Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектебінде «Мектепке жол» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге, көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына нақты көмек көрсету – басты міндетіміз.
Мектепте жалпыға бірдей міндетті білім беру қорының қаражаты есебінен мектеп асханасынан бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін 215 оқушы бар. Бұл да тұрмысы төмен отбасына зор қолдау деп білеміз.
«Мектепке жол» акциясы аясында директорымыз Гүлнаш Жылангөзова мектеп оқушыларына демеушілік жасап, алғашқы болып өзі үлгі көрсетті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, жастар да қайырымды істен сырт қалмай, өздерінің қамқор қолдарын созды. Ауыл азаматтары Әділбек Қамбарұлы, Ержан Құсайынов, Бақыт Бейсенбеков, Алтынкүл Әділова, Айдын Жүнісов, басқа да жандар көмектерін аямай, оқушылардың мектепке толық дайындықта келуіне үлес қосты. Осы орайда демеушілік көрсеткен жандарға Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектеп директоры Гүлнаш Төлегенқызы мен ұжымның айтар алғысы шексіз.
Бүгінде мемлекет, ауыл азаматтары, ата-аналар мен ұстаздар тарпынан қамқорлық көріп жатқан оқушылардың болашақта ел үмітін ақтайтынына сеніміміз мол. Жүрегі жылы, мейірімді, қолдары ашық азаматтарды мектептен қол үзбей, жыл бойы балаларға көмек көрсетуге шақырамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынып жатқан игілікті іс әлі де жалғасын табады.
Мейрамкүл Ұйқасова,
А. Қарсақбаев атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Жамбыл ауданы




