Шоқан туралы зерттеулер жеткілікті. бізден әлдеқайда артық ғалым-жазушылар осы ерекше тұлғаға өздерінің көптеген шығармасын арнаған. Дегенмен, ұлы ғалым мәңгілік орнын тапқан Алтынемел өңірінің тумасы болғандықтан өзіме белгілі бірер жайтты оқырманмен бөлісе кетсем деген ойдамын. Бұған түрткі болған, «Жақсының артынан сөз ереді» деп атам қазақтың айтқанындай, кейінгі кезде Шоқан туралы көптеген, зерттелген-зерттелмегені бар, дақпырты-даңқы мол, қауесетті желсөздің көбейіп кеткендігі десем болады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде «Шоқан 1865 жылы өлмеген екен… 1875 жылы Америкадағы әлдебір газетте хабарлама бар екен… Орыс әскери билігі Шоқанды жерлеген соң басына күзет қойып, ешкімді жолатпай тұрған екен… Шоқан шонжар тұқымы, көкірек ауруымен ауыруы мүмкін емес-мыс» деген сияқты сөздер желдей еседі.
Еріксізден, сонда қалай болғаны деген ойға қаласың? Шоқан жатқан топырақтың адамы ретінде, бұрынғы естіген сөздерімізді біраз зерделеп көрелік.
Сірә, ұлылардың артынан қандай да болсын сөз ілеспей қалмайтыны шындық. Бұл мүмкін, қарт тарихтың, елдің өз ұлыларын ешқашанда ұмытпайтындығынан да шығар!
Алтын Емел елінде бұрыннан жеткен мынандай сөз бар: «Өткен ғасырдың бас кезінде «Көшен Тоғандағы» Шоқан сұлтанның басына қойған ескерткіш тасын екіге бөліп, қол диірмен жасамақ болған бір переселен орыс тасты шауып отырғанда ұшқын тиіп, көзі шығып, үйіне әрең жетіп, ауырып жатып қалып, содан өлген. Одан қорыққан артындағы үй-іші, туыстары, «проклятый камень, место» деп атаған деседі. Кейінірек, уақыт өткен сайын, таспен қоса бейіті де құлап, жер болып кеткен екен. Аумалы-төкпелі заманда оған қарайтын ешкімнің де мүмкіндігі болмаған».
Өткен ғасырдың елуінші жылдарында: «Шоқанның сүйегі қайда екен? Осы Алтын Емелдегі деген бос сөз екен? Баласының сүйегін Тезек төре естірткен соң, Шыңғыс сұлтан, келіні Айсарамен бірге Шоқан қазасынан кейін, алып кетіпті-мыс» секілді әңгімелер өрбісе керек. Шоқан жайлы шындықты білу үшін тарихи құжаттарға жүгінелік. 1865-ші жылдың он төртінші ақпанында Шоқанның Тезек ауылынан генерал Г. Колпаковскийге жазған хатында осы өңірдегі жалпы жағдайды, қытайлықтардың Тезек төреге жазған хаттарын және ол туралы жазғандарын аударып, баяндай кеткені анық. Оған қосымша Шоқанның генерал-губернатордан дәрігерлік көмек сұрағаны және әкесіне де хат жазып, қалының мүшкіл екені туралы айтқаны да шындық. Орыс ғалымы А. Гейнстің 1865-ші жылғы күнделігінде Алтын Емелдегі Тезектің ауылында болғандығы былай келтірілген:
«31-қыркүйек. Бүгін таңертең бізге Албан руының сұлтаны Тезек келді. Ол – Ұлы Жүз ішінде өте ықпалды адам. Ол полковник мундирінде болды. Тезек ұзын бойлы емес. Оның жалтылдаған өткір көзі үй ішін кезе қарап отырды. Өзі тез, әрі ақылмен байыптай сөйлейді. Біз Тезекті бірге тамақтануға шақырдық.
1-қазан. Таңертең Тезекке бардық. Ол өз ауылымен күздеуде отыр. Оның қыстауы күздеуінен отыз шақырымдай қашықтықта. Сұлтанның ауылы Алтын Емелдің асуынан онша алыста емес, бір қолат аңғардағы бұлақтың басында. Тау сол арадан бірден басталады.
