Бүгінгі қоғамның басты дерті де, кем тұсы да дүние-мүлік, материалдық тұрғыда санасу. Адамның қоғамдағы бет-беделін, абыройын да сонымен өлшеп, сол бойынша құрметтеу. Қарапайымдылық ел алдында, жұрт көзінше, лайықты тұлғалар жанында сүйкімді, ілтипатты көрінгенімен кей жан мұны әлсіздікке балайды. Брендті тұтыну, трендті ұғыну бүгінгінің негізгі айнымас серігіндей. Ал ол адам өміріне қаншалықты әсер етіп жатыр?
Байлықпен бағалап-өлшеген бүгінгі қоғамда адам пейілі де, кеңдігі де көрінбейді. Кім жарқырап жүргісі келмейді? Бірақ, әр адамның талпынысы, еңбекке деген қабілеті әрқилы. Оны да ескерген жөн. «Informburo» ақпараттық сайтындағы пікірінде Ләйлім Әубәкірова «Қазақтың байлары халқының қамын жеп, жағдайын ойлап отыратын менеджер болған. Алайда қазір бай адам туралы пікір түбегейлі өзгерген» деп жазды. Бүгінгі көрініс керісінше. Қолда барын шірене көрсетіп, өзіндегісін мақтана айғайлап айтуға бар. Байлықтың шет пен шегі көріне ме? Ойлап та түбіне жетпесің анық.
Адам өз алдына мақсат қойса оны орындаудың жолын табады және бастапқы қателіктерінен үлкен сабақ алады. Ақын Әбділдә Тәжібаев:
Өзіңе сен, өзіңнің күшіңе сен,
Қос қолыңмен істеген ісіңе сен.
Алысың да сыйлайды, жақының да,
Өзіңді өзің төменге түсірмесең, – деп жырлайды. Адам қоғам алдындағы өз мәртебесі үшін дұрыс жұмыс істей білсе, атақ та, абырой да өздігінен келмек. Ал даңқ пен құрмет, қошеметті бір қалыпта ұстап тұру, оны игеру адамның таным-түсінгі, тәрбие мен мінезіне тікелей байланысты. Мақтанып жүру де, мақтап жүру де айрықша көрінбек. Кей сәтте әрекетке өзіміз қадам баспайтындай көрінеміз. Қажеттілік туындағанда ақылыңмен аспан кезсең де амалын табасың. Ойдағы шектеу көп іске байлау. Жарыңның, балаңның алдындағы мәртебеңді үйдегі тұрған көліктің өзі өсіріп тұрады. Ойыма Талдықорғандағы жүргізуші болып жүрген бір ағамның айтып берген оқиғасы түсті. Ол айтады «40 жасыма жақындағанда көлікті жүргізіп үйрендім, міне, 6 жылдан асты, тұрақты мініп келемін. Білесің бе, не түрткі болғанын? Кенже қызымды қыста шанамен, жазда велосипедпен балабақшаға ары-бері тасып жүргенімде «Әке, бізде қашан машина болады, күн суыса тоңамын, жылынса ыстықтаймын, басқа балаларды көлікпен алып кетеді» деп қойып қалды. Намысыма тиіп кетті. Жиған-тергенім бар, тапқаным бар, бәрінің басын құрап көлік алдым да жүргізіп кеттім» деп. Әрине, өмір болған соң санқилы тағдыр, түрлі жағдай болады. Егер қолыңнан келіп тұрса жаңа көлікті тізгіндеп, телефонның соңғы үлгісін пайдаланғанға не жетсін? Тек мақтан үшін емес. Бір жолыққанда досым «айфон болмаса ұят емес, болса, ол – мәртебе» деді. Келісуге болады. Қарапайым телефон ұстап жүріп-ақ жаһан жаңалықтарын шолып, әлеуметтік желіні қарап отыруға, жақыныңа қоңырау соғуға болады. Бірақ, сенімен кей бос кеуде қалтафонның маркасы арқылы да санасады. Психологтар да бұл үрдістің бұрыстығын жиі айтады. Әсіресе, балалар арасында алалау, бір-бірін дүниеге бола бағалау жиілесе, бала психологиясы да бұзылады. «Alter» сайтындағы автор Антон Мойс «Әлеуметтік рөл» тақырыбындағы жазбасында дүние-мүліктің адам өміріне өзгеріс алып келетіндігін және айналасындағылардың сый-құрметі де өзге арнаға бұрылатынын жазады. Түйіндей келе жағымды және жағымсыз образ қалыптасатындығын жеткізеді. Келісуге болады. Одан бөлек, көп жастарымыз телефонды несиеге алып, артынша айлықтан айлыққа сабылып жүреді. Кейбірі телефонды дұрыс пайдалана алмайды, ал біреуі жеке қабілеті арқылы телефонмен видео түсіріп күнелтсе де несиенің барлығын оңай жабады. Оны да ескеру қажет. Бірақ адам мәртебесі мен беделі дүние-мүлік, қымбат киім болмаса техникамен өлшенбесе керек.
Бірде халық алдында сөйлеп тұрған еліміздің белгілі композиторы Шәмші Қалдаяқов «Менің үйімде сырмақ та жоқ. Дүние жинаған адам емеспін. Дүние жинасам баяғыда миллионер болып кететін адаммын ғой. Тек біреуден алсам, біреуге беремін. Бастысы, басым аман болсын» дейді. Мәртебені көтеру, абыройды өсіру үшін ең әуелі адамдықтан аттап кетпей, жан-дүниені рухани қазынаға байыту қажет. Ал білімдінің мәртебесі қашанда биік болмақ?! Осы тұрғыда Қытай ойшылы, философ Конфуцийдің «Адамдар өздеріне байлық пен атақты қалайды. Егер осы екеуіне адал жолмен қол жеткізе алмасаңыз, олардан аулақ жүргеніңіз дұрыс» деген қанатты сөзі келеді. Одан бөлек, ақын Саят Әбенов өзінің бір термесінде «Шіркін, таусылса әттеңің ғана, өлшеулі өмір сәттерін қара. Жалғаннан жалғыз алатын еншің, бір-екі метр ақ кебін ғана» дейді. Байдың, кедейдің барар жері бір.
Қолдан келсе игілікті іске, тиімді дүниеге алған соңғы үлгідегі затыңды пайдаланғанға не жетсін? Әр қазақтың кейінгі үлгідегі киімді киіп, жаңа телефон алып, жақсы көлік мініп жүргенін көргім келеді. Мақтан үшін емес. Құр бөсу – жақсылыққа жетелемесі анық.
Серік ҚАНТАЙ