Тамыры қазақ елі деп артықша бүлкілдейтін азаматтардың, ұлт ожданын ойлайтын, тағылымды тарихының әрбір өткелең кезеңі мен мерейлі межелерін байыптап, саралап жүретін жандардың сенімін күшейткен, үмітін үкілеген шешім ретінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін айшықтаймыз. Жас мемлекеттің әлем алдындағы мәртебесі биіктеп, экономикалық-әлеуметтік бәсекелестігі күшейгенімен өткен кезең ішінде жіберген олқылықтың салдарынан бір дүрбелеңді бастан кешіріп те үлгердік.
Бейбіт халықтың ортасына сыналай кіріп, өзінің жымысқы әрекеттерін оңтайлы пайдаланған бүлікшілердің салдарынан көп зиян тарттық. Дегенмен, Мемлекет басшысының батыл шешімдері арқасында ел іргесі тынышталды. Үкіметті жедел жаңадан жасақтап, қадау-қадау тапсырмалар берілді. Парламент отырысында елдің еңсесін көтеріп, мемлекеттің дамуына негізгі тетік болар көптеген мәселені айшықтап берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алдымен елдің бірлігі, татулығы басты құндылық екенін атап өтіп, уақыт өткен сайын күрделене түсіп келе жатқан экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелердің түйінін тарқатты. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру сынды стратегиялық міндетке ерекше тоқталды. Қарулы Күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру керектігін атап өтті.
Шындығында кез-келген мәдениеті өркендеген, экономикасы әртараптандырылған әрі дамыған мемлекеттердің қалыпты өмірінің қорғаны болған әскери құрылымдарының, қауіпсіздік органдарының мықтылығы маңызды екені анық. Бұл ретте жыл басында болған оқиғадан бірқатар сала бойынша орын алған кемшіліктерді байқап қалдық. Соның салдарынан мемлекетке айтарлықтай шығын келтірілгені де жасырып-жабатын жағдай емес. Бұл ретте Президент: «Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдардың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықтауға шұғыл кірісуі қажет», – деп айрықша атап өтті.
Елдің тыныштығы мен татулығының, бейбіт те берекелі өмір сүруінің негізі әрі қорғаны болар бұл салалардың нығаюы үшін тоғыз басымдық бойынша тапсырма жүктеген Мемлекет басшысының бұл шұғыл шешімдері көңілге серпін береді. Өйткені, тамырында жауынгерлік, батырлық қасиет тулаған қазақ елінің сарбаздары қашанда бейбіт өмірді кірпік қақпай күзетіп, әлемдік әскери өнердің әдіс-тәсілдерін толық меңгерген, білікті де батыл қорғанымыз болуы басты міндет. Сонда ғана аласапыранға айналған кешегі күнгідей зор соққыны қазақ елі бастан өткермейді деп білеміз.
Өз кезегінде әскери құрылымдарды нығайтып, материалдық-техникалық жүйеге келтіру керектігі де әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар, Ұлттық ұланның санын ұлғайтып, әскери дайындығын күшейту туралы шешімдерін атаған Мемлекет басшысы Отан алдындағы борышын орындайтын жастарды әскери өмірге ынталандыру керектігі туралы сөз қозғады. Айта кету керек, жалын атқан жастық шағымызда өзге елде Отан алдындағы борышымызды өтеген біздер үшін сарбаз қатарына алынып, сапқа тұру үлкен мәртебе, зор абырой болған еді. Әскерге аттанғанда әке-шешеміз үйдің қабырғасына қуаныш ұялап, іргесіне ырыс бекитіндей үлкен тебіреніспен бізді шығарып салатын болса, күллі ауыл-аймақ азаматымыз деп асқақтата бағалайтын. Бүгінде жастарымыз әскерге барудан сырғақтай қашып, мәнісін сұрасаң сынықси күлетін күйге жетті. «Отан алдындағы борышыңды өтеу – азаматтық парызың» деп өткеннен тағылым таратсаң да «мамандығыма қатысы жоқ әскери билет үшін жыл жоғалтқым келмейді» деген уәж айтады. Мұның алдын алу үшін әрі сарбаздарымыздың санын арттырып, жастарға әскери өмірді насихаттау үшін ең алдымен жүйелі реформалар ішіне бір дүниені кіргізу керек деп ойлаймыз. Ол – әскери билеттің маңызын арттырып, азаматтың ең басты құжаттарының бірі ретінде қарастыру. Сонда ғана сырғақтай қашар жастардың саны азайып, ынталылардың сапы көбейер деп білеміз.
Тұран даланың тұнық ауасын жарып, тұмса табиғатын талмап, тектілік сарынымен ғұмыр кешіп келе жатқан батыр да ержүрек халықтың әскери құрылымдары алапат өзен тасқынындай арынды болуы керек-ті. Түркі жұртының түндігінен қалықтаған рухтың күші әрбір сарбазымыздың бойындағы бұла ағыста бұлқынып жатқаны да анық. Соны біз егемен елдің ертеңі, бейбіт елдің берекесі үшін пайдаланып, нығайтуымыз керек екенін Президент сөзінен толық түсініп-тұшындық. Ертеңгі күнге деген сенім де нығая түсті.
Әли АЛПЫСБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Алматы облысының
Құрметті азаматы





