Кезінде қазақ зиялылары білім алған «Мамания» мектебі туралы естуіңіз бар ма? Жетісу өңіріне танымал би болған Маман құттың ұлы, ағартушылыққа зор көңіл бөлген Тұрысбек қажы мен одан тараған текті ұрпақ туралы не білеміз? Осындай сауал қоя отырып қарапайым халық жадынан шығып бара жатқан, ал көзі қарақты оқырман үшін таныс, Алаш арыстарымен бірге «Қараңғы қазақ көгіне, күн болып шығуды» мұрат етіп, осы жолда алғашқы болып білім шаңырағын көтерген тектілер туралы ара-арасында толғанып тұрған жөн деп санаймыз. Ендеше, ХІХ ғасырдан бастау алып, ғасырларға ұласқан меценаттар династиясының даңғыл жолы туралы деректі көпшілік назарына ұсынамыз.
Елінің ертеңіне алаңдап, қазақ балаларына білім беруде бар күш-жігерін аямаған ағартушы, ақын, журналист, Алаш қайраткерлері – Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіров, белгілі ақын-жазушылар Ғали Орманов, Кәкімжан Қазыбаев, Құдаш Мұқашев, академик Жұрымбек Сыдықов – осы «Мамания» мектебінің түлектері. Аталған білім ошағы Жетісу өңіріндегі алғашқы меценаттық қозғалыстың айқын көрінісі. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда атымтай жомарттарға Тұрысбек Маман- ұлының бастамасы жиі мысалға алынып тұрады. Маман құттың ұлы Тұрысбек өз дәуірінің алды-артын дәл болжай білген сұңғыла тұлға болған. Ол алыс-жақын шетелдерге шыққан сапарларында әлемде болып жатқан игі жаңалықтарға құлақ түріп, оқу-білімсіз елдің болашағы бұлыңғыр екеніне көз жеткізеді.
Қазақ тарихында Тұрысбек Маман-ұлының өмірі мен еңбек жолы жайында мынадай деректер бар. Тұрысбек Маман- ұлы 1873-1891жылдары Жетісу өңірінің Қапал уезін басқарған болыс; 1880 жылы Жетісу өңіріндегі «Қарағаш» қалашығын салғызған ірі кәсіпкер; 1899 жылы Қарағаш жерінде «Мамания» мектебінің негізін қалаған ағартушы; Қазақ балаларын алыс-жақын шетелдерде оқытып, шәкіртақымен қамтамасыз еткен және үздік қазақ романына бәйге жариялаған меценат; Қытай – Ресей – Орта Азия елдерінде сауда-саттықпен айналысқан бірінші гильдиялы саудагер; 1868 жылы және 1903 жылы Мекке мен Мәдинаға екі рет барған қажы.
Осылайша тізбектей берсе ағартушы-меценат Тұрысбек Маманұлының тұлғалық болмысы өзінен-өзі даралана түседі. Небәрі 60 жыл өмір сүргенТұрысбек текті сан істің басынан табылған саңлақ жан еді. Өмірбаяндық хамсасына көз жүгіртсек, кейіпкеріміз Тұрысбек қажы Баянжүрек алқабындағы Ақтасты қыстауында 1844 жылы дүниеге келген. Атақты Қыдыралы руынан тарайды. Әкесі Маман Қалқабайұлы мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған ауқатты би болған. Жаңашылдық пен жарқын болашақты болжай білген көреген Маман би балаларын кішкентайынан еңбекке баулып, оқу-білімге бағыттайды.
Маман би Тұрысбекті алғашында мұсылмандық дәстүрге негізделген діни мектепте оқытады. Кейін Қапал уезіндегі «Якобия» мектебінде білім алып, сол жерде орыс, татар, өзбек тілдерін жетік меңгеріп шығады. Ол Маман бидің тұңғышы болғандықтан жас кезінен әкесіне көмектесе жүріп, еңбекке ерте араласады. Еңбек жолы Қапал уезінен басталған. Оның сауаттылығы мен бірнеше тілді еркін білуі сол жердегі орыс офицерлерімен және ірі бай саудагерлермен еркін сөйлесіп, тығыз араласуына үлкен септігін тигізген. Тұрысбек әкесінің патриархалдық көзқарасына қарамастан кәсіпкерліктің құпиясын игеріп, сауда-саттықпен айналысу үшін бірден тәуекелге барады.
Тұрысбек сауда-саттық кәсібін Жетісу өңірінде капиталистік қатынастардың дамуы кезінде бастайды. Оның саудаға түсетін негізгі тауары – малы болған. Орталық Қазақстанда жыл сайын өтетін ең ірі маусымдық «Қоянды жәрмеңкесіне» және Орта Азияда Наманган, Андижан, Самарқан, Ташкент, Бұхара қалаларының үлкен сауда орталықтарына 60 мыңға дейін отарлап қой айдатып, өзбек саудагерлеріне өткізген. Сол кездегі тұтыну заттары мен тұрмыстық бұйымдарды малға айырбастау жұмысын жүргізген. Сауда арқылы орыс, татар, өзбек байларымен іскерлік байланыс орнатқан. Ақсу, Қапал, Сарқан, Жаркент, Лепсі, Семей, Өскемен өңірлерінде өзінің сауда орталықтарын ашып, айналымдағы қаржысын жыл сайын қомақты көлемге ұлғайтып отырған.
