Мұндай мұнардың ішінен мұнар тартар қуатты поэтикалық аңсарлы сыр, тұңғиық тұжырымдары оның ойшылдық, ақындық һәм хакімдік көкжиегінің шексіздігін паш етеді! Бір кемшіні, әлгіндей інжу-маржандарымыз ғылыми игіліктің біссімілләсі саналар дүниетанымдық биіктіктен әлі көңілдегідей жүйеленіп те бітпеген. Салдары сол – ғаламдық ғибратты ой-толғаулардың түпкі мәнін ашу үрдісі күрделеніп, тіпті арагідік әртекті тайқы таным-түсініктер бой көрсетіп қала береді. Демек, абайтану, яки қазақтану кеңістігінің әлі де түпсіздігіне көзіміз қайталай жетіп отыр.
Иә, абайтануға абайлап аяқ басқан оңды шығар. «Қайтсем халқымның бір жыртығына жамау болармын, қайткенде мың қажеттің құрығанда бірін ұғындырып кете алармын» деп күндіз күлкі, түн ұйқысынан қалған әулие-ойшылымыз толағайының көлденең көк аттыға есік аша бермесі және аян. Бұл – бәрінен бұрын дәстүрлі ойлау жүйемізге түбегейлі төңкеріс әкелген қатпары да, шаңын шығара қаққаны да көп пәрменді философиясына тән дер едік. Енді сол жоталы философияның арналы өзегі туған халқын шексіз сүю, оның асыл мұраттары жолында жалтақсыз күю сынды жанкешті күй-тірлік арқылы ғана аршыларын ұқсақ жарар еді. Әгәрәки, осы ұлағат жүрегіңізге егіле қалса, ондай кейіпте Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деген берік байламына жібек бау тағуға ынтығарыңыз сөзсіз!
Жаһан төріне жыр тілімен танылған Жидебайда қазақ поэзиясы мәртебесінің асқақтап, қайнарының ашылуы заңды құбылыс еді. Мыңжылдықтар төрінен тамыр тартар түркілік байтақ руханият бесігінде дүниеге келген Абай толған, толысқан әулеттің шыңдағы шынары тұғырынан адамзат көгіне бірден көктей көтерілді. Ұлы Дала ұлағатынан өрілген кестелі көркемсөз тың тұрпат, орайлы ойымен, хан алдында бүгежіктемес ақ жүзімен қалың жұртты бауырына тартқан үстіне тарта берді. Көмейге құйылған дәмді сөзге баладай елтіген көпшілік тар қапастан сәулелі жарқылға енді шыққандай, бағасыз кенді құшқандай, естіміздің өзі көзін уқалап енді ашқандай күй кешті!
Абай хакімнің терең толғанысқа толы нәрлі шығармаларын ол тұста жаттап алғанның өзінде ішкі мәйегіне дендей түйсіну қиынның-қиыны еді. Оқыған-тоқығандардың өзі мүдіретін, қазір де ондайлар баршылық. Сондықтан ғой, Ахмет Байтұрсыновтың: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады» деп қадап көрсетуге асыққаны.
Саралай ден қойсаңыз, данагөйді Алашқа алдымен танытқан – сырлы да нұрлы әндері еді. Өйткені жыр жинағы өзі өмірден өткеннен кейін 1909 жылы ғана жарық көрді. Ал әндері болса, байтағымызға бұдан көп бұрын ежелгі дәстүрлі соқпақ – ауыздан ауызға көше таралып кете барды. Мұндай мәйекті мұраның саздық, ырғақтық керімсал самалы халықтық асыл қазынасымен қойындаса, тоғыса тамырласып жатты. Қазақ байтағы әсерлі ән толқынында тербеліп қана қоймады, жан дүниесі жаңғырып, жүрегі тебіренді, алтын арайға жүзін тосты. Түр мен мазмұнның түлеуі тың көркемдік һәм эстетикалық құндылықтарды елсіндіру арқылы ұлттық мәдени келбетімізді құлпыртып-ақ жіберді. Абай есімі мыңдаған жандардың көңіл төріне қадірі арта жаппай ұялап жатты.
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй… – деп ағынан жарылуының сыры да осы төркінде.
