Әйгілі Кембриджде математика саласындағы аса көрнекті жетістіктері үшін «Ғасыр адамы» атанған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Құлжабай Қасымовтың артында қалған еңбектерін елеп, қолына шырақ алып жоғын түгендеп, барын ұқсатып жүрген Бердібек Нүсіпұлы ағамызбен жүздесіп қалдық. Кездейсоқ кездесуде келелі әңгімеге өрбіді. Бізге мұқым математикті мінбеге көтеріп, қоғам үшін қажырлы жұмыс істеп жүрген әрбір азамат ыстық. Әйтпесе, «өлдің Мамай қор болдың» деп, бүгін кетіп, ертең естен шыққан ерлер қаншама бұ қазақта?! Іздеушісі жоқтығынан талай таланттың ныспысы құмға жазған жазудай өшіп кетті емес пе? Ботадай боздап, ішің қан жылайды. Адам дүниеден өткенде өлмейді, еске алатын жанашыры жоқ кезде өледі екен-ау.
«Құрмет» орденінің иегері. Ұлттық ғылым академиясының академигі, Көксу ауданының Құрметті азаматы. Жоқ, ол ең алдымен мынау, байтақ өлкенің өрелі ұлы. Қарапайым қазақтың азаматы. Әйтпесе докторлық дәреже, профессорлық атақ қазір кімдерге таңсық. Немесе есеп шығару – құдірет пе, ғалым болу – құрмет пе? Ал осы аталған атақ-дәрежемен қоса математика мен физиканың барша мамандығын бір бойына жинақтап, бір мезгілде бәрін бірдей атқара беру – тек арда азаматтың қолынан ғана келмек. «Есектің артын жусаң да мал тап» дегеннен гөрі «халқыңа пайдалы болса, қандай қызмет атқарсаң да артығы жоқ» деген кредо оны осындай азаматтық биікке көтергендей.
Сонымен, Құлжабай Қасымов кім?
Оның кім, қандай адам екенін бізден де, өзгеден де емес, Ғалымқайыр Мұтановтың математик жайында жазылған мемуарлы шығармасы «Өнегелі өмір» атты кітаптан оқи аласыз. Иә, біреудің ішпыстырарлық ғұмырында не шаруам бар десеңіз, оңбай қателескеніңіз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен бекітілген талантты тұлғалар хақында жазылған есті естеліктердің 66-шығарылымы осы Құлжабай Әбдіқалықұлына арналған. «Осындай да бір кітап бар» деу де бір жағынан ыңғайсыз. Алайда 10 миллион қазақтың бес жүзінің қолына тиіп отырған бұл кітап жөнінде амалсыз солай деуге тура келеді әзірге. Дегенмен, оның санаулы санына да, алақандай бетіне де, бір жылда бір-ақ рет шығатын түйетолғағына да қарамай, қазір Қазақстанда шығып жатқан кітаптардың көбінен артық болмаса, ешқайсысынан кемдігі жоқ деп бағалаған жөн.
Бірақ, амал нешік, көңілі түссе біреуге жанбастың майлы басын ұсына қоятын мырза ағайындардың арасынан: «Ау, мына қазақтан шыққан ұлы математиктің бірі ғой», – дегендер жоқтың қасы. Ал «қазақпыз» дегенде даусымыз жер жарады.
Жә, бұл азаматтың білім-білігіне, ар-намысына байланысты мәселе, сондықтан сөзімізді Қасымовқа қайта бұрсақ.
Әлгі қалың кітаптың алғысөзінде: Арға – мінәжат, барға – қанағат, жоққа – салауат айтқан халқымызда қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, арқалы ақын, даңқты дарын, ғұлама ғалымдардың жұлдызды шоғыры көптеп шыққаны айдан анық.
Табиғаты әсем Жетісу өңірі Шаған тауының баурайында дүниеге келіп, балалық шағы ерке Көксу өзенінің жағасында өткен Құлжабай Әбдіқалықұлы ғибратты ғұмыр сүрді. Асықпай жүріп, анық басқан ол өзінің өмір жолында үлкен жетістіктерге жетті. Мәскеу мемлекеттік университетіне тағылымдамадан өтуге барып, аспирантураға қалдырады. Атағы дүниежүзіне жайылған профессор Л. Люстерниктің жетекшілігімен ғылыми дәрежесін ойдағыдай қорғаған соң, өзі түлеп ұшқан қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оралып, жемісті еңбек етті. Тыңнан түрен салып, елімізде есептеу математикасының негізін қалаушылардың бірі болды. Аға оқытушылықтан механика-математика факультетінің деканы қызметіне дейін көтеріліп, жоғары білім беру саласы мен ғылым майданында шыңдалды, – деп өмірдерегінен үзік сыр шертеді автор.
«Қызмет қолдың кірі», – дейді біреулер. Қолың таза болса, ол неге «кір» боп көрінуі керек! «Қызмет бүгін бар, ертең жоқ», – дейді біреулер. Бүгінгі қызмет істеген жеріңде ертеңге жетер ізің қалса, ол неге «жоқ» болуға тиіс. Азамат қандай да бір қызметке өз күш-жігерімен, өз қарым-қабілетімен көтеріліп жатса, ол қызметі, шын мәнінде, көпке қызмет болса, оған неге біз тілеулес болмасқа… Қ. Қасымов бағындырған үлкен асуының бірі – ректорлық қызмет. Қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-ға басшылық еткен жылдары университет өмірінде бұрын-соңды болмаған ірі дүниелер орын алды. Бас корпус салынып, оқытушылар мен отбасылы студенттерге арналған тұрғын үй бой көтерді, кадрлардың біліктілігін арттыру қолға алынып, ол өз нәтижесін берді де.
Құлжабай Әбдіқалықұлы басшылық қызмет пен ғылыми жұмысты шебер ұштастыруының арқасында 200-ден астам еңбек, 4 монография, жоғары математика бойынша 5 оқулық жазып кетті. Бір айта кетерлігі жас мамандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайла- рына ерекше көңіл бөліп, Алматыдағы А. Пушкин көшесі мен Төле би көшесінің қиылысынан және «Айнабұлақ-3» ықшамауданынан жас мамандарға арнап тұрғын үй бергенін ерекше айтып өткеніміз абзал. Тіпті, 5 қабатты № 7 жатақхана да сол кезде жас мамандардың жекебасына берілген екен. Бүгінде, сонда салынған тұрғын үйлерге ие болған оқытушылар барлыға да ректордың жасаған жақсылығын жарыса айтады. Алайда, аталмыш оқу орнының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан майталман математиктің қызметтен кетуіне себеп болған әйгілі «Желтоқсан оқиғасы» еді. Сол тұста орталық алаңда болған студенттерге «интернационалдық тәрбие» бермеді деген әділетсіз сылтаумен республика көлеміндегі 12 институттың ректоры жазықсыз жапа шеккені тарихи шындық. «Желтоқсан оқиғасының» ызғарына ұшырап, әділетсіздікпен қызметтен кеткендердің қатарында ол да бар еді. Бірақ, қоғамда болған сындарлы сәт оның сағын сындыра алған жоқ.
Өзі бір естелігінде: «Қазақстанның әр облысына кем дегенде бір ғылым кандидатын даярлап берем деп өз-өзіме уәде еткенмін» деген екен. Нағыз ер сертінен таймаса керек, ғалым өз сөзінде тұрды. Академик Қасымовтың дәрісін тыңдап, ұлағатын көрген мыңдаған студент еліміздің түкпір-түкпірінде білікті маман ретінде жұмыс істеп келеді. Ал тікелей жетекшілігімен диссертация қорғаған шәкірттері жоғары білім беру саласында еңбектің көрігін қыздыруда.
Жасыратыны жоқ математик өмір сүрген дәуірдің өз қиыншылығы мен соқпағы болды. Дәлірек айтқанда өтпелі кезеңмен ұштасты. Әрбір өтпелі кезең өз патриоттарын өмірге әкелетіні заңды. Мәселен, ашаршылық кезінде Тұрар Рысқұлов, Ғабит Мүсірепов, жаппай ре- прессия тұсында «Ол жау болса – мен де жаумын» деп басын қатерге тіккен тағы да Ғ. Мүсірепов пен Серікқали Жақыпов, соғыс жылдарында – Бауыржан Момыш- ұлы, Хрущев тұсындағы жер дауында – Жұмабек Тәшенов, кешегі желтоқсан дүрбелеңінде – Мұхтар Шаханов пен Жұбан Молдағалиев суырылып алға шығуы нағыз саналы ерліктің үлгісі. Оларды ойласақ, біздің рухымыз аспандайды.
Ал мына нарықтық экономикалық кезеңі бәрінен күрделі әрі қиын кез. Бұл кезеңде жеке адамдардың ерлігінен гөрі жалпыхалықтық патриотизмге, жоғары ұлттық санаға ұмтылу қажет. Оған қалай жетеміз?!
Бұның ең қарапайым жолы – әркім ұлты, ұрпағы үшін мысқалдай болсын өз қолынан келетін іс істеуі керек. Ондай іс бар ма? Бар. Және өте көп. Қазір солардың ең біріншісі де бірегейі – ұлт тіліндегі рухани азықтың қамын ойлау. Осы оймақтай оймен мензелдес бір мысалдың шеті шығып тұрғандай. Әрине, ол бүгінгі біздің кейіпкерімізге тікелей қатысты. Қазақтың қамын жеген алыптардың сорабымен жүріп, ұлттың болашағына алтын көпір бола білуі Қасымовтың қағидасы жүрек тебірентеді.
– Мен Құлжабай ағаны 1963 жылы тамыз айының алғашқы күндерінің бірінде, сол уақыттағы С. Киров атындағы ҚазМУ-дің механика-математика факультетіне емтихан тапсыру кезінде көрдім. Жазбаша емтиханнан 4 алып, ауызша емтихан тапсыруға кіргенде, бір жас қазақ мұғалімі мен әдемі, ұлты орыс не басқа екені белгісіз келіншек отыр екен. Екеуінің де жүзі жылы, мейірімді жандар сияқты, іштей қуанып қалдым. Уақыты келгенде алдарына шақырды, билеттегі сұрақтарға жауап бере бастадым, қазақ жігіті басын изеп мақұлдап отырды. Түсінбегенімді қазақшалап айтып береді. Оным орыс келіншекке ұнамаған секілді бір сұрақтан бір сұрақ қойып бастырмалата бастады. Бұл мені «құлатқалы отыр екен» деген үрейлі ой келіп, мелшиіп отырып қалдым. Қазақ ағайым ашулы дауыспен «Әй, қазақ, қосындының тангенсының формуласын сұрап отыр ғой, неге мәңгіріп отырсың?» дегенде, есімді жиіп, тиісті формуланы жазып бергенімде, алдарында жатқан емтихан парағын жұлып алып 5 деген бағаны қойды да «он же на все вопросы ответил» деп қасындағы кісінің алдына қойды. Оқуға түскеннен кейін білдім бұл ағай Мәскеуден МГУ-дің аспирантурасын жаңа ғана бітіріп келген Құлжабай Қасымов деген азамат екен, қасындағысы ұлты еврей Мариям Григорьевна Лишак. Қуанып далаға шықтым, жұрт құттықтап, емтихан парағын алып көріп жатты – дейді профессор Есмұхамбет Смаилов өзінің мақаласында ілтипатын жеткізе кетіп. Мұндай оқиғалар кейіпкердің кітабында көптеп кездеседі. Көзінде оты бар жастарды үнемі қолдап, сайқал саясаттың ызғарынан талай рет арашалап қалғаны әлі де шәкірттерінің арасында аңыз боп айтылады.
Шын мәнінде етегін енді жиған елге, өсіп келе жатқан жаңа буынға жаны ашитын адамдар аз ғой бізде. Бірақ кейде олардың аздығына емес, бастарының бірікпейтініне ренжисің. Әрқайсысы әр жерде отырып шыр-пыр болады. Мұндай дауысты кім естиді? Жекебастың ұсақ-түйек мәселесі бір басқа, ал кесек, ірі дүниеге келгенде… мысалы, ұлттық мүдде, халықтық мақсатқа келгенде, неге саналы деген санаулы азаматтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармасқа?! Басқаны білмеймін, неге дәл осындай сәтте бірікпеске? «Бөлінгенді бөрі жесе», дәл осы бізді жеген бөрі аз ба? Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының қасіреті осы болды. Әлі күнге жалғасып келеді. Тәуелсіздікке әне-міне жете берген шақта ел мықтыларын, ең мықтыларын Мәскеуге дейін шашыратып жіберген осы бірліксіздік, бір-бірін түсінбестік емес пе? Бұл жайларды бүгінгі зиялылардың көбі біледі. Бірақ тарихтан тағылым алғаны аз. Әттең, саналыға сабақ болар дүние көп қой бізде, көп. Мұны неге айтып отыр дерсіз? Біз баяндап отырған тұлға ғұмырынан түйген ой бұл. Кейде өмірдерегі ғибратқа толы жан иесі жайында толымды пікір айту үшін оның сүрген кезеңінде сөз етуге тура келеді.
Бірде көзінің ар жағынан жымия қараған қалпына қадалған журналист: – Ғылым демекші, қазір жұрттың бәрі ғылымды да, жоғары оқу орнын да тастап, сауда-саттыққа бет бұрып, күнкөрістің қамына көшкен сияқты ғой. Осыған қалай қарайсыз? Бұл уақытша құбылыс па әлде капитализмнің басты сипаты осы ма?, – деп ойлы жанарына үңілсе керек. Сонда әйгілі математик әдепкі қалпынан ажырамай, сабырлықпен жауап қатқан екен.
– Жұрттың бәрі ғылымнан кетті, сауда-саттыққа бет бұрды дегенге өз басым сенбеймін. Бірен-саран кеткендер бар шығар. Менің ойымша, ғылымның шынайы «дәмін» татқан, нағыз ғалым ғылымнан кетпейді. Қазақта «Бәрің тойшы болсаң – тозасың, бірің тойшы, бірің қойшы болсаң, озасың» деген қанатты сөз бар.
Біз мысалы былай: сабағыңды бересің, сонан соң боссың. Таңертеңнен кешке дейін қадалып отырған ешкім жоқ. Сондықтан бізде сабағын беріп, ғылымымен де айналысып, кішігірім бизнеспен де айналысып жүрген жігіттер бар. Олар мысалы, банктің тапжылмай отыратын жұмысына шыдамайды. Содан соң өзі банк немесе бизнестің жүйелерінің мүмкіндігі де шектеулі ғой. Барлық ғалым не барлық математик онда қалай сыйсын. Олардың есептеу орталықтарына әрі кеткенде бес-алты программашы-математик керек шығар. Одан артығын қайтеді, – дейді ағынан жарыла сөйлеп. Журналист жолдас сөзін аяғына дейін тыңдамай, келесі сұраққа ойысады.
– Қазір ғалымға ғылыммен айналысу үшін қандай жағдай қажет деп ойласыз?
– Нарықтық қатынасқа көшіп, жұрттың бәрі қымбатшылықтың қыспағына ұшырап жатқанда, бізге пәлендей жағдай жасап бер деу қисынсыз. Дегенмен, кез келген ел, мемлекетте ғылым, яғни интеллектуалдық ой еңбегі жоғары бағаланған да ғана ізбасар ұрпақ ғылымға ұмтылып, ғылым дамитын болады, – деп сөзін тамамдайды.
Осы ретте ғылымдағы еңбектері туралы бірер сөз болса: оның аты математиканың дифференциалдық теңдеулер саласындағы жоғарғы туынды алдындағы кіші параметрі бар дифференциалдық теңдеулер мен теңдеулер жүйесі үшін қойылған есептерге арналған және осы салада біраз жетістіктерге жеткен. Дүниежүзіне мәшһүр Лазарь Аронович Люстерник пен Марко Иванович Вишиктің оқушысы болып саналады. Олардың еңбектерін жалғастырумен айналысып жүріп, туынды алдындағы параметрдің бастапқы шарттарға да әсерін байқап, «бастапқы секірісті есеп» деп жаңа бір тақырыппен еңбек етті. Қазір де көзі тірі Америкада жүрген ірі математиктің бірі Марко Вишиктің көңілінен шығу екінің біріне бұйырмаған бақ. Бұл тұрғыдан келгенде ғалымның жолы болды деуге негіз бар. Себебі, Марко өзінің жылы лебізін білдіріп, ғалымның ізденісіне оң бағасын береді. Бұл математик үшін үлкен олжа.
Әлемге әйгілі математик-ғалым көзі тірісінде өзінің туған өңірімен байланысын еш уақытта үзген емес. Жерлестерінің, ауылда тұратын бауырлары мен қарындастарының жетістіктеріне қуанатын, қиындықтарына бірге қынжылатын, әрқашан оларға көмекке келуге тырысатын-ды. Есесіне жерлестері оны қадір тұтты, онымен мақтанды. Нәтижесінде 2004 жылы Көксу ауданы әкімдігінің шешімімен оған «Көксу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Өзі кейде туған топырағынан алған осындай ұлы сыйлықты төбеге көтеріп, марқайып отыратын болған. Онысы кіндік кескен жерұйық мекеніне деген жүрек лебізі-тұғын.
