Ел экономикасын дамытуда жеңіл өнеркәсіптің атқаратын рөлі зор. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда, әсіресе қыз-келіншектердің жұмыссыздығын жоюда аталған саланы өркендету маңызды. Сондай-ақ, оның өнімдеріне сұраныс әрдайым жоғары, яғни азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында.
Қарапайым жұрттың қамын ойлап, жеңіл өнеркәсіпті өрістетуге басымдық беруді жөн санаған Талдықорған қаласының тумасы, «Айсұлу» Жетісу тігін фабрикасы» ЖШС директоры Жарылқасын Болатұлының бұл істегі еңбегі ерен. Бұлай деуге негіз бар. Өйткені ол осыдан 2 жыл бұрын өз қаражаты есебінен облыс орталығынан жер алып, 2021 жылдың наурызында жаңа тігін фабрикасының құрылысын жүргізді. Инвестициялық жобаны іске асыру үшін жалпы 1 млрд. теңге, оның ішінде тігін фабрикасының ғимаратын салуға 450 млн. теңге, жабдық сатып алуға 150 млн. теңге және айналым қаражатына 400 млн. теңге қаражат жұмсаған.
Бағдат Қалиева, тігінші:
– Талдықорған қаласының тұрғынымын. Кезінде әскери қызмет атқардым. Қазіргі кезде зейнет демалысындамын. Негізгі мамандығым тігінші. Бұл жерде фабрика ашылған күннен бастап еңбек етудемін. Әртүрлі киім тігеміз. Тігін машиналары жартылай автоматты түрде жұмыс істейді. Жас тігіншілермен тәжірибе алмасамыз. Шебер маман да саланың қыр-сырын үйретуге көмектеседі. Күніне 3 мезгіл тегін тамақ беріледі. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған.

Өндіріс орны қытайлық «Jack» брендінің заманауи тігін жабдықтарымен қамтылған. Яғни, бұл тігін бұйымдарының небір түрін шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында негізінен бетперде, халат, комбинезон сияқты бір реттік медициналық бұйымдар тігіледі. Сондай-ақ, жазғы және қысқы нұсқада түрлі үлгідегі арнаулы киім формалары, басқа да бұйымдар шығарылады. Қазіргі кезде «Темірбетон» ЖШС, «Қайнар АКБ» ЖШС сияқты мекемелердің тапсырысы бойынша киім тігілуде. Бұйымға қажет маталар «AlmatyTextilGrup» ЖШС, «XMTextilesKz» ЖШС, «Чайковский текстиль» ЖШҚ, «Локо- Пласт» ЖШҚ, «Элегрин» ЖШҚ, «ArnayTehnologe» ЖШС, «NikoTreid» ЖШС сияқты қытайлық, ресейлік және жергілікті жеткізушілер мен өндірушілерден сатып алынады.
Жарылқасын Болат-ұлының айтуынша, тігін фабрикасында бүгінде 150-ден аса адам еңбек етеді. Ал жыл соңына дейін олардың санын 300-350-ге дейін ұлғайту жоспарлануда. Тігіншілер негізінен жергілікті тұрғындар. Кәсіпорында көбіне көпбалалы және жалғыз- басты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнет жасына таяған әйелдер мен зейнеткерлер, қандастар және 30 жасқа дейінгі жастар жұмыс істейді. Мекеме басшысы жұмысшылар үшін мерекелік сыйлық ұйымдастырып, сыйақы беру мәселесін үнемі назарында ұстайды. Тігін ісін үйретіп, маман даярлайтын 3 айлық оқу орталығын ашу көзделуде. Оқыту сәуір айында басталады. Осы білім орнын бітірген тігінші фабрикадан тәжірибеден өтіп, сол жерге жұмысқа орналасады. Алматы қаласынан білікті мамандар тарту мәселесіне де басымдық берілуде. Сонымен бірге Жетісу облысының бірнеше ауданында аталған тігін фабрикасының филиалдарын ашып, жергілікті қыз-келіншектерді жұмыспен қамту жоспарда бар. Мәселен былтыр Текелі қаласында 50, Кербұлақ ауданында 20 жұмыс орнына арналған тігін цехтары ашылған. Елге берер пайдасы мол игілікті үрдіс биыл Үштөбе қаласы мен Балпық би, Қарабұлақ кенттерінде де жалғасып, филиалдар ашу көзделіп отыр. Алдағы уақытта мұндай тігін фабрикалары Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов аудандарында да қызмет көрсетпек.
Бұған қоса, декреттік демалыста отырған және кішкентай балалары бар әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандармен, яғни, тігін ісімен айналысатын үй иелерімен де жұмыс істейді.
Ольга Кван, тігінші:
– Жаңа тігін фабрикасының ашылғаны туралы әлеуметтік желіден хабарлама арқылы білдім. Содан соң осы жерге келіп, жұмысқа орналастым. Мамандығым – тігінші. Қарағанды қаласында оқығанмын. 10 жылға жуық еңбек өтілім бар. Үштөбе қаласынан келемін. Бізді таңертең жұмысқа апарып, кешке үйге таситын арнайы көлік тегін қызмет көрсетеді. Өзім 4 баланың анасымын.
Жұмысымды сүйіп істеймін. Сондықтан, бұл іс өзіме ұнайды және одан үлкен ләззат аламын.
Алдымен оларға тапсырыс беріліп, дайын болғанын алып кетеді. Бұған қоса фабрика Талдықорған қаласында 1995 жылы қараша айында мүгедек балалары бар ата-аналар тобы құрған «Алпамыс» психофизикалық дамуында ауытқуы бар мүгедек балаларды қамқорлыққа алу жөніндегі ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігіне 20 дана тігін машинасын және жұмыс ауқымына қарай еңбекақы төлеуді ұсынды.
Кәсіпорын «Алакөл гуманитарлық техникалық колледжі», «Прогресс» политехникалық колледжі», «Бақанас аграрлық- индустриялық колледжі», «Чунжин политехникалық колледжі», «Сервис мекеме колледжі» сияқты оқу орындарымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Бүгінгі таңда фабрикада жалпы 180 млн. теңгеге 40-қа жуық келісімшарт бар. Негізгі тапсырыс берушілері «Алматы электрстансысы» АҚ, «Аппақ» ЖШС, «Инкай» ЖШС, «Энергоинформ» АҚ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, тағы басқалары бар. Бұдан басқа, «LuriFarma» ЖШС компаниясымен 700 мың дана медициналық бетперде тігу мақсатында келісімшарт жасалған. Фабрикада сондай-ақ ұлттық дәстүр бойынша құрақ көрпе тігіледі. Сөйтіп, ол сұраныс танытқан тұтынушыға сатылады. Кәсіпорынның іске қосылғанына көп уақыт өтпесе де экспортқа шығаруға келісімшарт бар.
Сонымен бірге, ресейлік «Локомотив» ЖШҚ компаниясымен 4 мың дана әскери жүк түсіру кеудешелерін тігу туралы келісімге қол қою, бұған қоса, қазір Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Индустриялық сертификат», сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ сияқты ірі ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алулары мен одан әрі тендерлеріне қатысу мүмкіндігі үшін «CT KZ» сертификатын алу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы





