Мыңдаған жыл аңсап ұрпағына тапсырған ата-бабаларымыздың аманатының іске асқан жылы – 1991 жыл. Сол жылдың желтоқсанында тәуелсіздіктің ақ таңымен киелі қазақ даласының ашық аспанында жарқырап шыққан нұрлы күн, самғап ұшқан қыран құс, желбіреген көк байрақ Қазақ елінің шаттық қуанышын, алға қойған мұраты мен мақсатын әлемге паш етті. Ұлттық тарихымыздың өз тілінде сөйлейтін күні туды, оның әлі де болса бұлбұлдай сайрайтын кезі алдымызда. Басты құндылықтар өзгеріп, тың мақсаттар айқындалып, жаңа талап туындады.
Мызғымас одақтың өз ішінен іріп таратылуымен бауырлас республикалар арасында жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыс үзілді. «Егемендіктің шеруімен мауқын басып көрсін, қиналғанда қайта оралар» деген Мәскеу данышпандары алдымыздан шыққан қиыншылық, жіберілген олқылықтардың ұлғаюына орай жасампаз елдің қарекетіне сына қағудан тайсалмайтынын жасырмады. Өндірілген тауарларды сата алмай, тұрмыс тіршілігіне қажет заттарды алыс-жақын шетелден ала қаппен тасыған кездеріміз де болды. Жекешелендіру шарасын жүргізуге жауапты үкіметтік құрылымдардың ағаттығынан қолда бар байлықтың қомақты көлемінен айырылып қалғанымыз да шындық. Еркелікті көтере бермейтін қатыгез нарықтың талабына бейімделу кімге де болса оңайға түскен жоқ. Оңтайландыру үрдісі белең алып Талдықорған облысы Алматы облысының құрамына еніп, сегіз аудан тарқатылды. Қаржы тапшылығынан еңбекақы мен зейнетақы төлей алмай, бюджет қоржынын толықтырмақ болған облыс басшысының елдің алтынын жинаттырған әурешілігінен күлкіге ілініп те жаттық-ау.
Билік басындағы қайраткерлердің де, бұқара халықтың да ескіден бас тартуы қандай қиын болса, жаңа талапқа сай бейімделіп, кәсіпкерлікті дамытып, бүгінгідей сүбелі табысқа кенелу соншалықты күрделі еді. Өткен кезеңнің ең өкініштісі, тәрбие жұмысының бастау көзі балабақшалар мен Мәдениет үйлерінің жабылуына жол берілгендігі. Тіпті ауылды мекендерде денсаулық сақтау мекемелерінің жабылғаны қолдан жасалған қиянат еді. Тәубе, қазір оларды қалпына келтіру шаралары жүйелі жолға қойылды. Бұл ретте әлемдік стандартқа сай жаңа ғимараттар тұрғызылуда. Уақыттың тек ескі мен жаңаның күресі ғана емес, өмір мектебі екеніне көзіміз жетті. Бұл кешегі күнгі тірлігіміздің бір парасы.
Екі ғасырдың тоғысындағы дағдарысқа, тапшылыққа, қымбатшылыққа шыдамдылықтың үлгісін көрсеткен дана халқымыз «Көппен бірге көрген ұлы той» деп жайбарақаттық танытқан жоқ. Осынау өтпелі кезеңде «Жайылсақ жоқпыз, жұмылсақ бармыз» ұғымы қанатын жайды. Орыстардың «надежда умирает последней» дегенінен гөрі қазақтың «үмітің үзілмесін» деген қанатты қағидасының құндылығын айналасы осы отыз жылдың ішінде паш еттік. Мақтансақ, осындай теңдесі жоқ ұлттық болмысымызбен мақтанайық! Кейбір сәуегейлердің болжағанындай, елімізді апатқа ұшыратпай, дамылсыз даму жолын тапқанымыз отыз жылдағы жетістіктің үлкені. Бүгінгі күні саясат айдынында парасаттылық орнығып, ел экономикасының барлық саласында игілікті іске, табанды тірлікке қабілетті орта қалыптасты. Оны ары қарай дамытып, жаңа белеске көтеретін білімді де білікті ұрпақ шыңдалып келеді.