Бақытымызға орай, философиялық иірімі үйіріп әкетер, әсемдік пен ақық сезімді әуелетер «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қор болды жаным», «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Қараңғы түнде тау қалғып» сынды шырайы асқан шығармалары халқымыздың түйсік-танымын айдындандырып, тың сүрлеуге салды. Ұлттық музыка әлеміндегі қолтаңбасын арман асуындай айшықтап берді.
Біз тарихын тасқа жазған, ылдидан шауып, өрде озған елміз, тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман қалған жұртпыз. Қасқадан қасқа тумаса да төбел туса керек-ті. «Единица болмаса – не болады өңкей нөл». Рухани кемелділік адамның тек интеллектік деңгейімен шектелмесіне, ішкі дүние, яки рухи қасиеттерімен өлшенеріне шек келтірмесек, онда Абай – реформатор! Қанмен сіңгенді қасиеттеудің түсімізге де енбеген елдік мәйегіне түрен салды. Шығыс пен Батыс әдебиеті мен мәдениетіндегі озық үлгілерді қойындастыруы бір басқа да, сол кеңістіктегі ұлттық болмыс-бітімімізді айтып тіл, аршындап ой жетпейтін жаһандық асудан асырып жіберуі жұлдызды бір әлем.
Бірде Құнанбай замандасы Нысанбай абызға бата берсеңіз деп Абайды ертіп барады. Сонда ол: «Өзің Қыдырдай боласың, балаңның есімі Шыңғыстай жер-жаһанға таралар» депті. Әулие екен. Айтқаны келді. Қызыр дарып, бақ қонған әкесі де, баласы да батагөйдің меңзеген межесінен табылды.
Бойындағы энциклопедиялық телегей-теңіз білімі әлем ақылының алыбын ұлт тарихына бет бұрғызбай қоймаса керек. Тектілік қалай тебірентпесін? Шыңғыс қағанға шаң жуытпай қадірлейді. Өйткені ел ішінде ата тарихтың алтын арқауын үзіп алушылар сол кезеңде де сүреңсіздеу ұшырасқан. Ондай дүмшелікке қалай көнсін, қалай төзсін?! Халқымыздың өткен-кеткені турасындағы көбімізге таныс әйгілі мақаласында өзі туған өңірдің Шыңғыс хан есімімен тонның ішкі бауындай етенелігіне тоқтала келіп: «…Маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят» деп үзілді-кесілді тұжырымдайды, (Екі томдық шығармалар жинағы, ІІ-том, 165-б. 1986 ж.). Абайдың осы бір түркілік тамырымызды бүлкілдетер Аллаға аян ақиқатына ортамызда күні бүгінге көз жеткізе алмай жүргендердің табылуы жанды қинайды-ақ!..
Рашид-Ад-Дин мен Әбілғазының әлем мойындаған мәліметтерінде, сондай-ақ, жадымызда жатталып қалған шежіремізде арғы бабалар жүлгесі төмендегіше түзіледі. Нұх – Иафес – Түрік – Түтік – Елшехан – Деббақый – Күйік – Алынша (Алаш) – Моғол – Қарахан – Оғызхан – Күнхан – Айхан – Жұлдыз – Меңліхан – Теңізхан – Елхан – Нүкүз – Дәрлікен деп жалғаса береді. Даңқты бабаларын аса қасиеттеп, қастерлеген ұрпақтары билік өзгерген тұстарда сол айтулы бабаларының есімімен ұлыстарын атап отырған. Оған жаңа дәуірге дейінгі Түрік-Тұран империясы, Алаш мемлекеті (б.э.д. екі мыңыншы жылдықтың ортасы), 552 жылғы Бумын құрған Түрік қағанаты, 1206 жылғы ұлы Шыңғыс қағанның Моғол империясы, 1348 жылғы Моғолстан мемлекеті (Негізгі ұйытқысы – дулат ақсүйектері. Бірақ, мемлекет атын Дулатстан деген жоқ. Бұл моғолдар атындағы тарихтағы үшінші мемлекет). Бұдан кейін Шыңғыс қағанмен төртінші атадан табысатын Ақсақ Темірдің ұрпақтары, яки барластар 1526 жылы Үндістанда Ұлы Моғолдар империясын құрды! Барлас империясы деп атамады. Мұны Моғол есімінің тарихта төртінші мәрте жаңғыруы дейміз. Ал 1923 жылы Осман империясы Түрік Республикасы деп қайталай құрылды. Осының бәрі – ең алдымен, біздің бабаларымыздың жадының беріктігі, әу бастағы түп қазыққа деген адалдығы мен ерен сенімі!