Алтын Емелде екі асу бар: біреуі қазір қасында Тезек отырғаны Жаман Алтын Емел, екіншісі солтүстік-шығыста жатқан Жақсы Алтын Емел, алдыңғысынан жолы жақсылау.
Сұлтан ордасының жақын маңына бізге арнап үй тігіліпті. Көп кешікпей Тезек келді. Кішкене күттік те біз оның үйіне беттедік. Оның үй-іші өзге де ауқатты қазақтардың үйінен ерекшеленбейді. Тек кереге басына іліп қойған сан түрлі қарулар бар. Мұнда Тулада жасалған қосауыз мылтық, оқпаны күміспен күптелген өте көне штуцер, қисық қылыш, жебе толы қорамсағымен садақ және екі айбалта ілулі тұрды. Мен барлық қаруды қарап шықтым. Айбалта өте жақсы жасалған.
Киіз үйде бізді Тезектің бәйбішесі қарсы алды, оның төрт әйелі бар. Бәйбішенің қасында әдемі, бірақ беті ұйпаланыңқыраған қызы және сары қытай шапанын киген бет аузы сатпақтау ұлы отырды. Аман-саулық сұрасқан соң, Тезектің қарындасы Шоқан Уәлихановтың жесірінің үйіне кірдік. Біз оған күйеуінің ерте кеткендігіне өте өкінетінімізді, тірі болса ақылымен және мәліметтерімен бізге аса пайдалы болатындығын айтып, шын жүректен көңіл білдірдік. Жесір, сірә, қайғыдан қайысып отырған болар, бірақ босамады, жыламсырап пысылдамады. Түсі жылы игілі әйел екен…
Қарындасыныкінде отырғанда Тезек бізге император Александр I Албан болыстарын басқару мұрагері Хакимбек сұлтанға 1824-ші жылы берген грамотасын көрсетті. Грамота оқамен қапталған барқыт кітапшаға салыныпты және оған үлкен күміс мөрді қосып іліп қойыпты. Грамотада Ұлы Жүзді әскерге алудан мәңгі босататындығы жайында уәде көрініп тұр».
Бұл құжаттан Тезек төренің бет-әлпеті, тұрмысы, мінез-құлқы, мекен еткен жерлері туралы және Шоқан Уәлихановтың қай жерде, қашан қайтыс болғандығы көрінетін мәлімет алуға болады. Осы естелігінде Гейнс, жақын маңда Шоқанның жесірін әмеңгерлік жолымен алып кетуге келген Шыңғысұлы Жақып сұлтанның да сән-салтанатты, әшекейлеген, жасау-жабдықты ордасын көргендігін айтады және Тезектің оған қарағанда өз үйін қарапайымдау ұстайтынын да сөз етеді…
Бастырушылардан кеткен қате ме, әлде Гейнс дұрыс түсінбеді ме, тек бұл жерге алып-қосарымыз, Александр I берген грамотасы жөніндегі мәліметтің дұрыс еместігі. Біздің ойымызша ол грамота, 1824-ші жылы Ұлы Жүз сұлтаны Сөк Абылайхановқа немесе Санкт-Петербургте императордың қабылдауында болған Ералы сұлтанға ғана берілуі мүмкін. Өйткені, Хакимбек Әлиұлы сұлтан ондай грамота алған жоқ деген ойдамыз.
Кейбір Қазақ зерттеушілері аталған грамота Әділ сұлтанға берілген деп жазатындығы қисынға келмейді. Себебі, Әділ сұлтан 1824-ші жылы бұл өмірде болған жоқ. Әділ сұлтанға Қытай богдаханы атынан берілген грамота бар екенін алдыңғы жазбаларда айтқанбыз.
А. Гейнстің күнделігінде көрсетілген жер – қазіргі Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек – Жаркент автожолы өтетін Алтын Емел асуы ежелден «Жаман Алтын Емел» асуы аталады, ал одан шығысқа қарай қазіргі «Алтын Емел» ауылының басындағы асу, бұрыннан «Жақсы Алтын Емел» атанады. Асулардың былай аталуында жақсы, жаман түсінігі жоқ, тек жолдың ыңғайын көрсетеді. Бұл туралы Зибберштейн де сәл қателескенімен, жазып кеткен. «Жақсы Алтын Емелден» шығысқа қарай Түлкілі, Қоянды таулары басталып, олардың күнгейінде Семенов-Тяньшанский жазған Басши, Қоңырөлең жатыр. Ал «Жаман Алтын Емелден» батысқа қарай Қайыңды, Жұрынды, Матай, Шымылдық таулары көлбей жатыр, одан әрі Зибберштейн өткен асу – Жүз асу, одан ары – Қыз Асу, Талды, Тамшы болып, Қарашоқыға қарай жалғаса береді.