Сана-сезім сілкінісінен еңсеміз көтерілді. Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде, оның ішінде Талдықорған қаласында бой көтерген еңселі ескерткіштер қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын, жастарды елжандылыққа тәрбиелейтін киелі орынға айналғаны да тәуелсіздігіміздің арқасы. Ұлттық рухымыз асқақтап, әдебиет пен мәдениет, білім мен ғылым жаңа деңгейге көтерілуде. Жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз нығайып, әлемдік деңгейдегі дамыған елдермен тереземіз теңесті, шегарамыз бекіді. Сондықтан да болар, қазақ елінің пікірімен санасып, өзара екі жақты қарым-қатынас орнатуға мүдделі мемлекеттер саны көбейіп келеді.
Дүние жүзіне танымал мемлекет қайраткерлерінің еліміздің даму жолына қызығушылық білдіруі де тегін емес. Сын көзбен күдіктене келіп, таңданып та, тамсанып та қайтатындары баршылық. Өз тарихын жаспен емес, таспен жазып, дамыған елдердің қатарына қосылған қазақ елі алуан-алуан дағдарысты да еңсере білді. Әлі де болса көңіл аударатын мәселелер де баршылық.
Ол – шырмауықтай оралған жемқорлық, жымысқы әдетінен арыла алмай келе жатқан пенделердің ашкөздігі. Және де әлі де болса орын алып отырған жұмыссыздық, қымбатшылық.
Қазақстан сонау патша заманында, кешегі Кеңес одағы кезінде де шикізат өндіруші ел болып келген. Орталық биліктің тежеуімен. Сайқал саясаттың арбауымен. Соның зардабынан енді-енді арыла бастадық. Озық технологияны игеруге қабілетті мамандарды даярлау шаралары жүйелі жолға қойыла бастағанын сезіп те, біліп те отырмыз. Аманшылық болса, бірер жылда жерасты байлығымызды ұлттық мамандарымыз игеріп, ел ырзығына айналдырары күмән тудырмаса керек-ті. Отыз жылда өнеріміз өрледі. Өміріміз төрледі. Жаңа кәсіпорындар ашылуда. Болашағына үміт артқан жастар ешбір қиыншылықтан қорықпай, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға табанды тірлік, келелі ісімен кірісуде.
Осынау ұлы көштің алдыңғы шебінен өзіне лайық орын алған облысымыздың жеткен жетістігі ерекше. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 35 млн. теңгеден 3 трлн. 700 млрд. теңгеге дейін өссе, өнеркәсіп өнімін шығару көлемі 1 трлн. 300 млрд. теңгеге жетіп, шикізаттық емес экспорт алты пайыз өсіммен 392 млрд. долларға жетеді екен. Ал ауылшаруашылығының жалпы өнімі биыл 1 трлн. теңгеден асып, өңделген өнімнің экспорты 25 пайызға өсіп, таза табыстың 97 млрд. долларға жеткені ауылға деген көзқарастың түбегейлі өзгергенін айғақтай түседі емес пе? Ауылдың алтын бесігіне бөленіп өскен қырдағы, құмдағы, таудағы, шөлдегі ағайын, бауырларымыз мұндай сындарлы саясаттың тұрақтануын қалайды. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген ұғымға сай кең-байтақ қазақ даласына жан бітіру өзекті мәселенің бірегейі. Әлемді жайлай бастаған азық-түлік дағдарысының алдын алатын сара жолың да, дара жолың да осы. Қазақ ұлты әлемге қасиетті даласымен, киелі данасымен танылған. «Барша қазақты даласымен сақта, сәбилерін анасымен сақта, билікті данасымен сақта» деген баталы сөздің түп-тамыры қазақ ауылында, құнарлы топырағында. Бұл «Алтын ұрық, таза құрсақ» деген тектілікпен үндесіп, адам ұрпағымен мың жасайтын жолға бастайды. Нұрлы жол дегенің осы емес пе? Мәңгілік ел деген тұжырымның мәнді тірлікпен ұштасу сыры да осында.
