Қазақ «баталы ер арымас» дейді. Себебі бата – жай ғана тілек емес, атадан балаға мирас болған ұлы өсиет, тағылым мен тәрбиенің тамыры. Міне, осы қасиетті дәстүрді бүгінгі буын санасына қайта сіңіру мақсатында Талдықорған төрінде тағылымы терең байқау өтті.
«Ақ бата – ақ тілек» деп аталған шараны Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ және облыстық ардагерлер кеңесі «Адал азамат» жобасы аясында ұйымдастырды. Байқау өтетін орын да ерекше таңдалыпты.
Ұлттық нақышы мен көркемдігі жарасқан «Litador» мейрамханасында өткен байқау шымылдығы батагөйлердің сан түрлі додасына қатысып, Астананың төрінде Жетісу жерінің ақсақалдарының абыройын асқақтатқан Серікбек ақсақалдың сайысқа қатысушыларға берген ақ батасымен түрілді. Атамыздың ақ батасынан кейін «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Еркебұлан Ақболатов сөз сөйлеп, жылы лебізін жеткізді.
– Бата – халқымыздың жүрегінен шыққан, ұрпаққа жол сілтейтін киелі сөз. Біз осындай байқаулар арқылы тек сөз өнерін ғана емес, ұлттық болмысымызды да жаңғыртамыз. Бұл – болашаққа берілген өнеге, – деді Еркебұлан Ешмұхамбетұлы.
Ұлт тәрбиесін ұлықтаған байқауға облыстың аудан, қаласынан келген 10 ақсақал немересімен қатысты. Олар жүректен шыққан шынайы баталарымен, рухани тұшымды тілектерімен көрерменді тәнті етті.
Үш кезең бойынша («Баталы сөз – бақ берер», «Батаменен ел көгерер», «Ата сөзі – ұрпаққа өнеге») сынға түскен қатысушылар тек бата беріп қана қоймай, ұлттық киім киіп, өзіндік мәнерімен, шешендігімен ерекшеленді. Байқаудың мазмұнын арттыра түскен тағы бір ерекшелік – ата мен немере болып қатар шығып, ұрпақтар сабақтастығын паш етті.
Қазылар алқасы қатысушылардың шынайы сөзіне, мазмұнына, шешендігі мен көркем тіліне ерекше мән берді. Аудан мен қаладан келген қатысушылар арасында ел мен ерлік туралы толғаған бата-тілектер көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Шара соңында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар марапатталды. Жүлделі бірінші орынды Панфилов ауданынан қатысқан ақсақал Бердіқожа Жанаманов пен немересі Жайық Бердіқожа иеленсе ( 200 мың теңге), Сарқан ауданынан келген Жомарт Игіман мен немересі Жарқын Жомарт жүлделі екінші орынды еншіледі (150 мың теңге), үшінші орын алакөлдік Жайлаубай Нұрмұхамедов пен немересі Әлижан Мұратұлына бұйырды (100 мың теңге). Қалған қатысушыларға да арнайы жүлде (50 мың теңге) табысталды.
Сарби ӘЙТЕНОВА