«Жаман Алтын Емел» асуының теріскей етегіндегі Тезек төренің ауылы тұрған жер бұрыннан «Мақпал» деп аталады.
Тезек төренің жатқан жері де сонда. Осы «Мақпалдан» батысқа қарай Матай тауының етегінде қазіргі Шоқан, Амангелді, Шанханай ауылдары орналасқан. Міне, сол жерлердегі «Көшен тоған» аталатын жерде Ералы сұлтан және бірталай адам жатқан себепті, қазақтың аспанында жарқ етіп аққан жұлдызы Шоқан бабамыз да жерленгендігін нақты айта аламыз.
Күллі Алаштың маңдайына жарық жұлдыз болып біткен Шоқан сұлтанның қазасы мен жатқан жері туралы, тіпті, сүйегі туралы да кезінде неше түрлі әңгіме болған көрінеді. Бұл дақпыртты анықтау мақсатында осы өңірге қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқанов келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Басында ешкім аса сыр аша қоймағанмен, ол кісі де тегін адам емес қой: «Әй, сендердің елдіктерің қайда, төреліктерің қайда, айтыңдар білгендеріңді» деп, қолқалап қоймаған соң сол өңірдегі ақсақалдар білгенін Сәбит атамызға баяндаған. Бұл жерде әңгімені көбінесе 1895 жылдары туған Бектас және Медеш аталар айтса керек. «Ата-әкелерімізден естіген едік, Ташкен жақтан орыспен қосылып Уәли-Шыңғыстың ұлы Шоқан, Кенесарының балаларымен және Қоқанмен соғысқан екен. Өзі орыс офицері болыпты, ақыры орыспен де келіспей осы жаққа Тезекке қашып келген. Тезек оған қарындасы Айсараны беріп, жақсы қарсы алған. Бірақ, жастай, көп жасамай, көкірек ауруынан бірер жылдан соң осында қайтыс болыпты да, Тезек төре Шыңғысқа естіртуге билерін жіберіпті. Одан Шоқанның бір бауыры келіп, жесірін алып кеткен. Ал Шоқанды «Көшен Тоғандағы» төрелер бейітіне қойғанда, қазылған құдығы қайта-қайта құлай беріп, ақымына түспес үшін үлкендер құдығын қыш кірпішпен қалатып шығарған. Кейінірек, генерал Колпаковский айтып, сонау Самарқаннан қашалған, жазуы бар дәу көктасты түйеге артып әкеліп, соның басына қойған екен. Соны кейін бір орыс шауып диірмен жасамақшы болғанында көзіне тас ұшып тиіп, содан өліпті. Құрысын деп тасты қайтадан орнында қалдырыпты». Халық аузындағы әңгімелер сол кездегі тарихи құжаттардың барысына дәл ұштасады. Сәбит Мұқанов әлгі кісілерді апарып, бейіт орнын көріп, анықтап алады да Алматыдан археологтарды шақырып, (шындығында бұл әңгіменің түбіне де жете алмадым, сонда қатысқан археологтарды таппадым – А.А), қазып жіберсе тас та шыққан, кірпішпен қаланған бейіті де шыққан. Сонымен Сәбит Мұқановтың ауыл ақсақалдары мен ұжымшар басшысы болған, соғыс ардагері Игібай Базарбаев қарияның арқасында Шоқан бабамыздың жатқан жері нақты анықталып, 1958-ші жылы, өкімет тарапынан ескерткіш ашылып, үлкен салтанатты жиын өтіп, ас беріліп, ат шаптырып, ескерткіш ашылған екен. Сол бәйгеде менің атам Алтайдың аты екінші келіпті.
Көкшедегі Шыңғыс сұлтанға Жетісудан Тезек төре арнайы адамдар жіберіп, Шоқан қазасын естірткен әңгімені де айта кеткенді жөн көрдім.
