Жетісудағы қасиетті мекеннің бірі – «Мамания» мектебінің орны. Тұрысбек қажы 1899 жылы Қарағашта үшжылдық «Маман» жадит медресесін ашады. Медресе 1904 жылы 6, 1909 жылы 8 жылдық білім шаңырағына ауыстырылады.
Алғашқы оқу орны жөнінде «Айқап» газетінің 1912 жылғы №3 санында Сабыржан Ғаббасов «Қапалға да ай туды» деген мақала жазған екен. Онда: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті, оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», – деп білім ошағының аздығы, жас ұрпақтың көкірек көзін ашудың маңызы жайлы ой қозғаған.
Тұрысбек қажы ұстаздарды Петербор, Қазан, Уфа, Орынбор және Ыстамбұлдан алдырған. «Маманияда» дәріс берген Файзрахман Жихангеров, Ғабдолғазиз Мұсағалиев және Мұхаметқали мен Фатима Есенгелдиндердің білімді тәлімгерлері еді. Ғабдолғазиз Мұсағалиев Каир университетін бітірген заң қызметкері, 8 елдің тілін білген ғалым, шығыс елдері тарихы мен әдебиетінің зерттеушісі болған.
«Мамания» білім шаңырағында қазақ тілі, есеп, иман-шарт, Құран, орыс тілі, пайғамбарлар тарихы, жағрапия, зоология, ислам діні тарихы, татар тарихы, хадис оқытылғандығы жазылған. Байқажы әулетінің үлкені Тұрысбек қажы 1900 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың Петербордағы теміржол транспорты институтына оқуға түсуіне қолдау көрсетіп, шәкіртақы жіберіп тұрған. Қарағаштағы коммуна мектебінде оқыған соғыс ардагері Алтынай Есболатова апамен әңгімелесудің сәті түсіп еді. Ашаршылық пен жетімдіктің азабын көп тартқан кейуана балалар үйіндегі өмірін қаз-қалпында айтып бергені есімде. «Маман-Тұрысбектердің 12 бөлмелі үйінде оқыдық. Атала, қаракөже қайнатып беретін. Бір күні орыстар трактор әкеліп, Қарағаш мектебін салған Маман қажыға қойылған құлпытасты құлатты. Бір жеті жүріп, қақ ортасынан бөлді, бөлініп қалғырлар. Күміспен латынша жазылған жазуы болған. 1930 жылы қызылдардың осындай оспадар қылығына ренжіген тұрғындар көтеріліске шықты. Көтерілісшілер «Бөрібай, Бөрібай, Бөрібай» деп атпен шауып келгенде көпшілік бір орынға жиналатын. Сол жерде ақылдасу, қару-жарақ жинау, мінетін ат беру мәселесі айтылатын. Олардың келгенін айту бала болсам да маған да жүктелген. Үйдің төбесіне шығып отырамын, көтерілісшілер келе жатса бар даусыммен әндетемін. Сонда ауылдағылар «бөрібайшылардың» келе жатқанын білетін. 1932 жылы қараша, желтоқсанда аштық басталды. Бірақ мұғалімдер бізді аш қалдырмады. Қатты ашыққанда «қаракеней» деген шөптің тамырын, «жаужұмырдың» пиязын жейтінбіз. Балалар үйінің алдында аш адамдар жүретін. Өкіметтің аштыққа ұрындырғаны дұрыс болмады. Қазір қарамыз бұдан да көп болар еді», – деп көз жасын сығып алатын марқұм.
Байқажы әулеті «Қазақ», «Айқап» газеттерінің шығуына да қаржылай қолдау көрсеткен. Есенқұл қажы – қазақ романына алғаш бәйге жариялаған меценат.
Есенқұл қажының қазаққа тән атымтай жомарттық қасиетін жерлесіміз, меценат, алакөлдік Бауыржан Оспанов жаңғыртып келеді. Кәсіпкер балалар әдебиетін жандандыру мақсатында бірнеше жыл қатарынан Есенқұл Маманов атында бәйге жариялап, жеңімпаздарға қаржылай қолдау көрсетуде. Маман-Тұрысбек балаларының алашшыл қасиеті барша қазаққа жұғысты болғай.
Гүлжан ТҰРСЫН