Ойшылға тынымсыз ғылыми-педагогикалық қызметінде республикалық математиктер қоғамы, механика-математика ұжымы, өзі басқарған дифференциалдық толық қолдау көрсетті. Осы бір тұста бір қызық жағдайды айта кеткеніміз жөн шығар. Студент қауымның емтихан мен сынақ кездерінде қатал, талапшыл екеніне қарамастан, ерекше сыйлап, мақтаныш тұтатын ұстазға деген құрметінің артуына тағы бір себеп сұлуға келгендегі талғамы еді. ҚазҰУ-дің 30 жылдығына байланысты 1964 жылы бүкілодақтық «Огонек» журналының сыртқы бетіне шыққан, факультеттің ең әдемі бойжеткені Бәтима Часакбаймен шаңырақ көтергенде білімгерлер бас шайқаған. Әрбірден соң осы бір көркіне ақылы сай, асыл текті қыз өздерінің аяулы ұстазына қосылғанына марқайған да. Ер-азамат алған жарымен сыналмай ма? Педагогика ғылымдарының кандидаты Бәтима Жұматайқызы жақсы жар ғана болып қойған жоқ, отбасының ұйытқысы, балаларының тәлімді тәрбиешісі бола білді. Оған дәлел қыздары Динара мен Әсемнің және ұлы Дәуреннің физика-математика ғылымдарының кандитаты болуы. Алма ағашынан алысқа түспейтінін ескерсек, әкеге қарап оқ жонған, шешеге қарап тон пішкен саналы балаларының тектіліктен тамыр тартқанын аңғарасыз бұдан.
Иә, шынында математика саласында теңдеулер мен күрделі есептерді шешудің жаңа тәсілін ойлап тапқан ғалымның көптің аузына ілінуі ең алдымен үлкен еңбекқорлығында. Жылдар бойы жамағаттың жадына берік сіңіп, тастай қатып қалған ұғым-түсініктерге жаңаша қарап, басқаша баға беруге ұмтылуы кемеңгерлік. Арманға деген адалдық. Рух жеңісі. Бәрінен де ғылымға деген сүйіспеншілікті айтсаңызшы?! Және бұл сүйіспеншіліктен өмір бойы айнымауы адамды ойлантпай қоймайды.
Жарық дүниеге жалындап келген әр адамның көкірегінде: алысқа самғасам, биікке шарықтасам, тереңге сүңгісем, бәйгеден озсам, күресте жықсам, талайға таңдай қақтырсам, қауымға қол соқтырсам деген қаншама арман мен үміт буырқанып-булығып жатады. Соған толықтай жетем деп жүріп, жете алмай қалған қапылысты сәттердің бәрін де бір өкініш бар. Ол өкініш бүгінгі кейіпкеріміздің кеудесінде қалғаны анық. Әлі де жас ұрпақты ғылым жолында үлкен мінбеге көтеруді мақсат тұтқан шағында дүниеден озды.
Ғылымдағы жаңалық «біреулер үшін немесе жалпының тұтас талғамынан шығу үшін жасалмайды. Ой ізденісінің құндылығы сонда – оның тереңнен таған тартуында. Тұңғиық түбіне тұншықпай бойлап, құм-қайранның ішінен тек асылды ғана теріп алуға құлшыныспен қатар, кең тыныс, білек күшімен бірге жүрек күші керек. Шынайы ғылым туындысы да осылай туады, осылай қабылданады.
Біз сөз соңында тарихымызға бойлап, тегімізді іздеп, асылдарымызды аршып, ұлттық санаға самала жарық түсіре бастағаны үшін тәуелсіздікке және сол тәуелсіз елдің текті азаматтарына алғыс айтқымыз келеді. Әлі де қазақ даласынан Құлжабай Қасымов сынды тегеурінді технократтардың шығатынына сенімдіміз.
Бұның ең қарапайым жолы – әркім ұлты, ұрпағы үшін мысқалдай болсын өз қолынан келетін іс істеуі керек. Ондай іс бар ма? Бар. Және өте көп. Қазір солардың ең біріншісі де бірегейі – ұлт тіліндегі рухани азықтың қамын ойлау. Осы оймақтай оймен мензелдес бір мысалдың шеті шығып тұрғандай. Әрине, ол бүгінгі біздің кейіпкерімізге тікелей қатысты. Қазақтың қамын жеген алыптардың сорабымен жүріп, ұлттың болашағына алтын көпір бола білуі Қасымовтың қағидасы жүрек тебірентеді.
Мұхтар КҮМІСБЕК