«Қазақтың атақты ғалымы, белгілі ағартушы, әрі саяхатшысы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртеді.
Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Жетісудан барған билер алдымен Атығай Келдібек би мен Әлібек батырға айтып, бәрі көп нөкер ертіп, Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе сұлтан іштей сезіп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:
– Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.
– Адам қымбат, – депті Шыңғыс.
– Адамға не қымбат?
– Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса.
– Жансызда не қымбат екен?
– Жансызда қымбат гауһар деуші еді.
– Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?
– Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.
– Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді? – дегенде Шыңғыс төре:
– Ең күштісі, күштісі алады, – деп санын бір соғыпты да:
– Менің гауһарым Мұхаммед-Қанапияға тағдырдың оғы тиген екен ғой, – деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып қапты. Келдібек би тоқтау айтып:
– Уа, сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді құнсыз алды, не шара! – деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда үйдегілердің бәрі еңірепті». Ойласаңыз, қазақтың қаралы хабарды естіртуінің өзінде керемет тәмсіл-тағлым жатыр емес пе?!
Әңгімені Шоқанның төңірегінде өрбітіп отырған соң, оның суретшілігі, әсіресе, өмірінің соңғы кездері өткен Тезек Төренің суреттерін салғаны туралы да біраз ой қозғай кетсек, артық болмас.
Осы күнге Тезек төренің көзі тірісінде салынған екі суреті жеткен. Бірі – тура қарап отырғаны, екіншісі – қырынан салынған әр түрлі киімдегі суреттер. Бұл суреттердің құндылығы, қазіргі кей суретшілердің қиялынан туған еместігінде. Яғни, сол кездегі адамдардың бет-әлпетін, киім үлгілерін шынайы бейнелеуінде.
Қазақ зерттеушілері Тезек төренің қырынан қарағандағы суретін атақты бабамыз Шоқан Уәлиханов салған деп табады. Өйткені бабамыздың өзінің жазған қолтаңбасы бар. Бұған ешкімнің де таласы бола қоймас. Бақ пен өнер қатар қонған төре ұрпақтарының ішіндегі, бар қазақтың маңдайына біткен, біртуар ғалымы Шоқанның суретшілік өнері де зор болғаны баршаға мәлім. Әкесі Шыңғыс сұлтанның «Құдай маған бақ берсе, інім Ханқожаға (Қорқыттан кейін қазақ арасына қобыз тартуды қайта жаңғыртып, алып келген, дәулескер күйші) өнер берген» деген сөзі бар емес пе?
Қазақ суретші-мамандары Шоқанның суретшілігін былай бағалайды: «Шоқан – адам мінез-құлқын дөп басып бере алатын психолог, жоғары шеберліктегі суретші. Оның көптеген портреттік еңбектері адамның ішкі дүниесінің сезіміне құрылған озық туындылар. “Би Сартай”, “Сұлтан Мамырхан Үрістемов”, “Ханқожа Уәлиханов” портреттерінде әр кейіпкерді өзіндік тұғырда білгірлікпен бейнелей білген. Суретшінің сурет техникасы, ілім заңдылықтарын жете білетіні еңбектерінен білініп тұр. Оның, адам денесінің арақатынас өлшемдерін (пропорциясын, канондық өлшемдерін) жете түсінетіні, сурет құрылысын құрудың, композициялық орналастырудың асқан шебері екенін байқау қиын емес. Суретшінің шеберлігі оның техникасына көп байланысты, мысалы сызықтардың үйлесімді түсуі, нәзік те әсем із қалдыруы және жарық пен көлеңкенің жарасымдылығы. Осының бәрін Шоқан тамаша бере білген. Оның әсіресе, қысқа-мерзімде салған суреттері өзіндік бет-бейнесімен, әсерлілігімен, профессионалдық орындалуымен маман суретшінің өзін қайран қалдырады.
Сондай туындыларының бірі “Тезек төре” (портреті) кескіні. Мұнда қазақтың белді сұлтаны, үлкен дипломат бейнесі айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескінделген. Шоқан суреттерін мұқият қарар болсақ, ұлы суретшілерге тән әдіс-тәсілін байқайсың. Оның көптеген суреттері «Қайта өрлеу дәуірі» суретшілерінің туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық суреттерімен таныс болғанын дәлелдейді. Әсіресе, оның долбар суреттері Леонардо да Винчидің эскиз суреттеріне өте ұқсайды.
