Облыстық денсаулық сақтау саласында тағы бір маңызды жаңалық жүзеге асты.
Осы уақытқа дейін тек облыс орталығындағы мамандандырылған медициналық мекемелерде ғана жасалып келген ортан жіліктің проксимальды бөлігінің сынығына арналған жоғары технологиялық операция енді Алакөл аудандық ауруханасында да сәтті жасалды.
Бұл – шалғай аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, заманауи емдеу тәсілдерін жергілікті жерде көрсетуге мүмкіндік берген маңызды қадам. Жоғары технологиялық отаны аудандық ауруханада енгізуге медицина ғылымдарының докторы Анарбек Монголдың бастамасы негіз болды. Білікті дәрігердің жетекшілігімен бүгін тағы бір науқасқа Гамма стержені арқылы жабық интрамедулярлық блоктаушы остеосинтез операциясы сәтті жасалды. Мұндай әдіс әлемдік травматологияда кеңінен қолданылатын, сүйек сынығын аз жарақатпен қалпына келтіруге мүмкіндік беретін заманауи технологиялардың бірі саналады. Ортан жіліктің проксимальды бөлігінің сынуы көбіне егде жастағы адамдар арасында кездеседі. Бұрын мұндай диагноз қойылған науқастарға арнайы операция жасату үшін облыс орталығына жеткізу қажет болатын. Бұл уақыт жоғалтуға, тасымалдау кезінде қосымша қауіптердің туындауына және науқасқа әрі оның жақындарына едәуір қиындық әкелетін. Енді аудан тұрғындары қажетті жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірінде ала алады. Заманауи әдістің басты ерекшелігі – науқастың тез қалпына келуіне мүмкіндік беруінде. Операциядан кейін науқас келесі күні-ақ аяғынан тұрып, қозғала бастайды. Бұл ерте оңалтуды тиімді жүргізуге жол ашып, ұзақ уақыт төсекке таңылып жатудан болатын асқынулардың алдын алады. Атап айтқанда, гипостатикалық пневмонияның, тромбоэмболияның, май эмболиясының және басқа да операциядан кейінгі күрделі асқынулардың даму қаупі едәуір төмендейді. Алакөл аудандық ауруханасында осындай жоғары технологиялық операциялардың енгізілуі – өңірдегі медициналық қызмет сапасының жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі. Бұл жаңашылдық аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартып қана қоймай, күрделі жарақат алған науқастарға уақытылы әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – тұрғындар енді күрделі ем алу үшін алысқа сабылмай, өз ауданында жоғары деңгейдегі медициналық қызметке қол жеткізіп отыр.
Бұл – халық денсаулығын нығайтуға бағытталған нақты нәтижелердің бірі әрі ауылдық медицинадағы жоғары технологиялардың қолжетімді бола бастағанының жарқын дәлелі.
Гүлжан ТҰРСЫН