Тарихшы, жазушы Қойшығара Салғара-ұлы Қытайға еліміздің дипломатиялық жүйесі арқылы барып, үш жылдай уақыт тарихи деректерді жіліктеп қайтты. Сондағы басты тоқтамында: «Біздің бүгінгі төл баламасын таба алмай, қытайлық аталуын әрқайсымыз өзімізше құбылтып: сиуңну, хунну, гунны, ғұн, хун деп жүрген халқымыздың шын аты – «моғол», қалғанының бәрі жасанды, жамау ат! Мұның солай екеніне ғасырлар қойнауының тым тереңіне сүңгімей-ақ, тарихқа мәлім соңғы екі мыңжылдықта Ұлы Дала төсінде бірінен кейін бірі өмірге келген ғұн Еділдің (Аттиланың), түрік Бумынның, моғол Шыңғыстың құрған мемлекеттерінің ішкі құрылымын, сыртқы болмысын салыстыру арқылы да көз жеткізуге болады» («Түрік әлемі», «Елорда», 155, 222-бб. 2000) дейді. Орыс ғалымы Н. Бичуриннің өз еңбектерінде көк түріктерді, моғолдарды, хұндарды, сақтарды, үйсіндерді, одан кейін тарих бетіне ілінген өзге халықтарды «суть один народ» деп қайта-қайта айта беретіндігі де еске орала береді осындайда.
Қасиетті Алаш атауына да ұлы Абай айрықша мән берді, оны қазақ ұғымының баламасындай қабылдады. Өйтпесе, «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек» деп тіліп түспес еді. «Алаш» десе рухтанып шыға келер халқымыздың «Алаш ұранды» марқасқаларының Алаш атты партия мен «Алаш» үкіметін құрғанын да жақсы білеміз.
«Шығыстың ең әлсіз ақынының өзі менен жақсы жазады. Өйткені шығармаларында үлкен сенім бар» деген немістің Гетесі тірі болып Абайдың шуағы арылмас шығармаларымен таныса қалса, қалай тебіренер еді жарықтық. Абайдай туған халқының ертеңіне алғаусыз үміт артқан, құдайдай сенген жан дәл сол тұста некен-саяқ еді. Сондықтан ұлт жаны мен тәніндегі, қоғам ағзасындағы кем-кетігін көз шарасына жас тола отырып, бетіне басты, қайрады, қайраттандырды. Есіктегі жалшы мен етегімен тезек терген күңіне дейін өзімен теңгере алды. Қисық-қыңырлығын байсал кешіре білді. Тегінде, демократияның қазақпен қоса жаратылғаны рас-ау осы.
Той үстінде оймақтай ой түйе білген де жөн. Қаншалықты барға тәубе, жоққа сабыр дегенімізбен, іштегі шер сыртқа шықса сейілер. Жетпіс жыл жегілдік, отыз жыл шегіндік. Мәселе уақыттың өткенінде емес, текке кеткенінде. Байлықты бақыт деп санаушылардың бетін бері бұра алмадық. Қырық бұлтақ айлаға басып, бірде пері, бірде періште көрініп жүрген алдаркөселерді алға шығардық. Жақсыларымыздың аяғына тұсау салып, бетіне топырақ шаштырдық. Ештен – кеш деген. Құрыққа сырық жалғамай, қоғамды саяси бейпілдіктен сақтай алсақ, жетпесті қумасақ, өткенге өкінбей, өкпеге алтын уақытты зая кетірмесек, Абай аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалар» мезгіл ертерек салтанат құрары хақ!