Шоқанның шоқтығы биік жұмыстарының бірі – осы нобай суреттері. Суретшінің шеберлігі, ұлылығы оның көп картиналар жазуымен есептелінбейді, біреу де болса бірегейлігінде. Кезінде Пикассо тамаша иірімді графикалық сызықпен сызған (нобай сурет) көгершін суретімен аты әлемге әйгіленеді. Оның сол суреті бейбітшілік символы болып дүниенің түкпір-түкпіріне тарады. Пикассоның туындысындай сызықтың толқынды ізімен туындаған тартымды суреттер Шоқанда жетерлік. Соның бірі – “1856-жылы Құлжада қытай жайсаңдарын қабылдауымыз” атты топтама портреттік шығарма. Мұнда суретші жай сызықты нобай суретпен-ақ қытай елшілігінің адамдарының түр-түсін, мінез-құлқын, көңіл-күйін дөп басып бейнелей білген. Сонымен қоса картинада қуақы күлкіге құрылған көңіл де байқалады.
Осындай талғамы жоғары туындыларының қатарына “Потанин портреті”, “Қазақтың бейнесі”, “Қырғыздардың ат баптауы”, “Ұйғырлардың киім киісі” т.б. жұмыстарын жатқызуға болады. “Қырғыздардың ат баптауы” нобай суретінде бір дәуірдің ұлттық бояуын, халықтың мінез-құлқын, салт-санасын білгірлікпен, шыншыл жеткізген. Ондағы қимыл-қозғалыс аса бір нанымды сол кезеңнің өмір келбетін көрсетеді.
Жалпы алғанда Шоқан Уәлиханов өте сезімтал, көреген суретші, шеберлігі жағынан сол кезеңдегі орыстың атақты суретшілерінің алдыңғы тобынан орын алады. Оның бізге қалдырып кеткен мұра-суреттері соны айғақтайды». (Шоқан және өнер кітабынан)
Мақалаға арнайы беріліп отырған бірінші сурет – Шоқан Уәлиханов пен Тезек төренің алғашқы кездескен 1856-шы жылы салынса керек. Оны Тезек төренің бас киімінде қытай өкіметінен берілген билікті білдіретін асыл тастардың қадалғанынан білуге болады. Ол тұста Ресей билігі қазақ арасына толықтай дендей қоймаған.
Ал Тезек төренің тура қараған суретін (мақалада екінші тұрған) орыс зерттеушілері П. Семенов-Тяньшанскийдің көмекшілерінің бірі томскілік суретші П. М. Кошаров салған деп келтіреді және ханды былайынша бейнелейді: «Қымбат, жылы шапан киіп, асыл, жалпақ белбеумен буынған. Кең өрнекті шалбар киініп, басындағы бөркі бағалы терілермен әдіптелген. Ашық көздерінің жанары өткір. Бастырылған мұртты, сиректеу сақалды. Ашаң өңді, өр мінезі шешімді, ақылды кісіні көрсетіп тұр. Бет-әлпеті бір қарағаннан-ақ ұнамды және тумысынан асып туған зерек екендігі байқалады» (Алатауские очерки).
Осы жерде өз тарапымыздан – Тезек төренің үшінші суреті болуы мүмкін деген тың ойымызды ұсынбақпыз. «Шоқан және өнер» кітабында «Аға сұлтан» атты 1864 жылы Шоқанның салған суреті бар. (Мақаладағы үшінші сурет)
Міне, дәл осы сұрақ бойынша маман ретінде белгілі тәуелсіз суретші – Берік Жанке мырзаға суреттерге өз бағасын сараптау ретінде беруін сұраған едік. Ол кісі былай деді:
«Шоқанның шамамен 1850 жылдары салынған Тезек төре сұлтанның суретi мен 1864 жылы салынған (автордың пайымдауы бойынша – Тезек төре сұлтан) портретiн салыстырғанда салыну қолтаңбаларының өте ұқсастығы тайға таңба басқандай-ақ бiлiнiп тұр. Суретшiнiң техникалық салу әдiсi бiр iзбен өрiлген. Мысалы, бас киiм мен үстiне киген киiмнiң қалың контурлық сызықтарының ұқсастығы, штрих бояуларының бiр iздiлiгi, сондай-ақ бет әлпетiнiң арада шамамен он төрт жыл уақыт өтiп салынғанымен де, қастың, қыр мұрынның, мұрт пен сақалдың ұксастығында дау туғызар элемент жоқ, яғни нағыз ұқсастық байқалады.
