Көз алдымызда өсіп келе жатқан жеткіншектердің қара күшіне, шапшаңдығына қарап «осыларды спортқа баулитын жаттықтырушы болса, шіркін…» деп армандаған ауыл халқының тілегі қабыл болды.
Туған жерге ту тігуді азаматтық парызы санаған Ынталы ауылының тумасы Дархан Әбдиев жастар үшін ауылға оралды. Қара күш иелерін спортқа баулуды мақсат еткен жаттықтырушыны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қолдап, жастарға ақысыз бокс үйірмесін ашты. Енді ынталылық жастар бос уақытын құр өткізбей, облыстық, республикалық жарыстарға дайындалып жүр.
Қыркүйек айынан басталған үйірмеге мектеп оқушылары ерекше ықыласпен баруда. Аптасына үш рет болатын жаттығуға асқан қызығушылықпен келіп, түрлі тәсіл меңгеріп, спорт майталмандарын үлгі тұтқан балаларды көрген қариялар ақ баталарын беруден жалықпайды. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері түске дейін бастауыш, түстен кейін жоғары сынып оқушыларын жаттықтыратын Дархан Әбдиев бір-екі жылда шын жүйріктердің суырылып алға шығатынына сенімді. Үш жылдан бері баптап жүрген шәкірті Ілияс та жаттықтырушысымен бірге ауылда тұрып жатыр. Ол бокстан 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыстың чемпионатында І орын иеленген. Бұл жаттықтырушының еңбегінің зор екенін көрсетеді.
Ауыл жастарына көңіл бөліп, болашаққа жол сілтеген азаматтардың ісіне береке тілейміз. Ынталы ауылынан да Бекзат Саттархановтай, Қанат Исламдай, Геннадий Головкиндей ел мақтанышы атанатын майталман спортшылар шығатынына сенімдіміз.
Қаламқас МЕЙРЕМБЕКОВА
Ынталы ауылы,
Панфилов ауданы





