Осыдан біраз уақыт бұрын өнер көгінде тағы бір жарық жұлдыз жарқырай жанып, тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүниеге әйгіледі. Әлемдік ән сахнасына қадам басқан қаршадай Қарақат қадам басты. Жанкүйер қауымның бұл қуанышты тағатсыздана күткені анық.
Естеріңізде болса, Талғар топырағында туған талантты өнерпаз Қарақат Башанова «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуіне республика бойынша өтініш берген 684 баланың арасынан оқ бойы озып, қазылар алқасы мен көрерменнің дауыс беруі арқылы жеңіске жеткен еді. Нәтижесінде күні кеше Польшада өткен гранд-финалда еліміздің атынан өнер көрсеткен 12 жасар Қарақат Башанова танымал композитор Хамит Шаңғалиевтің «Forever» әнін жүрекке жеткізе орындауы арқылы әлемдік додада 2-орынды иеленіп, мерейімізді тасытты. Қазақ халқының кішкентай ғана күміскөмей бұлбұлына әлем боп қол соқты! Жұдырықтай жүрегінің түкпіріне түйген әкеге деген шексіз сағынышты селдеткен сиқырлы әннің құдіретімен үйлескен композициялық қойылым тыңдарманның алпыс екі тамырын идірді.
Онлайн форматта өткен әлемдік додаға 12 елдің, атап айтсақ, Франция, Беларусь, Грузия, Нидерланд, Украина, Мальта, Польша, Ресей, Сербия, Испания, Германия, Қазақстанның жас таланттары қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Еліміздің намысын қорғаған Қарақаттың айтулы байқауда бес жыл бұрын өмірден өткен әкесіне арнаған әнді тебірене шырқауы миллиондаған тыңдарманның жүрегін толқытып, жанарына жас келтірді. Өнер айдынына қанат қаққан балауса әншілердің өнерін сарапқа салған көрермендер мен қазылар алқасы Қарақаттың табиғи талантымен қатар періштенің образын сомдаған сахналық қойылымына да тәнті болғандықтарын жариялады.
Биылғы байқауда ең мықты деген 12 қатысушының ішінен дара шыққан жерлесіміз Қарақаттың мұндай кең көлемдегі додаға бірінші рет қатысуы екен. Соған қарамастан еуропалық стильде жазылған әнді жүрекке жеткізе орындаудағы шеберлігі жас әншінің жұлдызын жарқырата түскені хақ. Байқау шартына орай 60 пайыз қазақ тілінде, 40 пайыз ағылшын тілінде орындалуы тиіс ән жоғары бағаланды. Жарыс Польшада өткенімен пандемияға байланысты Қазақстандағы студияда орындалды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев талантты жас Қарақат Башанованы «Балалар Евровидениесі–2020» байқауында керемет өнер көрсетіп, беделді халықаралық сайыста Қазақ-станның абыройын асырып, жүлделі екінші орынды иеленуімен құттықтады.
Ән айдынына қанат қаққан Қарақат Башанова бұл күнде Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде білім алуда. Қазақ халқы балауса әншінің болашағынан үлкен үміт күтеді!
Ұлбосын ИСАБЕК