Қыр мұрын мен иектiң П. Кошаров салған суретте де қайталануы, бәрi бiр тұлғаның бейнесiн ашық көрсетедi.
Бiр қызығы, осы үш суреттiң салыну кезеңдерiнiң арасы жетi жылдан екен, яғни 1850 жылғы салынған суреттегi адамның жас шамасы шамамен 30-35 жас деп алсақ, П. Кошаров салған 1857 жылғы суреттегi адамның жасы шамамен 37-42, ал 1864 жылы салынған портреттегi жас 44-49 жас аралығын көрсетедi. Әрине, ақшыл-қара графика жас мөлшерін нақты анықтауға қиындау, әйткенмен солай болжаймын.
Сол себептi, осы салынған үш суреттiң бiр адам бейнесi екендiгiне еш шүбә келтiруге болмайды, сондықтан өз тарапымнан бұл үш сурет те аға сұлтан Тезек төренiң портретi деп айта аламын.
Қазiргi дамыған заманда, мүмкiн, компьютерлiк эксперт арқылы да анықтауға болатын шығар. Алайда ол сурет әлемiнде өмiр сүретiн адамға артық болар деп есептеймiн». Алматы. 2015.
Осында айтылған суретші досымыздың сараптамасына небір өздерін атақты санайтын суретшілер де қарсы пікір айтпады. Сондықтан, осы айтқан, яғни 1864-ші жылғы Шоқан салған суреттегі «Аға Сұлтан» суретінде Тезек төре екені ешқандай дау тудырмаса керек.
Алтынемел етегіндегі Шоқанның мемориалды музейіне Үкімет қомақты қаржы бөліп, реставрациядан өтті. Заман талабына сай жаңартылып, іші-сырты көз сүйсінерліктей жөнделді.
Сөзімнің соңын музей басшысының мына бір әңгімесімен түйіндегенді жөн көрдім:
– Кезінде музейге ұлтымыздың дара перзенттері Димаш атаның, Мұстафа Өзтүріктің, тағы да басқа танымал тұлғалар мен көптеген шетелдіктердің келгенін білесіздер. Жақында әлемнің әйгілісі саналатын Джонатан келді. Келе салып, сағатына қарады да: «Бар болғаны 15 минут уақытым бар, не көрсетесіздер, тезірек, – деді.
Біз Шоқан бабамыздың аққан жұлдыздай өте шыққан өмірін барынша түсіндіре бастадық. Біраздан соң ол басын шайқап: «Тоқтаңыздар, ғалымдарыңыз 30 жыл өмір сүріп, осынша жерді көріп, соншама еңбек жазуы мүмкін емес, оның үстіне балалық шағын алып тастау керек», – деді сенімсіздік танытып. Бұнысы намысымызға тиіп кетті де атақты ғалымның бар өмірін, еңбектерін түгелдей құжаттармен дәлелдеп, анықтап тұрып баяндай бастадық!
Қараймыз, таң қалғаннан басы айналып, ол 15 минутын ұмытып та кетті! Кетер емес. Мен шаршағандықтан көмекшіме кезек бердім. Қойыңызшы, сонымен кеш батып, түн болғанда әрең шығарып салдық».
Шоқан жайлы шындықты бұрмалап, кейде өз қазағымызды сендіре алмай жүргенде, шеттен келген адамның сенімсіздік танытуы заңдылық. Ендеше, отыз-ақ жыл өмір сүріп, жақынды да, жатты да таңғалдыратын ғаламат мұра қалдырған Шоқаны бар біз бақытты халықпыз. Сондықтан бақытымыздың бағасын біле жүрейік. Қазақта сан түрлі ғылымды меңгерген ғалым – ол біздің Шоқан!
Азамат АҚЫЛБЕКОВ,
«Жетісудың» штаттан тыс тілшісі