Ол жылқыларын Омбы, Новосібір, Иркутск қалаларының саудагерлеріне жіберіп, көп жыл бойы Қытай, Ресей саудагерлерімен де іскерлік байланыс орнатқан. Тұрысбектің тұрған жері Жібек жолының бойында болғандықтан Қытай, Құлжа, Үрімжіге баратын керуендер осы жолмен өтетін. Саудагерлердің ыңғайын табу үшін жол торабына керуен сарайын салдырады. Ұлы Жібек жолының бір бөлігі Тұрысбек басқарған Жетісу өлкесі арқылы өткендіктен Қазақстан тарихында алғаш болып кедендік баждың базалық мөлшерлемесін енгізді. Бұл әрекетінен Тұрысбектің заңды білетін сауаттылығын, кәсіпкерлікті шебер меңгергендігін және өз дәуірінің жаңашыл ірі буржуазия өкілдерінің бірі болғандығын көреміз.
Маңызды әлеуметтік қызметтегі белсенділігі үшін 1876 жылы 10 қыркүйекте Ресей императоры Николай II Тұрысбекті ІІІ дәрежелі Георгий орденімен және осы жылы желтоқсан айында Білім жолындағы «Еңбегі үшін» алтын медалімен марапаттаған.
Тұрысбек қажы 1880 жылы Сүттіген өзенінің бойындағы үлкен алқапты жерді сатып алады. Ол жерге туған-туыстарымен, балаларымен қосылып, қызыл қарағайдан көк шатырлы биік ағаш үйлер, мұнаралы мешіт, үлкен мектеп, тігін фабрикасын және диірмен салғызады. Наманганнан бағбан алдырып, бау-бақша өсіріп, айналаны түгелдей көгалдандырады. Осындай игі істерінен кейін бұл алқап кеңейіп, көркейіп, мәдени-саяси және экономикалық дамыған «Қарағаш» қалашығына айналады. Бұл – оның дін мен өркениетті қатар ұстанған, отырықшы бағыттағы жаңаша тұлға екендігінің дәлелі. Ол жерді ел арасында «Бай қажы ауылы», «Көк үйлер» деп атаған.
Тұрысбек қажы қазақ тарихында меценаттықтың негізін қалаушылардың бірегейі деп танылды. Себебі, қазақ даласында ауқатты, ірі байлар көп болғанымен халық игілігіне, елінің дамуына айтарлықтай үлес қосқандары санаулы болды. Тұрысбек қажы – орыс империясының қазақ жерінде жүргізген озбыр саясатына қарамастан 1899 жылы Жетісу өңірінде қарапайым қазақ балаларының сауатын ашу мақсатында тұңғыш болып «Мамания» мектебін ашқан ағартушы-меценат.
Алғашында 3 жылдық болып ашылған «Мамания» мектебі 1904 жылы 6 жылдық, кейін 8 жылдыққа өскен. Оқушылардың саны 60 баладан бастап, жыл сайын көбейіп, 1918 жылы 200 шәкірт пансионда тұрып білім алған.
Тұрысбек қажы мектептің білім сапасына үлкен жауапкершілікпен қараған, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінен алғызған және жыл сайын жаңа пәндер қосып, Түркия, Орынбор, Қазан, Уфа қалаларында білім алған мұғалімдерді шақыртып отырған. Атап айтсақ, мұғалімдердің қатарында қазақ зиялыларының көрнекті өкілінің бірі Мұстақым Малдыбаев, Мұхаметқали және Фатима Есенгелдиндер, Файзрахман Жиһангеров болды.
Мұғалімдерге еңбекақы төлеу, олардың тұратын жерлерін ыңғайлап жағдай жасау және оқушыларды оқу-құралдарымен қамтамасыз етуді өз қаражатының есебінен жүргізген.
Мектепті үздік бітірген М. Ермектасов, Ә. Кәрімов, М. Еркінбеков сияқты түлектерді Қазан, Омбы, Орынбор қалаларындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға жіберіп, оларға шәкіртақы төлеп отырған. 1900 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың ерекше қабілетін жоғары бағалап, император I Александр атындағы Петербор теміржол транспорты институтына оқуға түсуіне қолдау көрсетіп, институтты бітіргенше шәкіртақымен қамтамасыз еткен.
Тұрысбек қажы өзінің балаларымен бірге қазақ әдебиетінің дамуына да орасан зор үлес қосқан. Жазушылар арасында әдеби еңбектерге бәйге жариялап, ең үздік деп танылған романға 80 жылқы берген. Сонымен қатар, қаржылық қиындыққа ұшыраған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне де қаржылай көмек көрсетіп, басылымдардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін жүйелі түрде материалдық қолдау көрсеткен. Аталған басылымдар Тұрысбек қажының меценаттық игі істерін халыққа насихаттап, газет беттерінде жиі жариялап тұрған.
