«Жер жаннаты – Жетісу» дегенді бала күнімізден санамызға құйып өскен біз арман қуып Астанаға қоныс аударғанымызға 15 жыл өтсе де Жетісу ұғымының мәнін жадымыздан шығарған емеспіз. Жолай кетіп бара жатып Жетісу сөзін естіп қалсақ, жалт бұрылып, елең етпей қоймайтынымыз тағы бар.
Кейде тіпті энтузиаст әріптестерімізбен әңгімелесу барысында өзіміз туып-өскен аймақтың тарихын түгендеп, аймаққа қатысты деректерді «бізден артық ешкім білмейтіндей сыңай танытып, бүге-шігесіне дейін айтудан алдымызға жан салмаймыз. Әсіресе, Жетісу атауын құрайтын жеті өзенді тізбектеп, «Бір өзенді дұрыс атамадың», «Тарихи деректер бойынша оған ол өзен емес, мына өзен кіреді», – деп қызу талқыға саламыз.
Бүгінде бас қалада өз алдына бөлек облыс болып бекітілген аймақтың атауын жиі еститін болдық. Дегенмен оған дейін де Астанада «Жетісу» сөзінің ел аузында жүруіне түрткі болған бір ғажап орын бар екенін айта кеткен жөн. Ол Есіл ауданындағы Арай мен Сарайшық көшелерінің қиылысында орналасқан «Жетісу» саябағы. Осыдан бес жыл бұрын сол кездегі Алматы облысының әкімдігі аталған саябақты қайта жөндеуден өткізіп, бұрынғы «Арай» атауын «Жетісу» деп өзгертіп, елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өңірлерден Астанаға» жобасы аясында бас қалаға тарту еткен болатын.
Қолда бар деректерге сенсек, бүгінде елордада жалпы саны тоғыз саябақ, төрт бульвар және тоқсанға жуық гүл бағы жұмыс істеп тұр. Жетісу саябағы қаланың қақ ортасындағы «Бәйтерек» монументінен ары екі аттаса жететін орталықта орналасқандықтан сол тоғыз саябақтың ішінде «Жетісуды» ең көп адам аралайтыны айтпаса да түсінікті. Расында, Астананың ең көрікті аумағында орналасқан бұл саябаққа қашан барсаңыз да адам арылмайды. Бергі жағында орналасқан көпірдің үстінен жүріп өткенде де саябақта серуендеп жүрген адам қарасы көп екенін байқайсың.
«Жетісудан» қысы-жазы адам аяғы арылмауы бекер емес. Өйткені ол саябақ үлкен саяхатқа жол бастайтын тур іспетті. Онда Жетісу облысының әсем жерлеріне саяхаттап, құнды жәдігерлерімен танысуға болады. Кіреберісінде Жетісуды бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар үлкен аллея орналасқан. Саябақ бір көргеннен-ақ келушілерді баурап алады. Әдетте көпшілік «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісін маңайлап суретке түсіп жүреді. Сонымен қатар, онда орнатылған тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, балаларға арналған «Тенгри» алаңы кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Одан бөлек, былтыр балалар жылы аясында жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкеріне ескерткіш орнатылған соң «Жетісуға» келушілер саны тіптен арта түсті. Балалық бейнеміздің белгісі болған бұл жаңа ескерткіш кіші түгілі үлкендер жиі баратын бас қаладағы айшықты орындардың бірі екені сөзсіз. Ол ескерткіштен ары жүрсең велошосседе жарысып, қала берді доп қуалап жүрген балаларды көзің шалады. Сондай-ақ, жолай табиғат аясында дастарқан жайып, тәттілер үлестіріп жатқан отбасыларды көріп, көңілің жайланады. Онымен қоса табиғат аясында йога жаттығуын жасаумен қатар таза ауада психологиялық терапия тренингін, түрлі нетворкинг өткізетіндерге де қызыға қарайсың. Ал кешқұрым жастардың ашық аспан астында, ерекше атмосферада көпшікке жантайып алып кино көріп жатқандарына қарап таң-тамаша боласың.
Қазақ даласындағы барша жұрт Жетісуға қалай құмартса, Астанадағы «Жетісу» саябағына да солай тамсанады.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Астана