Бюджет түсімдері 1997 жылы 11 млрд. теңгені құраса, қазір 742 млрд. теңгеге өсіп, табыс көзі тұрақтанды. Бүгінде 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісінде 270 мың адам жұмыспен қамтылғанын көріп біліп отырмыз. Бұл үрдіс жыл өткен сайын жалғасын табары айдан анық. Отыз жыл ішінде 14,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені ауыз толтырып айтатын жетістік. Барға қанағат білдіретін, ірілігі жарасқан, бірлігі бекем елдің қажырлы еңбегінің жемісі. Тек биылғы 2021 жылы 1307 отбасы пәтер алған, оның 327-сі көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдағы отбасылар. Жоспарланған 17 мектептің құрылысы аяқталып, 137 мектептің жаңғыртылғаны, жаңадан 135 балабақшаның ашылғаны ел болып қуанарлық жайт. Бұған Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи жүзу бассейнін де қосыңыз.
Әлемге төніп тұрған әлеуметтік дағдарыстың бірі елді таза ауызсумен қамтамасыз ету. Бұл дамыған мемлекеттерде де толық шешімі табылмай отырған күрделі мәселе. Алматы облысының тұрғындарын орталық сумен қамтамасыз ету деңгейі 98,3 пайызды құрайды және бірер жылда толық шешімі табыларына күмән жоқ. Сол сияқты елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру бағдары бойынша облыс халқының 59 пайызының қолы жетсе, ағымдағы жылы 13 елді мекен қамтылып, Талдықорған және Қапшағай қалалары мен Ескелді ауданындағы қазандықтар газбен жылытуға ауыстырылмақ. Бұл заманауи жасампаздық шара қарқынды екпінмен жалғасатыны сөзсіз.
Атам қазақта: «Көр азабынан, жол азабынан сақта» деген сөз бар. Төрткүл дүниені дүрліктірген «COVID – 19» біздің елді де айналып өткен жоқ. Біраз қандастармыз бен туыстарымыздан айырылып қалғанымыз орны толмайтын өкініш. Дей тұрғанмен, мемлекет тарапынан дер кезінде қолға алынған игі шаралардың бүкіл ел болып қолдауының арқасында індеттің ендеуіне жол берілмеді. Сақтық шаралары күні бүгінге дейін жалғасуда.
Бұдан он-жиырма жыл бұрын жол азабын көрген ағайындарымыздың саны күрт төмендегені ақиқат. Алматы – Талдықорған – Өскемен күре автомобиль жолының халықаралық деңгейде салынып жатқанын айтпағанның өзінде, биыл облыстық маңызы бар 316 шақырым жол және 154 елді мекеннің жолдары жөнделіп, 89 пайызы қанағаттандырарлық деген бағаға ие болды. Жол азабынан толық арылатын күн алты қырдың астында емес.
Енді ертеңгі күнімізге де бір сәт көз тасталық.
Жетісулықтардың табанды тірлігіне басшылық етіп, жаңа белеске көтерілуіне жетекшілік ету ел Президентінің Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа жүктелді. Өмір мектебінен өткен азаматтың Президент артқан сенімді, елдің үмітін ақтайтынына бек сенімдімін.
«Көшбасшысы батыр болса, сарбаздары батыл болады» дегендей, дамыған елдердің қатарынан лайықты орын алу бүкіл қазақстандықтардың басты міндеті. Ондай ұлы міндеттерді орындау – абыройлы да айдынды елге ғана тән қасиет. Ол үшін сенім мен бірлік деген қасиетті ұғымды әлі де болса бекіте түсу қажеттілік.
Иә, заман үнемі алға жылжиды. Жиырма бірінші ғасыр ұлы өзгерістердің ғасыры болмақ, «Қандай өзгеріс болмасын біз алға жылжуымыз керек. Кез келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекеттілігімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын ұстанымы осы.
«Адамдардың қателігін түзеу үшін заң қаншалықты қажет болса, адамның ақыл-ойын түзеу үшін рухани тәрбие де соншалықты қажет» демекші, заңсыз емеспіз. Әлі де болса халықтың ұлт болмысын асқақтатар жаңа заңдар қабылданары сөзсіз.
Ақ жолмен келген жетістікке қуана білу де, қуанышты бөлісе білу де үлкен парасаттылық пен адамгершілік қасиет. Бабаларымыздың аманаты бізге тарих тағылымымен жеткен. Тарих сонысымен құнды.
Наурыз Қылышбаев,
Алматы облысының Құрметті азаматы