Тұрысбек қажының Таяу Шығыстағы араб елдерін аралағаны да тарихи деректерден белгілі, екі рет Мекке-Мәдинаға қажылыққа барған. Тұрысбек қажының жан дүниесі таза, рухани бай, имандылықты басшылыққа алған, еңбек жолын бастағаннан өмір бойы тұрақты түрде мұқтаж жандарға қайырымдылық және ел игілігіне қажетті істерге демеушілік жасап отырған.
Халық оның бойында қалыптасқан парасаттылығы мен зиялылығын және қамқорлық пен қайырымдылық жасайтын қасиеттерін жоғары бағалаған.
Қазақстан тарихында Маманұлы Тұрысбектің есімі меценаттықтың негізін қалаушылардың бірегейі ретінде, яғни білімді дамытуға, ұлт руханиятын көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және Алаш зиялыларын қолдауға зор үлес қосқан тарихи тұлға болып сақталды.
Осы орайда тектінің тұяғы, Тұрысбектің ұлы Құдайберген туралы да кеңінен тоқтала кеткен жөн деп санаймыз. 1871–1949 жыл аралығында өмір сүрген Тұрысбек қажының тұңғыш ұлы Құдайберген Самарқан қаласындағы медреседе оқыған көзі ашық, көкірегі ояу тұлға. Ол медреседен кейін білімін 1891-1895 жылдары Орынбордағы 4 жылдық мұғалімдер семинариясында жалғастырады. Құдайберген өте білімді, мәдиниетті, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді жетік меңгерген прогресшіл тұлға болып қалыптасады.
Жылнамаларға зер салсақ, 1891-1895 жылдары Орынборда ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, Алаш-орда өкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновпен бірге оқыған. 1911-1918 жылдар аралығында Құдайберген Арасан ауылының болысы қызметін атқарған, өзінің іскерлік қабілетінің нәтижесінде ел арасында үлкен беделге ие болады.
Құдайберген болыс Ахмет Байтұрсыновпен рухани байланыс орната отырып, «Мамания» мектебінің дамуына көп еңбек етеді. 6 жылдық оқу бағдарламасын 8 жылдық оқуға ауыстырады. 1911 жылы Каирдегі әл-Каһира университетінің заң факультетін тамамдаған қазақ оқымыстысы Ғабдулғазиз Мұсағалиев Құдайберген болыстың қолдауымен «Мамания» мектебіне ұстаздық етуге және директор қызметіне келеді.
Меценаттықтың негізін қалаған қазақтың Нобелі – Тұрысбек қажының бастамасымен романға бәйге жарияланғаны тарихи деректерден белгілі. Құдайберген де әкесі Тұрысбектің меценаттық жолын жалғастырып, ұлт руханиятына қаржылай қолдау көрсетіп отырған. Болыстың осындай еңбектерін А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаев, М. Сералиндер қолдаған және басқа да игі істерін қазақ басылымдары көпшілікке насихаттап, алғыс білдіріп отырған. Нәтижесінде қазақ әдебиетіндегі Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» (1910 ж.), Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» (1913 ж.), Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» (1914 ж.) романдары жарыққа шықты.
Ел құрметіне бөленіп, іскер тұлға ретінде танылған Құдайберген Тұрысбекұлы 1913 жылы 21 ақпанда патша әкімшілігінен арнайы шақырту алып, Жетісу өңірінен Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына орай өткізілген империялық тойға құрметті қонақ ретінде қатысқан. Бұл жайындағы деректер көптеген бұқаралық басылымда, «Айқап» журналында жарияланып, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романында жазылған.
Халық даналығында «Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» деп тегін айтылмаса керек. Артына өшпестей із қалдырған, білім-ғылымға жол ашқан Тұрысбек қажы халқының ризашылығына бөленіп, «Ұрпағыңмен мың жаса», «Көгеріп, көкте», «Алланың шапағатында бол» деген батасын алған.
Иә, тарихтағы тұлғалар ізі мен еткен еңбегін айшықтай берсең тарам-тарам әңгіме қозғарымыз анық. Десе де биыл, яғни 2024 жылы «Мамания» мектебінің ашылғанына 125, оның негізін қалаған Тұрысбек қажының туғанына 180 жыл толғанын ерекше атап өткен жөн. Біз де осы кең толғанысымызды текті қазақтың білім бұлағының көзін ашқан тұлға мен сан саңлақты түлеткен алғашқы білім ордасының мерейлі жылына орай «Jetіsý» гезеті арқылы ел есіне тағы бір салып отырмыз. Тарихи тұлғаның есімі және оның игі істері ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып, қазақ тарихында мәңгі сақталатыны анық. Ендеше, тарихымыз осындай кемел жандарды әр ғасыр сайын молынан шығарса екен деген тілегіміз де бар.
Еңлік ТҰРЫСБЕКОВА,
(Тұрысбек қажы немересі)
Астана қаласы