Әдетте медицина қызметкерлері жайлы әңгіме қозғала қалса ойға бірден «ақ халатты абзал жандар, адам жанының арашашысы» деген сөздер оралады. Иә, күн-түн демей халықпен бірге болып, елдің басты байлығы – денсаулық күзетінде тұрған жандар туралы не айтсақ та артық бола қоймасы даусыз.
Біз сөз етіп отырған «Акво МЕД» ЖШС оңалту санаториялық комплексі инсульт, арқа немесе бас миы ауруларына ұшыраған науқастарды емдеу мақсатында 2020 жылы құрылған жоғары мамандандарылған сауықтыру мекемесі. «Акво МЕД» оңалту санаториялық комплексінде Боралдай минералды бұлағын пайдаланатын, әлемдік озық әдістерге сүйене отырып, науқастарды емдеу жолында тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі оңалту бөлмелері бар. Науқастардың аурудан толық жазылып шығуына көмек беретін жоғары білімді маман дәрігерлер еңбек етеді. Травматологиялық, ортопедиялық, кардиологиялық, неврологиялық, нейрохирургиялық, реабилитологиялық орталықтарда жоғары санаттағы дәрігерлер білікті дәрежеде қызмет көрсетеді. Осы орталықты құрып, аяғынан тік тұрғызушылардың бірі – мекеменің бас дәрігері, Семей қаласындағы Медицина институтын педиатр-дәрігер, С. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ-ін провизор-дәрігер мамандығы бойынша бітірген «Гиппократ» орденінің иегері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Алтын жүрек», «Мейірімді жүрек» төсбелгілерінің иегері Бекболат Сүлейменов.
Жылы жүздерімен жан жарасын жазып, епті қолдарымен тәнге дауа қондырған, адам тағдыры үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ажалдан арашалайтын көптеген сырқаттың сауығып кетуіне себепкер жандардың бірі, шықпас жанға бірінші – Құдай, екінші ақ халатты дәрігердің, халықтың алғысын арқалап жүрген ұжымның жетекшісі Бекболат Қиянатұлының ел арасында беделі жоғары. Бұл еңбекпен, маңдай термен келген құрмет.
«Акво Мед» оңалту орталығында ауруларға өте жақсы жағдай жасалған. Бекболат мырза бастаған ұжымның әр мүшесі өз ісіне өте мұқият қарап, ілтипатпен, кішіпейілділікпен қызмет етеді. Емдерінің шипасы өте көп. Алланың нұры жауып, еңбектеріңіз табысты болсын демекпіз. Зулфия Еркебаева, Жадыра Нұрланбаева, Диана Николайқызы, Мария Сергейқызы сынды дәрігерлерге және Назгүл, Толқын ханымдарға алғысымыз шексіз деген Қазақстанның әр түкпірінен келген науқастардың атынан жазылған алғыстардың, Әсел Боқаева, Рәзия, Рая, Жанар, Люда, Ұлжан Кәрібаева, Қарашаш Тұрғынбекова, тағы басқалардың ізгі тілегі ұжымдағы берекелі тірліктің, жанға шипа емнің дұрыстығынан болса керек.
Арбада отырған көп ауруларда сенімсіздік, қорқыныш басым болатыны ақиқат. Төрт қабырғаға таңылып, өз-өзін тұңғиыққа тастап жіберудің, рухани мүжілудің алдында тұрған жанды аяққа тұрғызу қиынның қиыны. Осындай науқастарды толыққанды өмірге қайта әкелу қандай еңбек, қандай бақыт десеңізші?! Міне, осындай игі істерді жасаушы Бекболат Сүлейменовтің жүрегі ғана емес, өзі де алтын адам.
Адам тағдыры үшін тер төгіп, жанына шипалық дарытқан денсаулық сақшыларының еңбегі қай кезде де құрметтеуге лайық.
