Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қант өндірісін қайта жаңғырту тапсырмасын орындау аясында аталған партия «Жаңа Қазақстан – жаңа ауыл» бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Оның мақсаты – еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріндегі диқандарға суды үнемдеу технологиясын игерту арқылы, бүгінде нарықта тапшы бола бастаған қант өндірісін қайта өркендетуге серпін беру.
Осыған орай, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» шаруа қожалығының қызылша алқабында «Қант қызылшасын өсірудің дәндік технологиясы» тақырыбында дала күні өтті.
Кейінгі жылдары қант қызылшасын өсіруді ұлғайту мақсатында көп ұмтылыс болғанымен жұмыс жүйеленбей келеді. Өйткені қант қызылшасын мол өсіру үшін ең алдымен су тапшылығын шешу керек. Жыл сайын өзен-көлдегі су мөлшерінің азаюы мен құрғақшылық диқандарды титықтатып жіберді. Сондай-ақ, қант қызылшасын өсірушілерге демеуқаржы бөлу, жаңа технологияны қолдану, тұқым, тыңайтқыш тапшылығы тұрғысындағы мәселелер де шаш етектен. Десе де арамызда заманауи технологияны үйлесімді пайдаланып, мол өнім алуға қадам жасаған азаматтар да көбеюде. Соның бірі «Қызылшоқы» шаруа қожалығы.
– Осы шаруашылықты 2016 жылдан басқарып келемін. Өткен жылы лизинг арқылы 12 жаңбырлатқыш, 5 барабанды машина сатып алып, көктемнен бастап, қант қазылшасын өсіруді бастадық. Бүгінде шаруашылыққа тиесілі 11 мың гектар алқаптың 314 гектарына қант қызылшасын, қалғанына жүгері, жаздық бидай, көпжылдық шөп, тағы басқа дақыл септік. Салыстырмалы түрде айтсақ, басқа дақылдарға қарағанда қант қызылшасынан көбірек кіріс кіргізуге болады. Алайда, оны баладай баптап өсіруге тура келеді. Шаруашылықта жұмыс істейтін 85 адамның 24-і осы мақсатта күні-түні тынбай еңбек етіп жүр, – дейді «Қызылшоқы» шаруа қожалығының жетекшісі Алдан Бекеев.
Сары топырағы бұрқыраған қағыр далада қант қызылшасын өсірген қожалықтың жетістігі мақтауға тұрарлық. Олар алқапты жер астынан тартылған сумен жаңбырлатып суару технологиясын әбден меңгеріп алыпты. Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар, Жамбыл, Жетісу облысынан келген партия өкілдері мен шаруалар бұл игілікті көріп, таңдай қағысты.
Қант қызылшасын өсіруде агротехниканың орны ерекше. Бірақ көптеген шаруашылықтың қолда бар техникасы ескірген. Осыған орай, егіс алқабының басына бірнеше компания жаңа тиіптегі ауыл шаруашылығы техникасын тізіп қойып, шаруаларға қолдану тәсілі мен мүмкіндігін, сатып алудың тиімді жолдарын түсіндірді. Алайда мұны сатып алу кез келген фермердің қалтасы көтермейді. Бұл да егіс алқабын кеңейтуге кедергі келтіріп отыр. Сондай-ақ, үнемді суару жүйесімен қатар тұқым, тыңайтқыш пен гербицидтердің бағасын арзандатуға да мән беру керек. Ғылыми-инновациялық жобаларды да қолдауды назардан шығармаған жөн.
ҚР Ауыл шаруашылық министрінің кеңесшісі Төлеухан Нұрқиянов осы бағытта арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленіп, қант қызылшасын өсіретін қожалықтарға берілетін демеуқаржыны бөлудің ұтымды жолы қарастырылып жатқанын жеткізді.
Алайда, бұл биыл іске аспайтын көрінеді. Сондықтан мемлекеттік демеуқаржы мен арзан несие мәселесі бәрібір өзекті болып қала бермек.
Қажет АНДАС,
Кербұлақ ауданы
Жетісу облысы





