. – Биылғы жыл – облысымыз үшін ерекше жыл. Отанымыз Қазақстан тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне жетті. Сонымен қатар, Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына көшірілгеніне 20 жыл болды. Осындай мерейлі даталардың аясында еліміздің тарихын, тәуелсіздіктің шежіресін, мемлекеттік қызметтің мән-маңызын бұрынғыдан терең ұғына түсеміз.
Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, абыройлы да жемісті еңбек тілеймін. Отбасыларыңыз аман болып, Отанымыз көркейіп, гүлдене берсін!
Келесі кезекте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова, облыстық спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының бас маманы Мәди Шәкенов кезекпен сөз алып, салтанатты шараға қатысушыларды мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты шара аясында өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып, мемлекеттік қызмет саласының жұмысын жандандырған жандар түрлі марапаттарға ие болды. Солардың арасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Сырым Дынбаев «Қазақстан Республикасының Үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгісін иеленсе, бірқатар маман ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Грамотасымен марапатталды.
Мерекелік шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекеге орай дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Мәди АЛЖАНБАЙ