Бекболат Қиянатұлы елдің алғысымен көктеп өскен азамат. Ұлттық медицина ассоциациясының «Алтын дәрігер» төсбелгісімен, Қырғыз Республикасының Жоғорку аттестациялық комссиясының шешімімен «Медицина ілімдерінің докторы», Медицина ғылыми орталығының еңбек бөлімі «Медицина профессоры», Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті «Медицина ғылымдарының кандидаты» атағымен, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатымен және көптеген Мақтау қағаздарымен марапатталған. Осы жетістіктің бәрі – қоғамның шынайы құрметі, емделушілердің ақ жүрек алғысы.
Бекболат Сүлейменов шаңырақтардың қиындығына төзіп, жақсылығына ортақтасып, мұрындық болған қаншама дәрігерлік істері бар.
Ұлы Дала даналарының бірі Қабылиса жырау бабамыздың ұрпағына қалдырған өсиет жырын оқып отырсаңыз кеудеңізді нұрға бөлеп, адалдық пен қараулықты, адамдық пен арамдықты таразылап өмір сүрудің шырағын қолыңызға ұстатып, жан дүниеңізді шуаққа бөлейді, тектілікке жетелейді.
Тектілік – адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қанмен берілетін игі қасиет. Тектіліктің негізгі өлшемдерінің бірі – қоғамның әр мүшесінің абыройлы азаматқа айналуы. Әр азаматтың тектілігі оның ізгілікке, баянды мақсаттарға ұмтылып, жақсы үлгі-өнеге қалдыруымен есептелсе керек.
Осы жасқа жеткенше көріп зерделегенім, елімен бірге қуанып, жұрттың қамын ойлаған текті азаматтың аты озады. Әрдайым атың озып жүрсін бауырым.
Бекболат өзін-өзі сүйреп жүріп жетілген, жалындаған жастық шағынан-ақ іскерлік қабілетін көрсете білген, жетілдіре отырып, алдындағы биік мақсат жолында ақыл, қайрат, жүрек деген үш ұстанымды қатар алып келе жатқан азамат.
Кездесе, пікірлесе келе Бекболат Қиянатұлының бойынан текті азаматқа тән көптеген қасиетті байқадым.
Соның бірі сезімталдық. Басқалар байқамағанды байқау, басқалар түйсінбегенді сезіне білу ақ халатты жандарға ең керекті қасиет. Емделушінің жан дүниесін сезінген дәрігердің емі шипалы.
Тағы бірі – қарапайымдылық. Бастықпын деп шіренбей, лауазымына қарамай барлығымен бірдей тіл табысу ұжымды бірлікке, жемісті еңбекке жетелейді.
Адамгершілік. Басшы адамгершіліктің ақ туын жықпаса, қалғандары да соны қайталайды. Бұл ақ халатты жандар үшін ең ауадай қажетті қасиет.
Кешірімділік. Жұмыс барысында жас буынның жіберген кейбір ұсақ кемшіліктеріне кешіріммен қарап, жастың алдын кеспей, белін буып, жарқын келешекке ұмтылуына жол ашады.
Жақсылық. Біреуге жақсылық жасаудан жалықпа, алдыңнан шығады. Таспен атқанды аспен ату бабалар өсиеті.
Ізденімпаздық. Бүгінде Қазақстан медицинасы қауырт даму үстінде. Кез келген жаңалыққа ғылыми көзқараспен қарау, талдау, жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып өмірде қолдана білу емнің шипалығын арттырады.
Талапшылдық. Жұмысты тапсыру бар, оның мерзімінде сапалы орындалуын талап ету жемісті еңбектің кепілі.
Бекболат Қиянатұлының осындай қасиеттері, жүзінің жылылығы, пейілінің кеңдігі жан дүниеңізді шуаққа бөлейді, тектілікке жетелейді.
Еңбегің жемісті болсын жүрегі алтын азамат – Сүлейменов Бекболат Қиянатұлы.
СайлаубайБӘЗІЛҰЛЫ,
Көксу ауданының
Құрметті азаматы





