Еліміз әлемде жерінің ауқымы жөнінен алдыңғы ондықтан ойып тұрып орын алатыны жиі айтылады. Бірақ соның бәрі халықтың игілігіне жарап жатыр ма? Әлде қолында мүмкіндігі барлар еншілеп алды ма? Осы сұрақтар көптен мазалап жүр еді, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Зәкіржан Кузиевтің Алматы облысындағы 30 алпауыт тұлғаның ірі жер иеленуші екенін айтқан пікірі тіптен ойландырды.
Оның айтуынша, Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандарындағы таулы аймақтардағы 1,5 миллион гектар жерді меншіктеп алғандар ауқымды аумақты темір тормен қоршап, жергілікті жұрттың мал жаюына, шөп шабуына шектеу қойып отыр. Ондай латифундистердің тамыры Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған секілді үлкен қалаларға барып тіреледі.
Сенат мінберінен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекешевке сұрау салған депутаттың сөзіне қарағанда, Нарынқол өңірінде 415 мың гектарды 20 адам, Кеген өңірінде 512 мың гектарды 11 адам, Қарадала өңіріндегі 415 мың гектарда жатқан аңшылық шаруашылықтарын 6 адам өз пайдасына жаратып отыр. Яғни, аңшылық құруға арналған аумақ ретінде тау бөктеріндегі көлемді жерлерді иеленіп алғандар жаз жайлауға шығуға тиіс тұяқты түлікті шектеп, жергілікті халықтың ашу-ызасын тудыруда. Cоңғы 20 жылдың ішінде белең алған тау шатқалдары мен биік-биік белестерді еншілеу әлі толастамай тұр. Оған дейін аудандық Орман шаруашылығы мекемесіне қарайтын жерлер енді жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Осы әрекет әлеуметтік теңсіздікті тудыруы мүмкін екенін алға тартқан Кузиев, ондай жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керегін ұсыныс ретінде ортаға салды.
Иә, ойланатын мәселе. Шынында шалғайдағы тұрғындардың тіршілігі алдындағы малына тікелей байланысты. Жайылымы болмаса, қыстауы, көктеуі, жайлауы, күздеуі жетіспесе малдың күйі қашып, иесінің ашуын тудырары хақ. «Мал ашуы – жан ашуы» деген сол.
Жалпы, қазақта жер дауы мен жесір дауы – ертеден келе жатқан тартысты мәселе. Баяғы байлардың асқан озбырлық қылып, кедей мен кембағалдың жайлауын тартып алған деректі іздестірсек, көптеп кездеседі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қат-қабатта» тарауында жер дауын өршіткен Бөжейге дүре соқтырған Құнанбайды жұрттың айыптауы – осының айғағы. Ал, дәулескер күйші Тәттімбет Қазанғапұлының әйгілі «Саржайлау» күйі қонысынан айырылған өнер иесінің зар-мұңы іспеттес. Шынында шұрайлы жерді тартып алған төре тұқымды Құсбек дуанбасының әрекетін қаламгер Тәкен Әлімқұлов өзінің «Саржайлау» атты әңгімесінде астарлап жеткізеді.
Қашанда бардың айтқаны жүріп, ойлағаны іске асады. Сол секілді, Жетісудің бір пұшпағы – Кеген, Нарынқол, Қарадала өңірлерін еншілеп алғандардың қазір абыройы асқақ, беделі биік. Расында, соншама жердің салмағы адамға қандай жауапкершілік жүктейтінін жаратқан Алла біледі. Бір анығы – тіршілікте таласып, тартысып, өзінен әлсізді жүндей түтіп жіберуден тайынбайтын дүмді атаулы алқымына ажалдың тырнағы қадалғанда мына дүниенің түкке керегі жоғын ұғынады. Бірақ – бәрі кеш, бәрі өкініш!
Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген аллегориялық әңгімесі оқырман атаулыны терең ойға, мінәйі пайымға жетелейді. Себебі, башқұрттардың кең-байтақ жерін оңай иеленгісі келген орыс мұжығы Пахомның атшаптырым аумаққа таңнан қара кешке дейін белгі салам деп зорығып өлгені шығарманы түйіндейді. Осыған қарап адам баласының көзін бір уыс топырақ қана толтыратынын байқауға болады. Бұл жайында Абай Құнанбайұлы «Ескендір» атты поэмасында толғаған.
Қазіргі әлеуметтік желіде кейде ғибратты, өнегелі тақырыптар жиі көтеріліп жатады. Мысалы, өткенде: «Екі көрші ортақ жер үшін араздасып, өзара: «Менікі! Менікі» деп таласыпты деген әңгіме оқыдық. Әңгіменің түйіні: «Сонда жерден: «Екеуің де менікісіңдер!» деген дауыс шығыпты» деп аяқталады.
Шынында өмір бойы жанығып, мал-мүлік үшін жанталасқан адамның тәні, жаны шыққан соң қара топыраққа қойылады. Одан асқан ақиқат, бұлтартпас шындық жоқ. Күндердің-күні келгенде әрбір жан өлімнің дәмін татады.
Қарағайлы қырат пен асқар таулы аймақтардағы жерлердің иесі кім екенін іздестірген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Зәкіржан Кузиевке 500 гектар жер тиесілі екені әлеуметтік желіде айтылды. Осыған қарап, кімнің қарға, кімнің көз шұқитынын ажырата алмай қаласың.
Мәди АЛЖАНБАЙ