Күн сәулесі түспеген жерге сөз сәулесінің түсері рас. Кеңестік белден басу басқыншылық идеологиясын көрмеген тың ұрпақтың лебі айқын аңғарылады әр тұстан. Иманды ұл, ибалы қыз бой түзеп келеді. Жалтақтық, жалпақшешейлік жоқ. Еркін де еңселі, талапты да тынысты, демократиялық-азаматтық қоғам құруға бейіл. Абай соңына шам алып түскен өсек, өтірік, мақтаншақтық, надандық, аярлық пен күншілдік, қызғаншақтық сияқты аты өшкір бәлекет қылықтардың да беті қайта бастады. Ұлттық ұстыны берік, жаңашыл да тәуекелшіл тұлғалардың таңы атты. Жүрегі таза адамның түйгені таза. Ақылды адамдар арбаға алдымен жегілуде. Ұлы ақынның көксегені де осы еді ғой! Бозтайлақ бір Димашымыздың әлемдік құбылысқа айналуының өзі не тұрады?! Тәңір сүйген перзенттің ана тіліндегі сиқырлы үнді әндеріне құлай берілген жаһан жұрты қазақ тілін меңгеру қамында. Бір жарым миллиард қытайыңыз «Абай жолы» эпопеясын жастана жаппай оқып жатыр.
Абайды сүю – адамды сүю. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп толғаған толық адам тұжырымдамасын ұлтымыздың ар, ұят, ақылының, рухы мен намысының туына айналдыра білгендер қатары арта түсуде. Қуанарымыз да осы. Айналаға баланың періште пейіл, бейкүнә көңілі төрінен көз салғанға не жетсін?! Тән азығынан бұрын жан азығын жандәрмен іздейтін замандастарға әлі де зәру күй кешіп отырғанымызбен алдыға қарап пікір айтар, артқа қарап шүкір айтар жандардың, туған халқының бауыр етінен жаралған, күн нұрындай таралғандардың ақ шуағы үстемелене бермек енді. Басқа жол да жоқ. Абай мұрасы – жаны мөлдір, пенделіктен биік, көкірегі сара оғландардың мәңгілік бағдаршамы. «Тіреу нүктесін берсеңдер, Жерді де төңкеріп тастаймын» (Архимед) деп алға ұмсынар бөгенайы бөтен, тұлпары тулап, тұйғыны шүйілгендердің айнымас серігі.
Енді Жетісуға Абайдың қандай қатысы бар еді деген сауалға бір дәйек келтірелік. Бірде Жетісудың Жәлменде биі (атақты Пышан ақын-сазгердің әкесі) сонау ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдары Қоянды жәрмеңкесінде табысып, төс қағысқан Шыңғыс еліндегі анда-досы Абай Құнанбайұлынан «Еліме қонақтап қайтсын, Бақтыбай ақынды ерте келсін» деген хабар алады да көп кешікпей Бақтыбай, баласы Пышан үшеуі жолға шығады. Бұл 1898 жылдың шамамен күз мезгілінің ортасы көрінеді. Пышан – он төрт жаста.
Абайдың бұл жолғы шақыртуының сыры ішінде екен. Сөйтсе, осыдан үш-төрт ай ілкіде бұрыннан әр-әр жерде тәжікелесіп жүрген Оразбайдың тапсырмасымен төңірегіндегілер Мұқырдағы тобықты екіге бөлінген болыс сайлауында Абайға қамшы көтерген! Абай хакімді құрмет тұтар жігіттердің бірі өз кеудесімен Абай денесіне қамшы тигізбей қорғап қалады. Әйткенмен, «Абайды сабаған» деген әңгіме желмен жарыса жан-жаққа тарап кете барған. Ал Оразбай Тобықтыдағы Есболат аталар жұрттың ел ағасы, шіріген бай, сөз ұстары. Классик жазушымыз Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында: «– Асқан екен Құнанбай баласы. Тіпті бұндай қорлықты Құнанбай да көрсеткен жоқ. Тегі, біздің өзіміз бұларды бұзып болған екенбіз. Құдайын ұмытқан екен мына Құнанбайлар. Тап осы жолы тұяқ серіппесек, бәрімізді де атаның аруағы атсын! Ит болайық, енді қыбырламасақ! – деп Оразбай жалғыз көзін жалтылдатып, айнала қарап, қанын ішіне тартып сөйледі» деп бейнелеген мінезді де кесек кейіпкер.
