15 ақпан – Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 34 жыл толуына орай Талдықорғандағы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш белгіге гүл шоқтары қойылып, майдан даласында жан қиған боздақтардың рухына тағзым жасалды.
Жат жерде қаза тапқан жерлестерін бір минуттық үнсіздікпен еске алған Ауған соғысының ардагерлері жүрекжарды тілек арнап, ерлік жолында шейіт болғандардың есімін жаңғыртты. Ескерткіш басына жиналғандардың қатарында соғыс ардагерлері, олардың ағайын-туыс, бала-шағалары, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен оқушылар қатысып, айтулы күннің мәні мен маңызына назар аударды.
Жиында сөз алған Жетісу облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Айдын Сағынбеков әскери борышына адалдық танытқан интернационалист-жауынгерлерге ризашылығын білдіріп, ұрыс даласынан оралмаған боздақтардың есімі ешқашан ұмытылмайтынын, отандастары оларды мақтан тұтатынын атап өтті.
– Өткенді саралап, тарихтың жаңа парағын ашқан сайын осы күні біз ерлікпен қаза тапқандарды еске алып, әскери және азаматтық борышын адал әрі ерлікпен атқарып, елге аман-есен оралған жауынгерлерге үлкен құрметпен қарауға тиіспіз, – деген Айдын Айтбайұлы соғысқа сап-сау аттанып, мүгедек болып оралған ардагерлерге ықылас танытты.
Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күнін атап өту үшін интернационалист-жауынгерлер жылда Талдықорғанда жиналады. Майдандастардың кездесуі дәстүр бойынша ерлікке толы күндерді еске алуға жалғасады. Ауған соғысы ардагерлері облыстық ұйымының төрағасы Қайрат Жаңабаев бүгінгі күні от пен оқ көрген аға буынның жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге тұрақты қатысып отырғанын айтады.
– Қанқұйлы соғыстың ортасынан оралғандарды және Отаннан тыс жердегі ұрыстарға қатысқан ерлерді еске алған сайын ұлдарын ер-азамат етіп тәрбиелеген елім үшін, ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз үшін көкірегімді қуаныш кернейді. Бүгінгі күні ел ішінде жүрген Ауған ардагерлері өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге үлес қосып келеді. Ол үшін түрлі шаралар өткізіп, балаларға Отанды сүюді үйретуден танған емес, – дейді Қайрат Темірғалиұлы.
Мерекелік салтанатты шара І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты.
М. ӘСЕТҰЛЫ,
Жетісу облысы





