Тарих – адамзат баласының өткенінен хабар беретін ғылым саласы. Ал этно- графия – жер бетіндегі ұлттарды тануға жетелейтін ғылым. Әр ұлт ертеңге қадам басу үшін кешегісін терең зерттеуі қажет. Өткенін білмеген жұрт тамырынан нәр ала алмай қалған ағаш секілді құнарсыз болмақ.
Қазақ этнографиясының бастауында Ұлы Даланың дара ғалымы Ш. Уәлихановтың тұрғаны белгілі. Оның еңбектері қазақ этнографиясына бет бұрған үлкенді-кішілі ғалымдардың бәріне темірқазық болды десек, артық айтқанымыз емес. Шоқан Уәлиханов салған жолмен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері көптеген ғалым жүріп өтіп, еліміздің этнография ғылымына үлес қосты. Олардың арасында өзі туған өлкенің тарихын зерттеп, ата-баба болмысына терең үңілген І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Назгүл Қажымұратқызы да бар.
Назгүл Байғатова 1970 жылы 16 маусымда Ақсу ауданы Жансүгіров кентінде дүниеге келген. 1987 жылы Панфилов атындағы орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. 1994 жылы қазақ білімі мен ғылымындағы ең үлкен оқу орнынан «Тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы» мамандығын алып, Талдықорған қаласындағы №14 мектеп-гимназияға мұғалім болып орналасып, жас ұрпаққа білім берді. Назгүлдің ғылымға деген ықыласы оны көп ұзамай 1995-1996 жылдары Талдықорған университетіне жетелеп алып келген еді. Осындағы тарих кафедрасында стажер-оқытушы бола жүріп, өзі білім алған қара шаңырақ Ұлттық университетке аспирантураға түседі. Жас ғалымның этнографияға деген қызығушылығы осы жылдары тереңдеп, 2000 жылы «ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басындағы Жетісу қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Өз елінің өткеніне бейжай қарай алмаған жас ғалымның бұл еңбегі өзі кіндік кескен Жетісу өлкесіне деген перзенттік борышының өтелгеніндей бағалы еді. Бұл тек Жетісу өлкесінің тарихына ғана емес, қазақ этнографиясы ғылымына қосылған сүбелі үлес болатын. Зерттеуші Жетісу қазақтарының орналасуын, шаруашылығы мен салт-дәстүрін терең зерттеп, болашақ ұрпаққа осы өлкедегі байырғы тұрғындардың өмір сүру салтынан көп мәлімет жинап берді. Жетісу қазақтарын зерттеу ісінен ғалым 2003-2006 жылдары Жетісу университетінде оқытушы болып жүргенде де 2006 жылы Ш. Уәлиханов атындағы тарихы және этнология институтында «Жетісу» бағдарламасының жетекшісі болып жүргенде де қол үзген жоқ.
Қазақ халқының пайда болуы, қалыптасуы, тайпалық өмір сүру салтынан алыстап ұлт ретінде ұйысуы, мемлекет ретінде қалыптасуы секілді түрлі тарихи кезеңдерін жақсы білмей бүгінгісі туралы айту қиын. Назгүл Қажымұратқызы тарихшы-этнограф ретінде біз айтқан қазақ халқының қалыптасу кезеңдерінен хабары жетік, білікті маман ретінде Қазақстанның бүгінгі тұрғындары жайлы да зерттеу жүргізуге батыл араласты. Кешегіні екшеп, бүгінгі саралай алатын ғалымдық парасаты оның ғылым және инновациялық бөлім бастығы міндетін атқаруына жол ашты.
Осы міндетті атқара жүріп Назгүл Байғабатова университет ғалымдарының Білім және ғылым министрлігінің ғылыми жобалар байқауларына қатысып, өзіндік бағыт-бағдар қалыптастыруына себеп болды. Нәтижесінде, университеттегі тұңғыш гранттық қаржыландырылатын ғылыми жобалар іске асырыла бастады. Қазіргі уақытта осы тенденция өз жалғасын тауып, Жетісу мемлекеттік университетінің қанжығасында көптеген ауқымды ғылыми жобалар іске асырылуда.
Еліміздің білім жолында ұстанған сындарлы саясатын терең түйсініп, этнография саласындағы өзекті мәселелерді өз ғылыми еңбектеріне арқау еткен зерттеуші көптеген ғылыми еңбер жазды. Оның бірі 2015 жылы жарық көрген, жер жаннаты атанған өлкенің бүгінгі тұрғындары жайлы дәйекті мәлімет беретін «Бір ел – бір тағдыр: Жетісу халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуы» атты очерктер жинағы. Аталған еңбек Жетісудың көпұлтты аймаққа айналуына себеп болған тарихи факторлар мен оқиғаларды ғылыми тұрғыда саралайды. Сонымен қатар, Назгүл Қажымұратқызының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандану жағдайындағы диаспораның этномәдени бірегейлігі (Моңғолия және Қытай қазақтары негізінде)» атты ғылыми жобасы ҚР БҒМ грантын иеленді. Бұл еңбекте қазақтың ғалым қызы екі елдегі қазақтардың ұлттық бірегейлігінің сақталуы мен рухани деңгейін негізге алды. Бұл екі елде де өзге шетелдерге қарағанда қазақтар көп шоғырланған еді. Ұлттық бірегейлік бүгінгі қоғамға өте қажет, ол ұлт тұтастығын ғана емес, мемлекет тұтастығын сақтаудың кепілі. Ал шетелдегі қандастарымыз ұлттық тәрбиені, мәдениет пен өнерді, ата-бабадан қалған діни қағиданы берік ұстанады. Бұл өз кезегінде ұлттық сананы нығайтатыны анық. Назгүл Байғабатова қазір Талдықорғандағы ең үлкен білім ордасы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» ғылыми-білім беру орталығының директоры қызметін атқаруда. Әрі ғалым, әрі педагог маман оқытушылық қызметтен қол үзген емес. Шәкірт тәрбиелеп, олардың кәсіби маман ретінде қалыптасуына бар күш-жігері мен білімін, тәжірибесін жұмсап жүр.
Бүгінгі жазбамызды Ахмет Йүгнекидің «Ғалым білімімен көтеріледі» деген сөзімен түйіндегенді жөн көрдік. Киелі ауылдан түлеп ұшқан қазақтың қайсар қызы ғылым жолында Швейцарияның Цюрих университеті, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия және т.б. мемлекет ғалымдарымен иық тіресе қатар келе жатыр. Оған осы ел ғалымдарының Назгүл Қажымұратқызының еңбегіне берген бағалары дәлел.
Біз де өз кезегімізде Назгүл әріптесіміздің ғылым жолындағы ізденісін, табандылығын, өз ісіне адал парасатын, шәкірт тәрбиелеу жолындағы ұстаздығын жоғары бағалаймыз. Жастайынан ғылымға үйір болып, мақсатқа жету жолында алған бетінен таймаған қайсар мінезді ғалымды мерейлі мерекесімен құттықтаймыз! Еліміздің ғылымына қосқан үлесіңіз еселене берсін, еңбегіңіз жанып, өзіңізден озып, есіміңізді ұлықтар шәкірттеріңіз көп болсын! Деніңізге саулық, басыңызға амандық тілейміз. Ғылым жолында Жаратқан сізге зор күш-қуат берсін!
Гүлбану Ишкалова,
әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университетінің
«Археология және этнология» мамандығы
докторанты