Бір жағынан, Абай осы бір келеңсіз жайттан соң көңіл демдеп, бой сергіткісі келсе керек. Алыстағы досын көргісі келеді қасынан. Несін айтасыз, жетісулық үш қонақ бір ай бойына аста-төк күтіледі. Бақтыбай ақынның жыр-дастан, әндеріне, айтысына қошеметшіл Тобықты жұрты қарық болады. Қайтар уақыт тақағанда Пышан әкесіне: «Абай ағаның шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» деп кескінделер жылқыларын көре алмадық қой?» деп сауал тастайды. Жәлменде би бұл сауалды Абайға жеткізсе керек. Абай: «Онда сәл кідіресіздер, қамысқұлақтарды әкелдірем!» деп жігіттеріне тапсырма береді. Қырсық қылғанда, ондай жылқылар мұқым Құнанбай әулетінен табылмайды. Тек үш мың жылқылы Оразбайдың табындарында бар екен деген әңгіме шығады. Содан Абай кеше ғана өзіне қамшы көтерген Оразбайға: «Ел намысы – ер намысы болғанда, ер намысы – ел намысы болмай ма екен?! Өзім міну үшін емес, Тобықтының қонағына сыйлау үшін сұратып отырмын. Оразекең бір тайын аямасын!», – деп нөкерлерін шапқылатып жібереді. Сонда Оразбай кілең сәйгүліктер іріктелген бес қос жылқы үйірлерін аралатып жүріп үш қамысқұлақты ұстатыпты да: «Ағайын ащы, мал тұщы десем, мен Оразбай боламын ба?! Абайға айт, қонағы үшеу екен, осы үш атты да берсін. Өзіне қарсы болсам да, ақылы мен ажарына қарсы емеспін!» – деген екен.
Сөйтіп, Абай хакім жетісулық үш қонағын риза күйде шығарып салыпты. Әсіресе Пышанның қуанышында шек жоқ еді! Сол қамысқұлақтың бірін кейін ұзақ серік қыпты! Бұл арада біз Оразбайдың айтқанынан қайтпайтын дала бөрісі бола тұра елдік, азаматтық мәселеге келгенде ата салтты ардақ тұтар тектілігін аңғарамыз! Екіншіден, бұл Абай мен Жәлменде арасындағы достықтың өршіген ағайын араздығын басатындай биіктіктегі беріктігі мен тазалығын, парасатты бейнесін паш етеді! Үшіншіден және ең бастысы – осы жайт бүкіл тобықты жұрты қалағанындай, Абай мен Оразбайдың татуласуына қисынды ұласады. Өйткені сол жылы қыс түскен мезгілде Оразбайдың: «Алла қаласа, Меккеге қажылыққа жүргелі отырмын. Соған Абайдың ризашылығын алғым келеді. Арадағы өкпе-реніш атаулыны ұмыталық!» – деген сәлемі жетеді. Абай әдеттегі кең жүрегімен «бауырым деп барша адамзатты сүйер» бәз-баяғы қалпында жайдарыланып, Оразбайдың сәлемін құп алады. Ақ тілеулі батасын береді!
Ұлы ақынның дария ғұмырының осы бір ғана жария мысалынан кемеңгерлігі мен кеңдігіне, даналығы мен ұлттық айнымас ұстынына қайран қаласыз!
Көрші Қытайыңыз Конфуций ілімін ұлттық идеологияға айналдырып алған ежелден. Билік басындағылардан бастап бәкене жұртына дейін ғұмыр кешу қағидатым, адаспас темірқазым деп түйсінеді. Ұлы Абай да байрақты байтағында елдік бірлік пен жасампаздықтың, ұлттық идеямыз бен мәңгілік мұратымыздың асыл арнасына айналды бүгін. Енді мұны жаппай санамызға сіңіре білсек – есік қағып тұрған ренессанстық, ұлттық жаңғыру дәуірі тезірек төрімізге шықпақ! Абайдың құдіреті осында! Той құтты болсын!
Әміре ӘРІН
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы





